Таза аймақты қалыптастыру – ортақ іс
Арал мен Байқоңырдың аралығында орналасқан Қазалы өңірі — талай тарихтың куәсі, бабалардың ізі қалған қасиетті мекен. Бұл топырақ — Жанқожа батырдың айбатын, Ғани Мұратбаевтың жалынын бойына сіңірген киелі өлке. Алайда бүгінгі жаһандық экологиялық дағдарыс заманында бізден тек өткенмен мақтануды емес, болашақ үшін жауапкершілікті сезінуді талап етіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аймақ үшін жай ғана науқан емес, туған жердің табиғатын аман сақтап қалудың, ұрпаққа таза мұра қалдырудың соңғы мүмкіндігі іспеттес.Экологиялық ахуал: Табиғаттың үнсіз зары
Қазалы – экологиялық тұрғыдан өте нәзік әрі күрделі аймақ. Арал теңізінің табанынан ұшқан тұз бен шаңның тұрғындардың тыныс-тіршілігі, адамдардың денсаулығына тікелей әсер ететіні жасырын емес. Сырдарияның суы азайып, климат құрғап бара жатқан тұста, табиғатқа жанашырлық қажет.
Осындай қиын жағдайда өз қолымызбен жасалатын тазалық — бүгінгі адамдар ұрпақтың денсаулығы мен ұрпағының амандығы үшін жасалған ең үлкен инвестиция. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселенің мемлекеттік маңызын былай деп айқындап берді:
«Біз экологиялық ахуалды жақсарту арқылы ғана халықтың денсаулығын нығайта аламыз. Әсіресе, экологиялық зардап шеккен аймақтарда тазалық мәдениетін қалыптастыру – мемлекеттік маңызы бар міндет. Әрбір азамат туған ауылын, қаласын өз үйіндей күтіп ұстауы тиіс».
Шындығында, жергілікті тұрғындар мен осы аймақтан өткен жолаушылар табиғаттың қаталдығына немесе жаһандық жылынуға толық тосқауыл қоя алмасақ та, өз есігіміздің алдын таза ұстап, айналаны күл-қоқысқа толтырмауға толық қауқарлы. Жол жиегіне тасталған бір тал қоқыс немесе Сырдың жағасына төгілген қалдық – онсыз да зардап шегіп отырған туған жердің ашық жарасына тұз сепкенмен тең.
Елімізде экологиялық ахуалды жақсарту мәселесі жоғары деңгейде қаралып келеді. Осы бағыттағы негізгі міндеттердің бірі — орман қорына 2 миллиард, ал елді мекендерге 15 миллион дана көшет отырғызу. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын іске асыру мақсатында Үкімет «Өңірлік дамудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті.
Бұл құжат аймақтардың географиялық ерекшеліктеріне сай әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ашу, халықты базалық инфрақұрылыммен қамтуды көздеп отыр.
Тұжырымдама жайлы орта қалыптастыру, аймақтардағы теңгерімсіздіктерді жоюға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыстарды Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері мерзімінде әрі сапалы іске асыруға күш жұмылдыруда.
Қызылорда облысы Мемлекет басшысының бұл ағаш отырғызу тапсырмасын орындауда жоғары белсенділік танытуда. 2021-2025 жылдарға арналған жоспар толық орындалып, өңірде 958,8 мың ағаш егілген. Аймақ басшысының бастамасымен бұл жұмыстар ерекше қарқынмен жалғасуда.
Көгалдандыру жұмыстарына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік те зор үлес қосуда. Бұл салаға 18 млрд теңге бөлініп, жыл сайын 14 мыңнан астам ағаш отырғызылады. Ал алдағы 2025-2030 жылдары өңірде 71,5 мың ағаш, 658,6 мың шаршы метр жасыл аймақ және 428,4 мыңнан астам гүлзар отырғызу жоспарланған. Бұл көрсеткіштер Сыр өңірінің, соның ішінде Қазалы ауданының болашақта «жасыл белдеуге» айналатынының кепілі.
Тазалықтың алғы шебіндегілер
Аудан орталығы Әйтеке би кентінде осы қасиетті парызды күн сайын адал атқарып жүрген жандар бар. Олар «Қазалы абаттандыру» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымы. 2024 жылы құрылған бұл құрылым кент тұрғындарының жайлылығы мен өңірдің көркейіп-гүлденуіне тікелей жауапты.
Бүгінде мекемеде қырықтан астам жұмысшы-қызметкер тер төгетін орындағы механик, аға бағбан, электрші, аула сыпырушы мен қарапайым жұмысшының әрбірінің еңбегі өлшеусіз. Олар тек қоқыс жинаумен айналыспайды, кенттің келбетін қалыптастырушы еңбеккерлер.
Жан-жақты қызметімен көпке қуаныш сыйлайтын олар кент көлеміндегі бағдаршамдарды, жол белгілерін күтіп ұстау, суағарлар мен субұрқақтарды баптау, саябақтар мен ойын алаңдарын санитарлық тазалықта ұстауды күнделікті жүзеге асырады.
Көркейту-абаттандыру жұмыстары – жауапты міндет. Бұл бағытта ұйымдастыру ісінен өзге техникалық қуаттың көмегі қажетсінеді. Мекемедегі қызмет көліктері, тасымал, жүк транспорттары мен тіркеспелері тоқтаусыз дамыл алмайды. Қатарндағы заманауи «SHNMON-388» және «SITRAK C5H» техникалары жұмысты оңайлатқан. Көлік жүргізушілері мен жұмысшылар тұрмыстық қалдықтарды арнаулы орынға жеткізу, қыста қар тазалау, мұзға құм себу сынды жұмыстарын атқарады. Мекеме басшысы Марғұлан Ахметовтен сондай-ақ олардың қыс мезгілінде тұрмысы төмен отбасыларды қыстық отынмен қамтуға қатысатынын да білдік.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан Қазалының ажарын аша түсуде. Ыстық күндері де, шаңды желде де, көктемгі лайсаңда да тоқтамайтын бұл еңбек – аудан дамуы мен көріктенуіне үлкен үлесін қосып отыр.
Жүректің айнасы, Отанның көркі
Қазалылықтар үшін «Таза Қазақстан» акциясы — жай ғана науқан емес, ол ұлттық санаға сіңген өмір салтына айналып келеді. Бабаларымыздан қалған «Судың да сұрауы бар» деп тәмсіл тектен-текке айтылмаған. Бүгінгі тазаланған су жолдары үлкен бастауларға себепкер болса, егілген жас түп ағаш, ертең ол Аралдың ащы шаңына қалқан болады.
Президентіміз Қазақстандықтарға жолдаған Жолдауында «Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы», – деген.
Тақырып турасында кент тұрғындарын да сөзге тарттық.
«Осыдан отыз жыл бұрын Қазалының келешегі жоқ деп үдере көшкендердің кейбірі қайта қоныс аударса, қаншасы ауылға жете алмай сағынып жүр. Оған абатты мекендегі әлеует – басты себеп. Бұл орайда аудан тізгінін ұстап отырған басшылардың жүйелі жұмысын жасыруға болмайды. Бір ғана бұрынғы «Жеңіс» саябағы, қазіргі мәдени тынығу кешені ауданда қалай жұмыс атқарылып жатқанының айғағы дер едім. Көшелер таза. Жарық. Бұрынғыдай қоғамдық орындағы мүліктерді қирату ісі де сиреген. Меніңше, адамдар қоршаған орта – ортақ меншік деген түсінікке бірте-бірте келе жатқан сияқты», – дейді еңбек ардагері Алдамберген Бекен.
«Тазалық – бұл сыртқы дүние ғана емес, ол ішкі рухани болмыстың көрінісі. Аудандағы мектеп оқушылары мен жастардың сенбіліктерге белсене қатысуы, қарттардың бата беріп, ағаш егуге атсалысуы – болашаққа деген үміттің оянуы», – дейді көпбалалы ана Күлжамал Жексенбайқызы. Айтуынша, бір отбасының таза ауласынан бүкіл ауылдың, бүкіл елдің тазалығы басталады.
Болашақта эколог болуды қалайтын кішкентай табиғат жанашырын Жанқожа батр атындағы №70 мектептен таптық. Нұрәділ Нұртай бұған дейін бірнеше рет жарыстарға қатысып, экология тақырыбын көтеріп, өз үнін қосып келе жатқан оқушы.
«Жауапкершілік – әрқайсымыздың мойнымызда. Қоршаған ортаның тазалығы – баршаға ортақ іс. Көшең, ауылың, туған өлкең таза болса – жүзің жарқын. Бірақ, қанша жерден тазалық шаралары жүргізіліп, коммуналдық қызметкерлер тер төксе де, артынша қоқыс пайда болып жататын жағдайлар кездеседі. Бұл біздің мәдениетіміз бен жауапкершілігімізге сын», – деп әңгімесін бастаған ол өз зерттеу жұмыстарының нысанасына алынған мынандай пікірлерімен бөлісті.
«Біз келесідей маңызды қадамдарды өмірлік қағидаға айналдыруымыз керек. Алғашқысы, көгалдандыру. Шөлді аймаққа төзімді сексеуіл, жыңғыл және басқа да ағаш көшеттерін отырғызып, оны баптауға баршамыздың белсенділік танытуымыз керек.
Екінші, қалдықтарды басқару. Қоқысты белгіленбеген жерге төкпеу, айыппұлдан емес, ұяттан қорқуымыз қажет.
Үшіншісі – үнемшілдік. Сырдарияның әр тамшы суын қадірлеу қажет. Су – өмір сүру үшін ең басты, сарқылатын ресурс.
Соңғысы, қолдау. Тазалық жұмыстарымен айналысатын жұмысшылардың ауыр еңбегін құрметтеу».
Жауапкершілік бастауы
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін қоса атқарушы Жасұлан Сыдықовтың мәлімдеуінше, 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық тұжырымдамасы еліміз бойынша жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан көлемінде кең ауқымды санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
«Әйтеке би кенті 7 аймаққа бөлініп, әр апта сайын орта есеппен 2 550 адам, 214 мекеме қатысып, 40 арнайы техника жұмылдырылуда. Тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы полигонға шығарылып, елді мекендердің тазалығы қамтамасыз етілуде.
Аудан бойынша көркейту-көгалдандыру жоспарына сәйкес 15 000 түп ағаш көшетін отырғызу көзделген. Бүгінгі күні оның 2 500 түбі тігіліп, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда», – дейді ол.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан аумағындағы тарихи-мәдени нысандар да басты назарда. Қазіргі кезде Жанкент қалашығы, Тапа қорымы, Әйтеке би ескерткіші, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Мүсірәлі, Базар қожа, Құттыбай кесенелері, Сырлыбай хан мазары, Сараман Қоса мұнарасы, Ғанибай және Мұрәлім мешіттері мен Ғ.Мұратбаев музейі аумақтарында тазалық және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Қоршаған ортаны таза ұстау мен табиғи ресурстарды сақтау үшін қоқысты сұрыптау аса маңызды қадам. Қоқысты сұрыптау – тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге және қайта пайдалануға мүмкіндік беретін үдеріс. Бұл әдіс табиғи ресурстарды үнемдеп, қалдықтардың полигондарға тасталуының алдын алады. Соның нәтижесінде жердің ластану деңгейі төмендеп, экологиялық тепе-теңдік сақталады.
Аудандағы қалдықтарды сұрыптау жұмыстарымен жеке кәсіпкер Досмұқасан Жалғасбек айналысады. 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша аудан көлемінде 5 585 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып, оның 837 тоннасы сұрыпталған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Полигонды жаңғырту және оның инфрақұрылымын жақсарту мақсатында кәсіпкердің бастамасымен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамына 2024 жылдың мамыр айында инвестициялық жоба ұсынылды. Жобаның жалпы құны 74 миллион теңгені құрайды, жылдық қуаттылығы 10 мың тонна. Қазіргі таңда жоба экспертизалық қаралымда.
«Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды қадам. Аудан тұрғындары бұл іске белсенді қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосуда. Тазалық – баршаға ортақ іс, ал оны сақтау – әр азаматтың міндеті», – дейді Жасұлан Жиентайұлы.
Тазалық — иманнан, ал туған жерді аялау – адамдықтан. Президент Тоқаевтың үндеуін жүрекке түйіп, тазалықты мәңгілік өмір салтымызға айналдыру маңызды. Өйткені таза Қазақстан таза жүректен, адал еңбектен және ортақ ниеттен басталады.Тазалық жолы – бақыт пен берекеге бастайды. Бұл — біздің ортақ жеңісіміз әрі болашақ ұрпаққа қалдыратын ең құнды мұрат.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














