Шуақты шаңырақ
Отбасы – шағын мемлекет. Әр шаңырақтың өзіне тән әдет-ғұрпы мен ұстанымы бар. Балаларына «ешкімнің ала жібін аттама, әркез әділ болып, ісіңе адалдық таныт» деп тәрбиелейтін жанұялардың бірі – Қазалы ауданына қарасты Абай ауылының тұрғындары Кәдіровтер әулеті.
Отбасының тірегі Жарылқасын ақсақал мен отанасы Миуагүл Ердалы Абай колхозының тумасы. Әке-шешеден ерте айырылған Жарылқасын Кәдірұлы артынан ерген іні-қарындастарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып, қақты. Ананың мейірімі мен әкенің жылуын сезіну бақытынан ерте айырылған тоғыз ағайынды Кәдіровтердің үлкені Жарылқасын ата бүгінде жетпістің төртеуінде. Жолдасының бауырларын туған анасындай мәпелеген Миуагүл әжей де жетпістің желкенін тартып мінді. Жастайынан еңбекке араласып, бұғанасы ерте қатқан Жадырасын Кәдірұлы Абай колхозында зоотехник, ферма меңгерушісі, салықшы, Қазалы қаласында военком қызметтерін атқарған. Қай салада болмасын өзінің іскерлігі мен жауапкершілігін танытып, әріптестері арасында сый-құрметке ие болды. Миуагүл ана да уақытында дүкенші, кассир, есепші қызметтерінде болып, ел экономикасының алға өрлеуіне айтарлықтай үлес қосты.
Адалдықты ту етіп, адамгершілікті алға қойған Жадырасыннан тараған ұл-қыздар да өсіп-өнген әулеттің ұрпағы екендігін дәлелдеп жүр. Қыздың үлкені Ақерке Қазалы қаласындағы Қазалысушар мекемесінде бөлім меңгерушісі, Гүлзирасы өзі тұратын Ақай ауылында балабақша тәрбиешісі, Салтанаты Байқоңырда. Ол бес баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған көп балалы ана. Үшеуі де келін болып түскен шаңырақтарының түтінін түтетіп отыр.
Қос қанаты Еркеғали мен Әбілхайыр да өмірден өз орнын тауып, абыройлы қызмет етуде. Еркеғали өрт сөндіруші, ал келіншегі Бағдагүл ұстаз. Қара шаңырақта тұратын Әбілхайыр кәсіпкер. Оның жолдасы Әлия ата-енесіне құрақ ұшып, қызмет қылады. Сол кісілердің жолын берсе деген тілегі де жоқ емес. Мектептегі мұғалімдік қызметінен бөлек, үлкен үйдің шаруасын дөңгелетіп отырған Әлияның жөні бөлек.
– Тағдыр мені көп еркелетпеді. Ата-анамыздан айырылғанда қарындасымның ең кішісі үш жаста еді. Бауырларым ішсін, жесін, осылар қатарынан кем болмасын деп тырбанып тірлік еттім. Құдай қосқан қосағым Миуагүлдің мейірімі бөлек болды. Өзіміздің балаларымызбен қатар бауырларымды да шетке қақпай, мәпелеп өсірді. Үлкен әулеттің отанасына айнала білді. Шүкір, қазір бәрі де өмірден өз орнын тапты. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Әрбірі бір-бір үйдің берекесін күзетіп отырған азаматқа айналды.
Тәңірдің бірде ащы, бірде тәтті сыйын көріп, тең отырғанымызға да елу жыл толыпты. Біздің тілегіміз – балаларымызды, ұрпағымыздың амандығы, елдің тыныштығы ғой, – деп ағынан жарылды Жарылқасын ақсақал бізбен әңгімесінде.
Алланың берген аманаты – бес баланы өмірге әкеліп, барлығына жоғары білім алып берген Жарылқасын ата мен Миуагүл әженің он тоғыз немересі бар. Екі шөпшектің қолынан су ішкен бақытты жандар.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсіл бар. Отбасы – адам үшін жағымды өнегелер мен мұралардың, салт-дәстүрдің сақтаушысы болып саналатын ең жақын әлеуметтік орта. Оның орнықты дамуын жетілдіру ата-ананың міндеті. Бүгінде осы міндет үдесінен шығып, өркенін жайған өнегелі отбасыға айналған Кәдіровтердің көпке үлгілі шаңырағы балалардың шат күлкісімен шуаққа шомылып, нұрланған үстіне нұрланып тұр.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА