Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі

Аға

Бұлар бес ағайынды. Бекжан үйдің үлкені. Ізінен ерген үш інісі мен жалғыз қарындасын бала кезінен қызғыштай қорғап жүреді. Әкелері о дүниеге сапар шеккенде Бекжан оныншыны енді бітірген бозбала болатын. Жар ортада жарынан қапыда айырылып қалған анасы қайғының қара қамытын киді. Арада қанша уақыт өтсе де өз-өзіне келе алмады. Жолдасы барда жұмыс істеп көрмеген Күнсұлу бес баланы қалай асырарын білмей алақтап қалды. Бұғанасы бекіп, қанаты әлі қатая қоймаған балаларына қарап, күйзеліске түсті. Бұрынғы жайдары жандар, мол дастархан, құт-береке бұлардан алыстап бара жатқандай еді.
Бекжан түске дейін мектепте оқиды. Түстен кейін жүк пойыздарынан зат түсіріп, нәпақа тауып жүрді. Кейде жүк пойызы сабақ уақытында келіп қалып, қаржыдан қағылып қалатын. Ондайда ауылдың шет жағындағы кірпіш шығаратын зауытқа түнгі жұмысқа жүгіреді. Тапқан табысы қоралы жанды тоя тамақтандыруға жетпесе де, жүрек жалғауға жарайтын.
«Уақыт – емші» деген. Күнсұлуда еңсесін тіктеп, жұмыс іздей бастады. Ерлермен иық тірестіре жұмыс істеуге денсаулығы жарамайтын. Қанша іздесе де қолайлы жұмыс таппады. Енесінен қалған ескі тігін мәшинесін шығарып, тігіншілікке бет бұрғысы келген. Алайда бұл жұмысқа сұраныс бола қоймады. Бекжанның қасына кейде 7-8 сыныпта оқитын екі інісі еретін. Тілерсектері майысып, бойларымен бірдей қаптарды аяқтары қалтырай көтерген қос бауырын көргенде Бекжанның жүрегі сыздайтын. Үйден шығарда:
– Жоқ сендер бармайсыңдар, – дегеніне көнбей, екеуі ізінен ере жүгіретін. Ағасына болысқан түрлері ғой. Үшеуінің де оқу үлгерімі ақсады. Ұстаздардан жиі ескерту алатын болды. Кешкілік ауыр жұмыстан келіп, тамақты ішер-ішпестен шаршап, сұлайтын бұлардың кітап бетін парақтауға шамалары жоқ еді. Таңертең көздерін тырналап ашып сабаққа әрең баратын. Сабақ үстінде қалғып-мүлгіп отырып, мұғалімнің бір сөзін естісе, біреуін естімейтін қалге түсті.
Бір жылда сырғып өтті. Бекжанның сыныптастары арман қуып, үлкен қалаларға аттанды. Бекжан «білікті дәрігер боламын» деген бала арманын жүрегінің түкпірінде құлыптап, кірпіш зауытқа жұмысқа орналасты. Басшылары Асқар аға өте жақсы адам. Бір жыл бойы еңбекқорлығымен көзге түскен бұны кабинетіне өзі шақырып алып:
– Ал балам, қандай ойың бар? Мектепті бітіріп жатырсың... дегенде Бекжан ойланбастан:
– Аға, сізде жұмыс жасай берейін, – деген еді.
Асқар аға да осы жауапты күткендей: «Бүгіннен бастап, тұрақты жұмысың бар. Таңертеңнен бастап кіріс. Ал, сәттілік», – деді де арқасынан қағып, сыртқа шығып кетті. Бекжан үйге құстай құшты.
– Апа, мені Асқар аға жұмысқа алды, – деп анасын құшақтай алды. Анасы аса қуанбаған сыңайлы. «Құлыным» – деп құшағына қысып, маңдайынан сүйді. Алақаны сондай жылы еді. Күнсұлудың жанарына жас үйірілді. Іштей «Әттең, сенде қатарластарың секілді, қалаған мамандығыңды меңгергеніңде ғой» деп езілді.
Аурушаң анасын, мектеп жасындағы төрт бауырын асырау Бекжанның басты мақсатына айналды. Жұмысында да елгезек, еңбекқор бала деген атақ алды. Бұрын бұны тек кірпішті тиеюге жұмсайтын. Асқар аға тапсырғалы кірпіш құюшы Кеңес шебер қасына алып, кірпіш құюдың қыр-сырын үйрете бастады.
Бір жыл өткенде Асқар аға тағы кабинетіне шақырды. Бекжан біртүрлі қобалжып тұр. Не айтар екен?
– Балам, қалайсың? Жұмысқа төселдің бе?
– Иа, аға қолдан келгенін жасап жатырмыз.
– Сен қолдан келгенін жасама. Одан да артық бол, – деп күлді Асқар аға.
Бекжан шынымен қобалжи бастады. Нені дұрыс жасамадым екен, жұмыстан шығармаса болар еді деп ойлар жегідей жеп барады.
– Бекжан, мынау шығып жатқан кірпіштердің сыртын оюлайтын техника шығыпты. Соны алғым келеді. Бірақ техниканың тілін білетін маман болмай тұр. Соған сен бір ай оқып келсең қайтеді. Көрші қалада ою-өрнекпен шығарып жатқан зауыт бар. Сөйлесіп қойдым, маманыңды жібер деп отыр. Соған сені лайық көрдім. Бұған өзің не дейсің?, – деп сұраулы жүзбен қарады.
– Әрине болады аға. Қашан баруым керек?
– Бүгін жұмыс аяғын күтпе, үйіңе қайт. Жолға дайындал. Ертең ерте шығасың, – деді.
Анасына, бауырларына айтып жолға шықты. Бұл күндері Күнсұлудың денсаулығы кәдімгідей сыр беріп жүрген еді. Баласына білдірмей, ас-суын күліп дайындап отыратын. Еңбекке ерте араласып, бір отбасын асырап отырған үлкен ұлын ауруын айтып, уайымға салғысы келмейтін.
Бекжан білікті маманға айналды. Оқып келген білімін іс жүзінде жүзеге асырып, тіпті түрлендіріп отыруға тырысатын. Әріптестерінің арасында да сыйлы. Айлық табысы да артып, анасын, бауырларын керек-жарағымен қамти алатын дәрежеге жетті. Бекжанды қуантатыны – бауырларының бірінен соң бірі мектепті үздік бітіріп, мамандық алуға ұмтылатыны еді. Әсіресе кішкентай қарындасы: «Аға, мен дәрігер боламын. Сіз жетпеген жетістікке жетемін. Анамды, сіздерді емдеймін», дегенінде Бекжанның қуаныштан төбесі көкке бір елі жетпей қалатын.
Еңселері тіктеліп, ел қатарлы мамыражай өмір сүріп жатқан тату отбасының басына тағы да сынық келді. Сұм ажал бес баланы жалғыз жанашырлары, аяулы аналарынан да ерте айырды. Күнсұлу бір айға жуық уақыт төсек тартып жатты да әкелерінің қасына аттанып кете барды. Көзі тірісінде анасы Бекжанға: «Балам, саған ризамын. Қарындасыңа қамқор бол. Бауырларың өзіңе аманат» деп айта беруші еді.
Бекжан бәрін оқытты. Бауырларының да бұл дегенде шығарға жаны бөлек. Ағалап, асты-үстіне түседі. Екі інісі оқып бітіріп, шаңырақ көтерді. Өздері оқыған қалада жұмысқа орналасқан сонда тұрып жатыр. Төрт ұлдан кейінгі жалғыз қыз Жансая студент. Медицина саласын таңдады. Бұған ағасы қатты қуанды.
Ұлдың кенжесі Қанат мұғалім. Кеше дастарқан басында үйленгісі келетінін ағасына жеткізді. Бауырларына «маған алаңдамай отбасын құрыңдар, жолымды бердім» деп Бекжан әлдеқашан рұқсатын берген. Уақыт шіркін жүйрік ғой. Бекжан бауыларын жетелеймін деп жүріп, қырықтың қырқасына қалай шыққанын білмей қалды. Жүрегін селт еткізіп, көңілі түскен қыздар болмады емес, болды. Дегенмен Бекжанның көкірегінде: «Бауырларыма қалай қарайды? Ренжітіп қоймас па екен?» деген сауал тұрды. Әсіресе, әке мейіріміне қанып үлгермеген, анасымен бойжеткен болып сырласа алмаған кішкентай қарындасын ойлайтын.
Жұмыс үстелінің үстіндегі отбасылық суретке қарап, Бекжан ойланып кетіпті. Бұл фотода төрт көздері түгел. Жансая тым кіші екен-ау. Алдыңғы қатардағы әкесі мен анасы. Әкесінің қолында кіші інісі Қанат, анасы Жансаяны құшақтап отыр. Үш жігіт екінші қатарда түрегеп тұр. Бәрі күні кешегідей есінде. Әкелерімен түскен соңғы сурет осы. Бекжан ара-тұра әке-шешесімен сыраласды. Бұл әңгімесін айтқанда екеуі де жымиып тыңдап отырады. Дәл фотодағыдай.
Бүгінде Бекжан жұмысшы болып кірген кірпіш зауыт үлкен кәсіпорынға айналды. Бекжан да басшылық қызметтердің бірінде. Бауырлары да шүкір, қатарға қосылып, аяқтанып кетті. Жақында шаңырақта тағы той болмақ. Кенже інісі келіншек аламын дейді. Келесі кезекте қарындасы тұр. Оны да құтты орнына қондырып, бағын тапқанын көруді армандайды ағасы. Бекжан – асқар тау аға. Алайда асыл жар, ардақты әке атанбады.
Тағдырдың тосын сыйы таусылған ба? Бауырларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өсірген Бекжанның да бағын жағар бойжеткен кезігіп қалар.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
12 қыркүйек 2023 ж. 154 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 42

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 38

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 42

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930