Жанға жүк болған тағдыр

Әмірбектің жастық шағы үміт пен арманға толы еді. Ол Айназға үйленгенде, өмірінің ең бақытты кезеңі басталғандай көрінген. Екеуі де болашаққа сеніп, ұл-қыз сүйіп, шаңырақтың шаттығын бірге көтереміз деп ойлады. Бірақ тағдырдың таразысы ауыр соқты. Айназдың жүрегі нәзік пе, әлде сабыры таусылды ма, ол бір күні ешбір түсініктеме берместен, ұлын әкесіне қалдырып, өз бақытын басқа жақтан іздеуге кетті.
Әмірбек үшін бұл күн өміріндегі ең ауыр сынақ болды. Қолында бес жастағы ұлы Мирас. Әке болғанымен, енді ана орнына да өзі тұруға тиіс еді.
Күндер жылжып, тіршілік өз арнасымен ағып жатты. Таңғы салқынмен жұмысқа кеткен әке кешке қарай шаршап-шалдығып үйге оралады. Үйдің төрінде әкесін күтіп отыратын жалғыз ғана қуаныш – Мирастың мөлдір көздері. «Әке, шаршадың ба?» деген бір ауыз сөздің өзі Әмірбекке қанат бітіретін.
Бала ана мейіріміне шөліркеп өсті. Бірде кешкісін мектептегі ертеңгілікке дайындық кезінде ұстазы «Аналарың мерекеде құттықтайды» дегенде, Мирас үнсіз қалған. Сыныптастары қуана жарыса сөйлесіп жатқанда ол терезеге қарап, көзін жасқа толтырған. Мұны естіген әкенің жүрегіне қанжар қадалғандай болды.
– Балам, анаң жоқ болса да, сен жалғыз емессің. Әкең бар. Біз екеуміз бір-бірімізге тірекпіз, – деп құшақтай берді Әмірбек.
Уақыт өте келе Мирас есейіп, әкесінің қайсарлығын түсіне бастады. Ол өзінің достарына «менің анам жоқ, бірақ ең мықты әкем бар» деп мақтанатын. Әке жүрегіне бұдан артық қуаныш бар ма?!
Бірақ кей түндері Мирас түсінде анасын көріп оянып кететін. «Әке, анамды сағындым…» деген сөзді естігенде Әмірбек жылап жібергісі келетін. Бірақ ұлының қасында көзіне жас көрсетпеді. Өйткені ол ұлына «қайсар бол, тағдырға мойыма» деп үйретуі тиіс еді.
Айназ қайда жүр? Бәлкім, қалада, бәлкім, бөтен елде… Бірақ ол кеткен жерде артында қалған тағдырдың ауырлығын ойлады ма? Бір әкенің иығында екі адамның жүгі тұрғанын сезінді ме?
Осы сәттерде Әмірбекке әлем қатыгез көрінетін. Бірақ оның жүрегінде бір ғана күш бар еді, ол ұлына деген махаббат. Ол үшін бар қиындыққа төзді.
Жылдар өте Мирас мектеп бітірді. Сыныптың алдында сөз сөйлегенде ол:
– Бүгінгі жетістігімнің бәрі әкемнің арқасы. Ол – менің әкем ғана емес, анам да, ең жақын досым да, – деді жымия.
Залда отырған Әмірбектің көзінен еріксіз жас ақты. Ол үшін бұл – өміріндегі ең үлкен марапат.
Бүгінгі күні «шешесіз тағдыр», «тастанды бала», «жалғызбасты әке» деген ауыр тіркестер бізге бейтаныс болмай қалды. Мирас сияқты мыңдаған бала ананың аялы алақанын сезінбей өсіп келеді. Бірақ дәл осындай тағдыр иелерінің жолында Әмірбектей қайсар, адал әкелердің бары үміт отын маздатады.
Арайлым ЖҮСІПОВА