Жүзеге асқан жемісті жоба немесе ауыл бізге аманат

Аймақтағы кәсіпкерліктің дамуы сан қырынан көрініс табуда. Қолдағы барды мол табыс көзіне айналдырып, ел игілігіне еңбек ету – қазіргі кәсіпкердің басты ұраны. Кәсіпкерлік саласындағы өсу өңір экономикасының әлеуетін арттырады. Әлеует артуда, жаңа жобалар жалғасын тауып, жұмыс орындары ашылуда. Жұмыссыз жандар жұмыспен қамтылуда. Қазір шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша назар аударды. Жергілікті тұрғындар арасында да кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары артты. Жас кәсіпкерлерді қолдаудан бөлек, орта бизнеске арналған тиімді бағдарламалар да бар. Осындай қолдаудың нәтижесінде көкжиегін кеңейтіп отырған кәсіпкерлер де жоқ емес. Көпшілікке демеу болып, көкжиегін кеңейтуге жол ашқан бағдарламаның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Басты мақсаты – ауылдағы халықтың табысын арттыру.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті түрлі ақпараттарға молынан қанықты. Сөйтіп, елде басталған қанатқақты жоба бүкіл өңірді қамтитын бағдарламаға айналып отыр. Мемлекет басшысының ауылға көңіл бөлуінің арқасында бүгінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы бизнесті бастауға мүмкіндіктер бар. Қазір өңірде осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, өз кәсібін ашып отырған жандардың қатары көбеюде.
Өңірімізде 2023 жылдан бері агроөнеркәсіп кешенін, ауыл шаруашылығы коперациясын дамыту арқылы халықтың табысын арттыруға, кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы басталғаны белгілі. Қазалы ауданында 2023 жылы 484,4 миллион теңгенің 68 жобасы шеңберінде 92 жұмыс орны ашылса, 2024 жылы 399,1 миллион теңгеге 63 жоба жүзеге асты. Биыл 835,1 миллион теңгеге 124 жоба аясында жаңадан 135-ке жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Айта кететін жайт, жауапты мамандар жоба аясында бірнеше жұмыстар атқаруда. Ауданда үлкен жиындар өтіп, жобаның жай-күйі талқыланып отырады. Мәселен, жақында аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауылдық округ әкімдерін қабылдаған болатын. Жиында бағдарламаның мақсаттары, бағыттары және аудан бойынша оны жүзеге асыру жоспары айтылды.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен өндіру бағыттарына басымдық беру туралы тапсырмалар берілді. Аталған жобаның басты мақсаты – ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартып, ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыру.
– Жобаның негізгі бағыттарының бірі ауыл шаруашылығын дамыту болып табылады. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мен өнімдерді өңдеу саласына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өнімнің сапасын жоғарылатады. Аталған бағдарлама ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндіктерін арттырады. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандыруға септігін тигізеді, – дейді мамандар.
Сондай-ақ «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында ауданға қарасты ауылдарда мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып отырады. Шараның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін тыңдап, шешілу жолдарын қарастыру, заңгерлік, құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан кеңестер беру. Қабылдауда тұрақты жұмыс орындарының жетіспеушілігі, кәсіп ашу және құқықтық көмек алу сияқты мәселелер көтеріледі. Оның ішінде кәсіп ашуға ниетті азаматтарға «Ауыл аманаты» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар туралы толыққанды ақпарат ұсынылады.
Бөлім мамандарының айтуынша, ауыл тұрғындарының бизнес-идеяларын қолдап, табыс көзін арттыруға бағытталған кешенді жоба жүйелі іске асуда. Ауыл тұрғындары кәсіпкерлікті дамыту үшін ұзақ мерзімді және аз пайызбен несие алу мүмкіндігін пайдаланып, нәсібін табуда. Ал кейбірі тұралап қалған жобасын одан әрі дамытып, көкжиегін кеңейтуде.
Жалпы бүгінге дейін ауданда 5273 кәсіпкер тіркеліп, бұл салада 12,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Жыл басынан бері жаңадан 23 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Биыл Бірыңғай жалпыұлттық жобалар пулының Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасына 6,5 миллиард теңгенің 5 ірі жобасы енгізілген. Оның 3-еуі жыл соңында іске қосылмақ. Қазір жобалар жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Мәселен, «Арал Рыбторг» ЖШС-нің «Тауарлы балық өсіру үшін тоған балық шаруашылығының құрылысы» жобасы. Бүгінде кәсіпкерге Басықара ауылдық округінен 464 гектар жер учаскесі табысталып, құрылысы жүргізілуде. Аталған елді мекен аумағынан жеке кәсіпкер Қуаныш Өмірзақов балық өсіруге арналған тоғандар салуды бастап кетті. Жалпы құны 650 миллион теңгені құрайтын жобаны 2026 жылы толық іске қосу көзделіп отыр. Жоба аясында 52 тоған салынып, жылына 500 тоннаға жуық тауарлы балық алу жоспарлануда.
Иә, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жыл сайын балық шаруашылығына жіті көңіл бөлініп келеді. Сала – ауылдық жерлерде өндіріс көлемінің артуына, халықтың табысы мен жұмыспен қамтылуына маңызды рөл атқарады. Республикадағы Каспий мен Арал теңізінің, Балқаш пен Зайсан көлінің, Алакөл көлдер жүйесінің, Бұқтырма, Қапшағай, Шардара су қоймалары, сондай-ақ басқа да су айдындарының осы кәсіпте өз орны бар. Сондай-ақ кәсіптік балық аулау Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облысында жақсы дамыған. Ресми дерек бойынша, елде жыл сайын 45-50 мың тонна балық ауланады екен. Ал Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы әзірленген. Бағдарлама шеңберінде 2030 жылға дейін балық экспортын 2 есеге, тауарлы балық өндіру көлемін 111 есеге арттыру көзделген болатын.
Қазіргі таңда ауданда балық шаруашылығын дамыту мақсатында жеке кәсіпкерлер тоған шаруашылығымен айналысуды қолға алуда. Солардың бірі – Қазалы қаласындағы жеке кәсіпкер Райс Валиевтің тоған шаруашылығы. Жоба Қазалы қаласындағы Құрманай каналының бойында орналасқан. Қазіргі уақытта кәсіпкер 5 гектар аумаққа тоған қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жоба – аудан көлемінде тауарлы балық шаруашылығын дамытуға бағытталған маңызды бастама. Жеке кәсіпкер Райс Валиев алдағы уақытта кооператив құру арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 31 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алуды жоспарлауда. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда тоғанда сазан балығын өсіріп, оны нарыққа тауарлық бағытта ұсыну көзделген. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және аудан экономикасын дамытуға елеулі үлес қоспақ. Иә, «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамыту. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы тұрғыда Қазалы ауданындағы тоған шаруашылығының қолға алынуы – бағдарламаның нақты іске асқан үлгісі болмақ. Жоба толық іске қосылған жағдайда Қазалы өңірінде балық шаруашылығының жаңа кезеңі басталып, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді өнім ұсынылатын болады.
«Қалауын тапсаң қар да жанады». Тірліктің көзін тауып тыраштансаң, алынбайтын қамал да жоқ. Дәл осындай ұстаныммен шағын ауылда кәсібін ашып, жұмысын түлетіп отырған жандар жетерлік. Солардың бірі – Жанкент ауылының тұрғыны Самалбек Мырзалы. Ол «Жанкент-ет» дүкенін ашып, ауыл тұрғындарын сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуде.
Бизнес идеясын ол мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жүзеге асырады. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында, өңірлік «Байқоңыр» СПК арқылы 7 000 000 миллион теңге көлемінде қаражат алып, дүкен ашуға білек сыбана кіріседі. Сөйтіп үйінің ауласында шағын сарайды жөндеуден өткізіп, заманауи талапқа сай жабдықтайды. Ет сақтауға арналған тоңазытқыш камералар сатып алып, етті бөліп-жаруға арналған орын жасақтайды. Дүкен сөресіндегі ет өнімдері жергілікті мал өсірушілерден, тұрғындардан сатып алынады. Кейде кәсіпкер өзінің азын-аулақ малынан алып, тоңазытқышты етпен толтырады. Мұнда еттің барлық түрі бар. Керек десеңіз, еттен дайындалған дайын өнімдерді де таба аласыз. Атап айтқанда, тартылған ет, тұшпара, манты, бұрышқа салынған тартылған ет, тефтели сынды жартылай өнімдер тұрғындарға қолжетімді бағамен сатылуда. Бұлардың барлығы үй жағдайында таза еттен дайындалады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтып, кәсіпке бет бұрғандардың бірі – Бекарыстан би ауылының тұрғыны Болатбек Байділдаев. Ол кілем жууды кәсіп көзіне айналдырған. Ауылдан орталық ашқан кәсіпкер жергілікті тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетуде. «Ауыл аманаты» жобасы аясында бастау алған бизнес жоспары бүгінде көкжиегін кеңейтіп келеді. Болатбектің айтуынша, оның кәсіп бастауына жұмыссыздық себеп болған екен. Қам жасап, қарекет ету керегін түсінген ол мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға жүгініп, кілем жуу орталығын ашпақ ниетте болады. Солай «Ауыл аманаты» жобасы аясында 5 100 000 теңге көлемінде несие алып, алған қаражатқа керек-жарағын түгендейді. Бүгінде ол ауыл тұрғындарына сапалып қызмет көрсетіп отыр.
Ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы облыста оң нәтижесін беріп келеді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында агробизнес өкілдері ауқымды жұмыстар атқаруда. Облыс бойынша жоба шеңберінде бірнеше жұмыстар атқарылып, жарқын жобалар өз жемісін беруде. Айта кету керек, аймақта 447 мың тұрғын, яғни халықтың 53 пайызы ауылдық жерде тұрады. Осыны ескеріп, ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған кешенді жобалар қолға алынған. 2023 жылы 406 жоба, ал 2024 жылы 375 жоба қаржыландырылды. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны артты. Аймақта экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бастамаларды да атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес облысымызда 96 миллиард 100 миллион теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Қалдықтарды басқару саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологиялар тартуда Қызылорда қаласында халықаралық компаниялардың қатысуымен 2 ірі жоба бойынша жұмыс басталды. Соның бірі – шыны зауыты жанынан неміс технологиясымен 60 ммллиард теңгеге жылына 240 миллион шыны ыдыс шығаратын зауыт жобасы. Бұл республикадан жиналған шыны қалдықтарынан жоғары сапалы отандық өнім шығарып, импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында кешенді жұмыс жүргізілуде. Бюджеттен бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс және спорт алаңдары жаңғыртылып, әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөнделуде. Демеушілік есебінен 1 миллиард теңгеге Қызылорда қаласындағы орталық алаң жаңартылды. Биыл 6,3 миллиард теңгеге қалалық мәдени-демалыс паркі қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Оған қоса 14,7 миллиард теңгеге Президент саябағы жаңғыртылып, тамыз айында ашылады. Қала аумағында 992 гектар жерде жасыл белдеу құру басталды. 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш отырғызып, тұқымбақтар мен зертхана салу жоспарлануда.
Айтып, айтпай не керек? Ауылдарды аманат еткен айтулы бағдарлама жемісін беруде. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр. Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғы-лықты азаматы болуы керек. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пай-далануға болады. Шағын несиелер халыққа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады. Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.
Ауыл шаруашылығы ел экономикасындағы басым салалардың бірі. Ауылдық жерлерде Қазақстан тұрғындарының 38 пайызы тұрады, бұл шамамен 7,6 миллион адамды құрайды. Кірістерді арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мемлекеттік саясаттың басым міндеттері. Осыған байланысты, іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы көптеген адамдар үшін өз бизнесін бастауға, оны дамытуға, өз өңірінің дамуына үлес қосуға мүмкіндіктер ашуда. Несиелер жылдық 2,5 %-бен 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Қарыздың ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК-ке дейін, ал ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін 8 мың АЕК-ке дейін құрайды.
Жалпы елде 2025 жылы жаңа шағын несие беруге және 8,1 мың жұмыс орнын құруға 50 миллиард теңге қарастырылған. Рәсімдердің ашықтығын, өтінімдерді өңдеуді біріздендіруді және деректердің егжей-тегжейлі мониторингін қамтамасыз ететін микрокредиттеудің ақпараттық жүйесін енгізу жоспарлануда. Жүйе мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланатын болады, бұл бағдарлама жұмысының тиімділігін арттырады және өтінім беру мен кредит алу үдерісін жеделдетеді. 2023-2024 жылдары Бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 120 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат 107,9 миллиард теңге сомасына 16,2 мыңнан астам шағын несие беруге мүмкіндік берді, 17,8 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері өңірлерде 540-тан астам ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды, олардың 537-сі 12,1 миллиард теңге сомаға қаржыландыруды алды.
Бағдарламаның негізгі элементі облыс әкімдіктеріне қосымша бюджет қаражатын тартпай, кәсіпкерлікті дамыту және кірісті ұлғайту үшін ауыл тұрғындарының шағын несиелерге қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік беретін револьверлік кредиттеу тетігі болып табылады. Қарыз алушылар револьверлік әдіспен қайтарған қаражат есебінен қосымша 7 миллиард теңге сомасына 1 мыңға жуық микрокредит берілді. Статистикаға сүйенсек, бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері қатысушылар 1,2 миллиард теңге сомасына салық төлеген. Ақтөбе, Түркістан және Жамбыл облыстары көшбасшы болып тұр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда тауарлық кредиттер беру тетігін іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілді. Бұл тетік бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асырылады. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған ауыл шаруашылығы жануарлары, жабдықтар, көшеттер және басқа да құралдар түріндегі тауарлық кредитті орта және ірі ауыл шаруашылығы бизнесінің өкілдері АӨК субъектілеріне және жеке тұлғаларға, оның ішінде жұмыссыздарға және кепілді мүлкі жоқ атаулы әлеуметтік көмек алушыларға беретін болады. Әрине, бұл ауыл халқының табысының өсуіне және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Өңірлерде тауарлық несие ретінде 300-ге жуық жылқы, 1600 бас ірі қара және 4,5 мыңнан астам ұсақ мал бөлінген.
Иә, қашанда қағажу көріп жүретін ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөңгелетіп отырған шаруасы бар көптеген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.
Аудан тұрғындары жаңа жобаға үмітті. Қолынан іс келетін, дөңгелетіп отырған шаруасы бар көптеген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға ризашылығын білдіруде. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға не осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Олар жаңа жобадан игілік көріп, көкжиегін кеңейткісі келеді. Ал жұмыссыздық деңгейі төмендеп, халықтың әл-ауқатының жақсаратынына біз де кәміл сенеміз. Кәсіп ашып, көкжиегімді кеңейтемін деген жандарға жауапты мамандар әрдайым жол нұсқап, бағдарлама арқылы мемлекеттен қолдау табуына мүмкіндігі көп. Тек талаптанса болғаны.
Айнұр ӘЛИ