Интернет алаяқтарынан сақ болыңыздар – Бас прокуратура

Бас прокуратура осындай қылмыстарды азайту үшін цифрлық технологияларды енгізуді, қолданыстағы нормативтік құжаттарды жетілдіруді, ІТ-бағдарламалар мен қосымшаларды әзірлеуді көздейтін арнайы Жол картасын әзірледі. Алаяқтардың құрбаны болған адамдардың оқиғалары және интернет-алаяқтар туралы фактілер БАҚ-та жарияланып тұрады. Бұған дейін Жол картасын жүзеге асыру аясында БАҚ-да 2 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланды. Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының да, оның аумақтық бөлімшелерінде штат саны көбейді. Онлайн несие алу тәртібін қатаңдату мақсатында биометрика және ЭЦҚ қолдану міндетті болды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге заңсыз онлайн несиелер бойынша ақпарат алмасу туралы Меморандум жасалды. Бұл интернет алаяқтарына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызды бөлігі. Қазірдің өзінде алдын алу шаралары оң нәтижелерін беруде. Өткен жылмен салыстырғанда интернеттегі алаяқтық фактілерінің саны 7-ден 4,5 мыңға дейін (34%-ға) азайды. 808 (644) іс сотқа жолданды. Өңірлерде осындай іспен айналысқан қылмыстық топтар ұсталды. Мысалы, Шымкентте өздерін банк қызметкері ретінде таныстырған 5 адам қашықтан қол жеткізу бағдарламалары арқылы азаматтарға несие беріп, несие қаражатын иемденіп отырған. Ескертеміз, онлайн сауда жасайтын кезде күмәнді транзакциялардан бас тартыңыз! Банк картасының деректерін, шот номерін және қауіпсіздік кодын бөтен адамға бермеңіз! Банктердің күмәнді сілтемелерін ашпаңыз! Күмән туғызған сілтеме бойынша кіріп, ол жерге жеке мәліметтеріңізді енгізбеңіз! Танымайтын адамға ақша аудармаңыз! Егер банк картаңыздан ақшаны заңсыз алып қойса, дереу банкке немесе полицияға хабарласыңыз!
Бас прокуратураның баспасөз қызметі