«Ауыл аманаты»: Банудың жаңа бастамасы

Аталған жобаның шапағатын көріп отырған жандардың бірі – ауданға қарасты Аранды ауылының тұрғыны Бану Жолмағанбетова. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайыз жеңілдетілген мөлшерлемемен 4 миллион 800 мың теңге көлемінде несие рәсімдеп, өз кәсібін ашуға бел буған.
Бану алған қаражатқа қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, ауылда шағын наубайхана ашты. Қазіргі таңда ол күнделікті нан өнімдерін дайындап, тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынып отыр. Кәсіпкердің бұл бастамасы ауыл ішінен ашылған отбасылық бизнес ретінде де маңызға ие. Өйткені ол тек жеке табыс көзіне ғана емес, ауыл халқын сапалы өніммен қамтамасыз етуге де бағытталған.
Кәсіпкердің айтуынша, оның басты мақсаты – ауыл ішінде нан өнімдеріне деген сұранысты толықтай қамтамасыз ету және болашақта өндірісті кеңейту. Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, тәтті тоқаштар мен басқа да тағам түрлерін пісіруді жоспарлап отыр.
– «Ауыл аманаты» жобасы мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Бұрын кәсіп бастайын деген ой болғанымен, қаражат жағы кедергі еді. Ал жеңілдетілген несие арқылы арманым жүзеге асып отыр. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қамқорлықты тиімді пайдалану – әрбір ауыл тұрғынының өз қолында, – дейді Бану Сейілханқызы.
Бүгінде кәсіпкердің өнімдеріне ауыл тұрғындары дән риза. Сапалы әрі қолжетімді өнім күнделікті қажеттілікті өтеп отыр. Сонымен қатар бұл кәсіп – ауылдағы басқа қыз-келіншектерге де үлгі болуда. Ең бастысы, бұл бастама ауыл ішіндегі экономикалық белсенділікті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуде.
Жалпы алғанда, өндірістік бағытқа бет бұру – ауыл өмірін жандандырудың маңызды тетігі. Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланған жағдайда, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік жаңа деңгейге көтерілуі әбден мүмкін.
Ауылдағы кәсіпкерлік – тек жеке табыс көзі ғана емес, тұтас бір елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды фактор. Бану Сейілханқызы сынды табанды әрі еңбекқор жандардың бастамасы – ауыл жастары мен қыз-келіншектеріне үлкен үлгі. Оның «Ауыл аманаты» жобасы арқылы бастаған кәсібі мемлекет қолдауының нақты жемісі екенін дәлелдеп отыр.
Мұндай жобалар ауыл өмірінің тынысын кеңейтіп, жергілікті тұрғындардың еңбекке деген ынтасын арттырады. Бастысы – ауылда қалып, туған жердің дамуына үлес қосуға болады деген сенім қалыптасуда. Жас кәсіпкерлердің көбейіп, кәсібінің өркен жаюы – ауыл болашағының жарқын болуына негіз болары сөзсіз.
Бану бастаған игі істің жалғасын тауып, басқа да ауыл азаматтары мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ел игілігі үшін еңбек етсе, ауыл – өркендейді, ел – дамиды.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ