Алаяқ айласын асырмасын
Бағзы заманнан бері келе жатқан қылмыстың бір түрі – алаяқтық, адам сенімінің ақталмауы. Ол тек қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс табады. Алаяқтықтың қазіргі уақыттағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де уақыт өткен сайын кең таралып, көбеюде.
Аталған қылмыс түрі бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай – ҚК) 190-бабында нақты түсініктеме берілген. Онда алаяқтық – бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену екені айтылған. Қарапайым сөзбен айтқанда, ол – алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.
Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген. Егерде кінәлі адам жай алаяқтық жасаған болса, яғни ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ал алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған қылмыс үшін аталған баптың 2-бөлігіне сәйкес 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3 және 4 бөліктерінде көрсетілген. Егер алаяқтың ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, оны мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам, лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса. Сонымен қатар ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қылмыстық топ жасаған немесе аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшерінен асатын қылмыс жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сондай-ақ барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.
Бүгінгі таңда ең кең таралып жатқан қылмыстың өте қауіптісі – интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Ғаламтордағы әккілер әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отыр. Алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатқан адамдар аз емес және оның торына кез келген адам шырмалуы мүмкін.
Ендеше интернет алаяқтығы қалай іске асады? Әдетте олар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе жалған аккаунттар ашып, сайт жасап алады.
Жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері – онлайн дүкендер арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр.
Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады.
Компьютер, смартфон, планшеті бар кез келген адамның кез келген уақытта ақпараттық жүйенің, соның ішінде интернет алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін екенін ескеру керек.
Алаяқтың алдауына қалған адамдардың арыздарының көбін тексерген уақытта тергеу органдарына қылмыскерлерді анықтау қиынға соғып жатады, өйткені олар тек ел ішінде ғана емес, шетелдерде, қашықтан анықталып жатады.
Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері жоғарыда айтқандай – онлайн сауда-саттық маңы. Әсіресе сұранысқа ие Instagram, Facebook, WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы мұндай қылмыстар жиі жасалып жатады.
Әдетте әлеужеліде кімнің ақ, кімнің қара екенін ажырату өте қиын. Киімдер, автобөлшектер, күнделікті тұрмыс заттарын сатып, талайдың ақшасын қалтасына басқан қылмыскерлер тұтынушылардың сеніміне қалай кіру керектігін ғана емес, онлайн-сауданың қыр-сырын да мықты меңгеріп алады.
Одан басқа, азаматтардың құжаттарының көшірмелерін пайдаланған интернет алаяқтар құрбандарының атынан онлайн несие рәсімдеп, жәбірленушілер қарызға батып, ешқандай дәлелдеме ұсына алмаған соң несиені өздері төлеп шыққан фактілер де аз емес.
Тергеу барысында несие рәсімделген құжаттарды иелерінің бір кездері жоғалтып алғаны телефон арқылы «Мен адвокатпын, сізге несие мәселеріңіз болса шешіп беруге көмек етемін» деген бір ауыз сөзге сеніп, сөздерін растайтын ешқандай құжаттарын тексерместен, ол адамды көзімен көрмесе де, онымен келісім-шарт жасамаса да, жеке куәлігін WhatsApp желісі арқылы жіберіп, артынан қапыда қалғандары да аз емес.
Банктің қызметкері ретінде өзін таныстырып, азаматтың шотында сақтаулы тұрған еңбек ақысын не депозитте тұрған қаражатын алдап алу мақсатында телефон арқылы әртүрлі тәсілдермен, соның ішінде құрбандарына шоттың, кодтың сандарын айтқызып, ақшаны өзіне аударып алатын алаяқтар да жиі кездеседі.
Кейбір интернет бағдарламаларды смартфон немесе компьютерге орнатқан жағдайда олардың қаншалықты қауіпсіз екенін білген жөн. Мысалы, арнайы бағдарламалар арқылы, алаяқтар кез келген адамның банктік шоттарына оңай кіріп, әр түрлі операциялар жасау арқылы азаматтардың шоттарындағы қаражаттарын шешіп алып жататыны анықталып жатыр.
Интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларын айта кетер болсақ, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеу қажет. Сондай-ақ күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеу керек. Осы талаптарды сақтау арқылы әр адам алаяқтардан өзін қорғай алады.
Ғ.САҒАТОВ,
Қазалы ауданы прокурорының орынбасары,
кіші әділет кеңесшісі
Қазалы ауданы прокурорының орынбасары,
кіші әділет кеңесшісі