Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Интернет алаяқтық: айлакерге арбалмаңыз

Интернет алаяқтық: айлакерге арбалмаңыз

Фото: ашық дереккөзден алынды
«Қалам ақымақтың қолына тисе, көсеуге айналады» деген тәмсіл бар. Бұл сөз бүгінгі ақпараттық қоғамда ерекше мәнге ие. Өйткені адамзатқа шексіз мүмкіндік сыйлаған интернет кеңістігі бүгінде алаяқтардың да негізгі «құралына» айналып отыр. Сандық технологияның дамуы өмірді жеңілдеткенімен, сонымен қатар жаңа қауіп-қатерлерді де бірге ала келді. Соның ең қауіптісі – интернет-алаяқтық, яғни киберқылмыс.
Бүгінгі таңда алаяқтардың әрекеті тек телефон қоңырауымен немесе жалған хабарламамен шектелмейді. Олар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді, онлайн сауда платформаларын, тіпті мемлекеттік қызметтерге ұқсас жалған сайттарды пайдаланып, адамдардың сеніміне кіріп, қаржысын жымқыруда. Қылмыстың бұл түрі шекара талғамайды, жасы мен әлеуметтік жағдайына да қарамайды.
Өңірлік статистикаға жүгінсек, интернет-алаяқтықтың ауқымы жылдан жылға кеңейіп келе жатқаны анық байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы көлемінде интернет-алаяқтықтың 619 дерегі тіркелген. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 308 дерек болған. Яғни бір жыл ішінде қылмыстың бұл түрі 2 есеге, нақтырақ айтқанда 101 пайызға артқан.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай өсімге бірнеше фактор әсер етіп отыр. Біріншіден, халықтың интернетке тәуелділігі артты. Екіншіден, онлайн қызметтердің көбеюі азаматтардың цифрлық қауіпсіздікке салғырт қарауына жол ашты. Үшіншіден, алаяқтардың әрекеті барған сайын «кәсібиленіп», айла-тәсілдері күрделене түсуде.
Бүгінде интернет-алаяқтықтың кең тараған бірнеше түрі бар. Соның ішінде банк қызметкері болып хабарласу, жеңіл несие немесе инвестиция ұсыну, онлайн саудадағы жалған хабарландырулар, әлеуметтік желідегі «ұтыс ойындары, таныстың аккаунтын бұзып, қарыз сұрау сынды түрлері қазір қоғамда жиі көрініс табуда.
Алаяқтар көбіне адам психологиясын жақсы меңгерген. Бірі өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, «шотыңызға қауіп төніп тұр» деп қорқытады, енді бірі оңай табысқа кенелтемін деп үміттендіреді. Кейде әлеуметтік желідегі таныс аккаунтты бұзып, қарыз сұрайды, кейде жалған онлайн дүкен арқылы арбайды. Ортақ белгі біреу – адамды асықтыру, ойландырмау, күмәндануға мүмкіндік бермеу. Осындай сәтте салқынқанды шешім қабылдай алмаған азамат опық жеп жатады.
Интернет-алаяқтықтың құрбанына айналған кейіпкер (аты-жөні редакция өтініші бойынша өзгертілді) өз басынан өткен жағдайды былайша баяндады.
«Маған белгісіз нөмірден қоңырау шалды. Өздерін банк қызметкеріміз деді. Дауыс сенімді, сөйлеген сөзі нақты. Шотымнан күмәнді операция анықталғанын айтып, тексеру үшін код сұрады. Асығып тұрдым, сеніп қалдым. Бірнеше минуттан кейін шотымдағы барлық қаражаттың алынғанын білдім. Сол сәттегі күйімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Өзіме өзім ашуландым, бірақ бәрі кеш еді» дейді Жансая Қасымбек.
Несін жасырайық, жоғарыдағы кейіпкер сияқты алаяққа алданған адамдар қатары күн санап артуда. Өкініштісі, олар өздерінің алданғанын кеш түсініп, кейін ғана тиісті орынға арызданады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, интернет-алаяқтық – қазіргі қоғамдағы ең өзекті қылмыс түрлерінің бірі. Ведомство өкілдері азаматтардың жеке деректерін қорғау мәдениеті әлі де төмен екенін айтады.
Министрлік мәлімдемесіне сенсек, алаяқтар азаматтардың психологиялық әлсіз тұстарын шебер пайдаланады. «Сондықтан кез келген қоңырау мен хабарламаға сын көзбен қарау қажет. Банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы жеке деректер мен кодтарды сұрамайды» дейді олар.
Мамандардың пікірінше, интернет-алаяқтықпен күрестің ең тиімді жолы – халықтың цифрлық сауатын арттыру. Технология дамыған сайын қылмыстың да түрі өзгереді. Сондықтан әр азамат интернетті пайдалану кезінде жауапкершілікті сезінуі тиіс.
Саналы қоғам қалыптастыру үшін әрбір азамат ақпараттық қауіпсіздікке бейжай қарамауы қажет. Бір сәттік сенім, бір қате әрекет жылдар бойы жиналған еңбекті жоққа шығаруы мүмкін.
Сондықтан «маған ондай болмайды» деген немқұрайлылықтан арылып, әр хабарламаға, әр қоңырауға күдікпен қарау – бүгінгі күннің талабы. Цифрлы дәуірде қауіптен қорғанудың ең мықты қалқаны – сақтық, білім және жауапкершілік екенін естен шығармағанымыз жөн.
А. ЖҮСІПОВА
31 қаңтар 2026 ж. 26 0

ЖИ: қауіп пе, құрал ма?

31 қаңтар 2026 ж. 20

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031