Топ-баннер
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бардың бағасы – жоғында

Бардың бағасы – жоғында

Нартай ата – ауылға сөзі өтімді, ісі мығым, бір өзі бір шаңырақтың ғана емес, тұтас бір әулеттің сүйенішіндей болған жан еді. Ауылдың үлкен-кішісі оны «ақсақал» деп құрметтейтін. Кезінде иығына түскен қайғыны қайыспай көтерген, жары ерте дүние салғанда, үш бірдей баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірген де осы кісі.
Анасынан 5 жасында қалған кішкентай Нариман әкесінен:
– Әке, анам қайда кетті? – деп жиі сұрайтын.
Сонда Нартай ата үнсіз ғана ұлының маңдайынан сипап:
– Анаң алысқа кетті, қарағым. Бірақ сендер барда мен жалғыз емеспін, – деп еді.
Сол сөзін өмір бойы серік етті. Балалары ер жеткенше, түн ұйқысын төрт бөліп, күндіз күлкісін азайтты.
Екі ұлы ер жетіп, енші алып бөлек шыққанда да, іштей қимаса да, сырттай батасын берді.
– Әке, біз бөлек шықсақ та, сізді тастамаймыз, – деген еді үлкені Нағи кетерінде.
– Әке, мен ауданнан үй алайын деп едім. Жұмысқа да жақын, – деген Нариман да именіп.
Нартай ата екеуіне де ұзақ қарап тұрып:
– Балапан ұядан ұшқанда ғана қанаты қатаяды. Менің тілеуім – сендердің амандықтарың, – деп ақ батасын берген.
Қызы Наркенже тұрмысқа шыққанда, босағадан ұзап бара жатқан қызын құшақтап:
– Қызым, төркініңнің оты өшпесін, ара-тұра келіп тұр, – деген.
Қызы сол сөзді ұмытпады. Күйеуімен бірге жиі келіп, әкесінің үйін тазалап, киімін жуып, қазанын қайнатып кететін. Бірақ кетерінде есік алдында жалғыз қалған әкесінің көзіне мұң ұялайтынын сезетін.
Күздің бір сүреңсіз күні. Аспан да сұрғылт, көңіл де солғын. Әдетте таңертең бұзаулы сиырын өріске айдап шығатын Нартай ата бұл күні көрінбеді. Көрші Мәриящ апа күдіктеніп, есігін қақты.
– Ата, ояу ма едіңіз? Үнсіздік. Есікті ашып кіргенде, төсегінде қозғалыссыз жатқан Нартай атаны көрді. Түрі бозарып кеткен.
– Жедел жәрдем шақырыңдар! – деп үйден жүгіре шыққан Мәрияш апа келесі көршінің есігін қағып, айғайға басты. Көп ұзамай жедел-жәрдем келіп, оны зембілге салып, ауруханаға алып кетті. Соңынан ауылдағы алыс жамағайыны ілесе жөнелді. Нартай атаны ауруханаға жеткізгенімен, тағдырдың жазуы сол екен, ақсақал сонда жетісімен-ақ жан тәсілім етіпті.Көрші-көлем балаларына хабарласып, әкесінің қазасын естіртті.
Хабар жеткенде, Нағи Алматы қаласынан ұшақпен бірден жетті. Әуежайдан түсе сала, көз жасын жасыра алмай:
– Әкетай, күте тұрмадыңыз ба? – деп күбірлеп келеді.
Ал Нариман ауданнан шалғай жатқан ауылға малдарға екпе салуға кетіп, онымен біразға дейін хабарласу мүмкін болмады. Себебі ол жақта желі ұстамайтын. Жолға шығып телефонын қосқанда бірнеше қоңыраулар түскенін, көріп Марияш апаға кері хабарласқан.
– Апа? Не болды?
Телефонның ар жағындағы дауыс дірілдеп:
– Әкеңнен айырылып қалдық, балам...
Нариманның жүрегі зу ете түсті.
– Қалай? Кеше ғана сөйлестік қой... Мен қазір жетемін! – деп көлігін от алдырып, желмен жарысқандай жүйткіді.
– Неге жиі бармадым? Неге қасында болмадым? – деп өз-өзін жегідей жеп келеді.
Бірақ жолда тосын апат болып, көлік қозғалысы тоқтап қалды. Темір жолақтай созылған машиналар легі. Уақыт сырғып барады.
– Ағалар, өткізіңіздерші, әкемнің жаназасына бара жатырмын! – деп дауыстады.
Бірақ қолдан келер қайран жоқ. Ауылға топырақ салу алыстағы ұлы Нағиға бұйырды. Ал жақын жерде жүріп, әкесіне жиі бас сұқпаған Нариман сол күні жол шетінде телміріп тұрды.
Жаназа өткен соң, қара шаңырақта түн тыныштығы орнап, Нағи мен Наркенже кетерінде Нариман есік алдында ұзақ тұрды. Әкесінің таяғы сүйеулі, босағада ілулі ескі күпісі... Бәрі сол қалпы.
Ол үйге кіріп, әкесінің төсегіне отырып.
– Әке, кешіріңіз! Жақын жүріп, алыстап кеткенімді енді түсіндім...– деді дауыстай жылап.
Терезеден түскен күн сәулесі шаңырақ ішін жарық қылды. Сыртта бұзаулы сиыр мөңіреп тұр. Өмір жалғасып жатыр. Сол күні Нариман бір шешімге келді. Әкесінің үйін жауып тастамай, қара шаңырақты қайта тірілтуге бел буды. Апта сайын келіп, от жағып, ауласын тазалап тұратын болды. Балаларын ертіп келіп:
– Мынау – сендердің атаңның үйі, – дейтін.
Уақыт өте өкініштің оты бәсеңдегенмен, жүрек түбіндегі сыз кейде көңілге салмақ түсіретін. Бірақ сол сыз Нариманды есейтіп, өзгерткендей. Әр қоңырауға жауап беретін, әрбір кездесуді кейінге қалдырмайтын адамға айналдырды. Осы бір болмашы дүниелер оған ештеңені елеусіз қалдырмауды, барды уақытында бағалауды үйретті.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ,
Фото: Жасанды интеллект
24 ақпан 2026 ж. 36 0

БАҒА БАҚЫЛАУДА

24 ақпан 2026 ж. 36

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728