Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Отан алдындағы борыш – қасиетті міндет

Отан алдындағы борыш – қасиетті міндет

Әскер – ерлік, тәртіп пен Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің нағыз мектебі. Бүгінгі геосаяси ахуалдың күрделенуі, жаһандық қауіп-қатерлердің өсуі елдің қорғаныс қабілетін үздіксіз нығайтуды талап етіп, Қазақстанда әскерге шақырудың маңызын одан әрі арттырып отыр.
Қазіргі таңда Қазалы ауданында көктемгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Бұл – жастар үшін Отан алдындағы қасиетті борышын өтеудің, өзін шынайы жауапкершілік, темірдей тәртіп және нағыз азаматтыққа шыңдаудың маңызды кезеңі. Осы орайда Қазалы аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімі әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыстар бөлімінің бастығы, аға лейтенант Азат Маратұлымен сөйлесіп, өзекті мәселе туралы ой өрбіттік.

– Азат Маратұлы, Отанды қорғау – ортақ парыз. Десе де жастарды қарулы күштер қатарына қабылдаудың басты мақсаты қандай? Әңгімемізді осыдан бастасақ...
– Қуатты, заманауи және жауынгерлік рухы жоғары армия – егемендігіміздің сенімді кепілі. Әскерге шақыру – бұл жай ғана бір жылдық қызмет емес. Ол жас азаматтың мінезін шыңдайтын, елге деген сүйіспеншілігін оятатын, Отан үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыратын маңызды кезең. Әскери борышын абыроймен өтеген әрбір жас – елдің нағыз қорғаны, болашақ маманы және патриоты.
Қазалылық жастар да осы қасиетті міндетті жоғары деңгейде түсініп, Отан алдындағы борышын өтеуге белсенді атсалысуда. Еліміздің тыныштығы мен шекарамыздың беріктігі – әрбір азаматтың қолында.
Отанды қорғау – әрбір азаматтың Конституцияда бекітілген қасиетті парызы. Әскерге шақыру тек жеке міндет емес, ол – мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты құралы. Әскери қызмет арқылы жас азаматтар физикалық шыңдалады, рухани тәрбие алады, ұжымдық жауапкершілік пен нағыз патриотизмді бойына сіңіреді.
– Мемлекет басшысының әскери қызметтің беделін арттыру бағытындағы тапсырмалары ауданда қалай жүзеге асуда? Жүріп жатқан көктемгі шақыру кезеңінің басты ерекшелігі неде?
– 2026 жылғы көктемгі шақыру науқаны Қазақстан Республикасы Президенті, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы және Қазалы ауданы әкімдігінің қаулысына сәйкес жүргізілуде. Наурыз–маусым айларында еліміз бойынша 21 мыңнан астам жас азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Олар Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметі қатарын толықтырады.
Мемлекет үшін маңызы бар басты бағдар – жыл сайынғы Жолдауларда армияның беріктіліктің сенімді кепілі екенін аталып өтеді. Президенттің: «Әскери қызметтің абыройлы болуы – мемлекеттік деңгейдегі міндет» деген ұстанымын басшылыққа алып, биылғы науқан тек сандық көрсеткішке емес, сапалық өзгерістерге бағытталуымен ерекшеленуде.
Әскерге шақырылушыларды шақыру пунктіне жеткізуді жергілікті әкімдіктер ұйымдастырады. Уақытында келмеген және іздеуде жүрген әскерге шақырылушыларды аудандық полиция бөлімі қызметкерлері шақыру пунктіне жеткізеді. Ауданаралық аурухана қызметкерлері денсаулық жағдайын тексеріп, жарамдылығын анықтайды. Аудандық қорғаныс істері бөлімі жеке ісін даярлап, тиісті командаларға тағайындап, Отан алдындағы әскери борышын өткеру үшін облыстық дәрігерлік сараптамадан өтуге жөнелтеді.
– Бүгінге дейін атқарылған жұмыстар туралы айта аламыз ба?
– Әрине, Қазалы ауданы бойынша шекара қызметі мен мемлекеттік күзет қызметіне жоспарланған тапсырмалар мерзімінен бұрын 100 процент орындалды. Бұл – біздің жастардың ел қорғауға деген ынта-жігерінің жоғары екендігінің айқын айғағы. Аудан аумағында мерзімді әскери қызмет жасындағы азаматтар саны 3500-ге, әскери қызметке шақырылатыны 400-ге, бұл көктемгі мерзімді қызметке тапсырыс 90-ға жуық. Қазіргі уақытта шекара қызметі мен мемлекеттік күзет қызметі де 100 процентке орындалған. Шақыру жұмыстары Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына толық сәйкес, заңдылықтың қатаң шеңберінде жүргізілуде.
– Әскердегі әлімжеттік тақырыбы әлі де актуалды. Соған қарамай, соңғы уақытта жастар арасында «әскерге өз еркімен баратындардың қатары көбейді» деген пікір жиі айтылуда. Бұл қаншалықты рас? Рас болса, оң бетбұрысқа не себеп?
– Иә, бұл – бүгінгі күні ерекше қуантатын оң тенденция. Бұрын «әскерден қалай қаламын?» деп жүргендер болса, қазір «қашан кезегім келеді?» деп сұрап жүрген жігіттердің қатары қалыңдап келеді.
Мұның басты себептерінің бірі – әскери тәрбиенің жаңа деңгейі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен әскерде әлімжеттік, бұзақылық, рушылдық және жершілдікке бөлінуді болдырмау қатаң қадағалануда. «Әскер – нағыз ерлердің мектебі. Онда әрбір сарбаз құрметтелуі тиіс» деген ұстаным бүкіл армия бойынша жүзеге асырылуда.
Бүгінде әскерде темірдей тәртіп орнап, жауынгерлік даярлықпен қатар моральдық-психологиялық тәрбие де жоғары деңгейде жүргізіледі. Жастар әскерді қорқыныштың емес, нағыз ерліктің, достықтың және Отанға деген сүйіспеншіліктің мектебі ретінде қабылдай бастады. Сондықтан олар өз еркімен, жүрек қалауымен әскери борышын өтеуге аттанып жатыр.
Сонымен қатар, ынталындыру істері арқасында әскер бүгінде нағыз әлеуметтік лифтке айналды.
– Бұл мемлекеттік қолдау туралы тарқатып айтсаңыз...
– Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, әскери қызметтің беделін арттыру, сарбаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріліп отыр. Бүгінде мерзімді қызметтегі сарбаздарға бірқатар маңызды қолдау шаралары қолданылады.
«Срочники 2.0» жобасы аясында мерзімді қызметте үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға мүмкіндік берілген.
Жобада мұндай әскери қызметті өткерген жастарға жоғары оқу орындарына түсу үшін жеңілдіктер беру арқылы әскери қызметтің беделін арттыру, талантты жастарды әскерге тарту және олардың болашағын қолдау мақсаты көзделген.
Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмай 70-ке жуық жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі бар. Мемлекеттік тегін грант алу қарастырылған.
Әскердегі қызметі кезіндегі жауынгерлік даярлық, тәртіп, физикалық дайындық, моральдық-психологиялық көрсеткіштері бойынша конкурстық іріктеуга қатыса алады. Іріктеу цифрлық платформа арқылы жүргізіледі. Бұл жүйе ашық және коррупциялық тәуекелдерді азайтады. Әр сарбазға ай сайын рейтинг есептеледі.
Сарбаз әскерде қызмет етіп жүргенде оның барлық көрсеткіштері: жауынгерлік дайындық, тәртіп, үздік нәтижелер платформаға енгізіледі.
Қызмет аяқталар алдында немесе аяқталған соң үздіктер іріктеледі.
Таңдалғандарға QR-кодпен қорғалған сертификат беріледі. Сертификат иесі ұлттық бірыңғай тестілеусіз, конкурстан тыс немесе жеңілдікпен жоғары оқу орындарына түседі және тегін оқиды.
Нәтижелері оң. 2025 жылы Ұлттық ұланның 1300-ге жуық сарбазы грант алған.
Қазір жүйеге жасанды интеллект элементтерін енгізу де қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ әскер қатарындағы азаматтардың несие және микрокредит бойынша төлемдері 14 айға тоқтатылады. Бұл – сарбаздың өзіне де, оның отбасына да қаржылық тыныштық сыйлайтын маңызды қолдау екені сөзсіз.
Бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери қызметтің беделін көтеру және жастарды қолдау бағытындағы тапсырмалары аясында жүзеге асуда. Жастар әскерді «қорқыныш» емес, өз болашағына инвестиция ретінде қабылдай бастады.
– Әскерге шақыру кезіндегі жауапкершілік туралы білсек...
– Отанды қорғау –әрбір азаматтың қасиетті парызы екенін біле тұра, заң талаптарын елемейтіндер үшін қатаң жауапкершілік қарастырылған.
Әскерге шақырудан қасақана жалтару ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда әскерге шақырудан жалтару немесе әскери міндеттерді орындамау үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Мерзімді әскери қызметке берілген тапсырыстың орындалмауына әскерге шақырылушылардың денсаулық жағдайын шағым айтып, жарамсыз болуы және жастардың басым бөлігі өзге қалаларда жұмыс істеп, шақыру мерзіміде уақытылы келе алмауы себеп болып отыр.
Әскерге шақырылушылардың сыртта жүріп, әскери есептен шықпауы Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 647-бабына сәйкес бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Әскери есепке тұрмау немесе мекенжайын уақытылы хабарламау немесе шақыру бойынша келмегендерге 3–5 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.
ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 648-бабына сәйкес әкімшілік шаралар, сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодекстің 387-бабы бойынша қасақана әскерге шақырудан жалтарушыға 1 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары, бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Егер жалған құжат, денсаулыққа зиян келтіру сынды ауырлататын жағдайлар арнықталса, жаза 3 000 айлық есептік көрсетішке дейін айыппұл немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін күшейеді.
Әскерге шақырылушы азаматтардың нақты мекенжайы немесе жұмыс орны анықталған жағдайда, сол облыс, қалалар мен аудандардың қорғаныс істері жөніндегі бөлімдеріне іздеу жұмыстары үшін хат жолданады. Іздеу барысында табылған әскерге шақырушылардың жеке істеріне сұрау салынып, дәрігерлік сараптамадан өтеді.
Шақыру барысында дәрігерлік сараптамадан уақытша жарамсыз болған азаматтарды бақылау дәрігер мамандардың құзіретінде. Оларды емдеу және тағы басқа жұмыстар атқарады.
2026 жыл — Қазақстандағы цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Қазіргі уақытта шақыру процесі толық цифрландырылған. Шақырылушыларға «Әскери қызмет әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 31-бабы негізінде мерзімді әскери қызметке шақыру шеңберінде 1414 нөмірінен SMS хабарлама жіберіледі. Бұл хабарлама ресми құжат болып есептеледі. Сондықтан жастарды заңды сыйлауға, уақытылы медициналық комиссиядан өтуге шақырамыз. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар міндетті түрде тіркеуде тұрған жеріне хабарласуы тиіс.
Мерзімді әскери қызметке шықырылатын әскерге шақырылушыларды кейінге қалдыру «Әскери қызмет әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 35-бабы негізінде қаралады.
– Газет арқылы қазалылық болашақ жауынгерлерге айтарыңыз...
– Президентіміз айтқандай, «Армия – нағыз патриоттар мен өз ісінің мамандарын тәрбиелейтін орын». Мерзімді әскери қызмет барысында жауынгерлік және моральдық-психологиялық даярлықта жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздарға бірқатар маңызды жеңілдіктер берілетінін жоғарыда атап өттік. Жоғары оқу орындарына тегін мемлекеттік грантпен түсу мүмкіндігі, әскери борышын өтегеннен кейін келісімшарт бойынша Қарулы Күштер қатарында жұмысқа орналасу құқығы, қосымша әлеуметтік қолдау шаралары. Бүгінгі күні ауданымызда осы мүмкіндіктерді пайдалана алатын 3500-ге жуық жас бар.
Оларды заңды сыйлауға және уақытылы әскери комиссияға келуге шақырамыз Қазалылық жастар Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен өтеп, әскердің темірдей тәрбиесінен өткен нағыз ерлер болып оралсын. Әскер – ерліктің мектебі, ал әрбір сарбаз – елдің мақтанышы!
– Уақыт бөлгеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
18 сәуір 2026 ж. 30 0

Бозкілемнің барысы

18 сәуір 2026 ж. 31

Көптен күткен игілік

18 сәуір 2026 ж. 32

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930