Қиындықта қалған жанға жанашыр қол
Қазақ қашанда отбасының ынтымағы мен берекесін ең асыл құндылықтардың бірі деп таныған. «Жесірін жылатпаған, жетімін қаңғыртпаған» ел ретінде қиындыққа душар болған жанға демеу болу, әлсізге сүйеніш көрсету, мұқтажға қамқор қол созу – халқымыздың бойына сіңген ізгі қасиет. Бұл дәстүр уақыт озған сайын өз мәнін жоймай, бүгінгі күнде де жалғасын тауып келеді.Қазіргі таңда мемлекет тарапынан да отбасы институтын нығайтуға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Сол игі бастамалардың жарқын көрінісінің бірі – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсететін арнайы орталықтардың ашылуы. Мұндай орталықтар тек әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіп қана қоймай, тығырыққа тірелген жандарға жаңа өмірге қадам басуға мүмкіндік береді. Әсіресе зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалар үшін бұл мекемелер – қауіпсіздік пен сенімге, үміт пен жаңа бастамаға бастар жылы мекен.
Осы мақсат аясында 2023 жылдың шілде айында Қазалы ауданында маңызды әлеуметтік жоба жүзеге асырылып, «Отбасын қолдау орталығы» өз есігін айқара ашты. Бұл орталық тағдырдың түрлі сынағына тап болған жандарға демеу болып, олардың өмірге деген сенімін қайта оятып, қоғамнан шет қалмай, еңсесін тіктеуіне жол ашуды басты мұрат етеді.
Бүгінде орталық өмірлік қиын жағдайға душар болған отбасылар мен жекелеген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуді мақсат тұтып отыр. Мекеме қызметінің негізгі бағыты – әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж жандарға кешенді көмек көрсету, яғни әлеуметтік, психологиялық, құқықтық және тұрмыстық тұрғыда қолдау білдіру.
Сонымен қатар орталық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, мемлекеттік отбасы саясатын тиімді жүзеге асыруға және қоғамда отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттауға ерекше мән береді. Бұл бағыттағы жұмыстар арқылы мекеме тек көмек көрсетіп қана қоймай, қоғамдағы мейірім мен өзара жанашырлықтың нығаюына да үлес қосып келеді.
Орталық қызметі бірнеше маңызды бағытты қамтып, әрбір мұқтаж жанға дер кезінде әрі тиімді қолдау көрсетуге бағытталған. Ең алдымен, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға кешенді көмек көрсетіледі. Бұл қатарға ақпараттық кеңес беру, құқықтық түсіндіру, психологиялық демеу және әлеуметтік қолдау шаралары кіреді. Сонымен бірге мамандар жұмыссыз жүрген азаматтарды еңбекке тартуға ықпал етіп, оларды кәсіптік қайта даярлау курстарына бағыттау арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Орталық жұмысының тағы бір маңызды бағыты – дағдарыстық көмек көрсету. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға уақытша баспана ұсынып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оңалту шараларын ұйымдастыру осы бағыттың өзегін құрайды. Мұндай сәттерде орталық мамандары тек психологиялық қолдау көрсетумен шектелмей, құқық қорғау органдарымен және медициналық мекемелермен тығыз байланыста жұмыс істеп, жан-жақты көмек көрсетеді.
Орталық қызметінің тағы бір маңызды бағыты – әлеуметтік сүйемелдеу жұмыстары. Бұл бағыт аясында өмірдің түрлі қиындығына тап болған отбасылар мен балалар дер кезінде анықталып, олардың жағдайы тұрақты бақылауға алынады. Әрбір отбасының ерекшелігі ескеріліп, жеке оңалту жоспары әзірленеді. Мұндай жүйелі жұмыс олардың тұрмысын жақсартуға, өмірге деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар орталық мамандары азаматтарға мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде жан-жақты түсіндірме беріп, түрлі әлеуметтік жәрдемақылар мен қызметтерді рәсімдеуге нақты көмек көрсетеді. Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Қазіргі таңда мекемеде 16 қызметкер еңбек етеді. Олардың әрқайсысы өз ісіне жауапкершілікпен қарап, бір мақсатқа жұмылған – қиындыққа тап болған жандарға демеу болып, олардың қоғамға қайта бейімделуіне жол ашу. Мейірім мен жанашырлықты серік еткен ұжымның еңбегі талай жанға үміт сыйлап, жаңа өмір бастауына негіз болып келеді.
Орталық басшысы Абай Әлімбаевтың айтуынша, мекеме қызметі тек кеңес берумен шектелмей, нақты істер арқылы азаматтарға шынайы қолдау көрсетуді көздейді.
– 2025 жылы орталыққа 586 адам жүгінді. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында 126 азаматқа қажеттіліктеріне қарай әлеуметтік қызметтер ұсынылды. Көмек сұрап келгендердің бірқатарына психологиялық, құқықтық және заңгерлік кеңестер берілді. Сонымен қатар қайырымдылық пен демеушілік есебінен қолдау алған жандар да бар. Мәселен, 22 наурыз мерекесі қарсаңында 89 мұқтаж азаматқа қайырымды жандардың көмегімен жәрдем көрсеттік, – дейді орталық басшысы Абай Қасқырбайұлы.
Орталық мамандары жұмыссыз азаматтарды қоғамдық жұмыстарға орналастыруға бағыт-бағдар беріп қана қоймай, оларды түрлі мемлекеттік бағдарламаларға тарту арқылы жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі таңда «Отбасының цифрлық картасы» жүйесіндегі Д және Е, яғни «мүшкіл» және «дағдарыстық» санаттағы отбасыларды «жақсы» деңгейге көтеру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Өткен жылы Еңбек министрлігінің бастамасымен әлеуметтік қолдау шараларын цифрландыруға бағытталған жаңа модель енгізілген болатын. Бүгінде осы жүйе аясында мамандар мобильді топ мүшелерімен бірлесе отырып, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдау шараларына тарту жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте FSM Social мобильдік қосымшасы тиімді құрал ретінде қолданылып, көмек көрсету үдерісінің жеделдігі мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
– Бұл топтың басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды ерте кезеңде анықтап, оларға дер кезінде көмек көрсету. Барлық мүшелер «FSM social» мобильді платформасына тіркелген. Осы жүйе арқылы тұрғындар өз мәселелері жөнінде хабарлама қалдырып, мамандармен тікелей байланыс орната алады. Бүгінгі күнге дейін өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен азаматтарды қолдау мақсатында FSM Social қосымшасы арқылы бірқатар сигналдар қабылданып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Мәселен, өткен жылы 562 өтініш тіркелсе, 2026 жылдың алғашқы үш айында 66 азаматтан сұраныс түскен. Әрбір өтініштің артында адам тағдыры тұрғандықтан, орталық мамандары әр мәселені мұқият зерделеп, нақты жағдайға сай жеке көмек жоспарын әзірлейді. Қажет болған жағдайда медициналық көмек ұйымдастырылып, әлеуметтік жәрдемақыларды рәсімдеуге қолдау көрсетіледі, сондай-ақ жұмысқа орналастыру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Кейбір азаматтар оңалту бағдарламаларына бағытталады. Біздің басты мақсатымыз – қиындыққа тап болған жанды жалғыз қалдырмай, оған өмірге қайта бейімделуге мүмкіндік беру, – дейді орталық басшысы.
Қазақта «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген тағылымды сөз бар. Расында, қоғам болып өзара жанашырлық танытып, қиындыққа тап болған жандарға қол ұшын соза білсек, талай тағдырға дем беріп, олардың өмірге деген сенімін қайта жандандыруға болады. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан осындай игі бастамалар – соның айқын көрінісі. Ал «Отбасын қолдау орталығы» сол қамқорлықтың нақты дәлелі ретінде көптеген жандарға сүйеніш болып, талай отбасының үміт шырағын қайта жағары сөзсіз. Себебі мейірім мен қолдау бар жерде – үміт те бар, жарқын болашақ та бар.
Айта кетейік, аудандық отбасын қолдау орталығы Қазалы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратында, Әйтеке би кенті, Төремұрат жырау көшесі №7 мекенжайында орналасқан. Орталықтың есігі көмекке мұқтаж әрбір жанға әрдайым ашық, ал мамандар қолдауға зәру азаматтарға бағыт-бағдар беруге әрқашан дайын.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













