Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті маман - өндіріс тірегі

Білікті маман - өндіріс тірегі

Ауданда құрылыс жұмыстары жылдан-жылға белең алып, қарқынды дамып келеді. Көрікті нысандар бой түзеп, туған өлкенің өсіп-өркендеуіне құрыш қолдылар басын қосқан ұжымдардың қосып жүрген үлесі зор. Сондай мекеме қатарында Әбдімәлік Сәдуақасұлы басқарып отырған «Намыс-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін атауға болады.
Осыдан жиырма төрт жыл бұрын ашылған серіктестік ел аумағында жарияланатын мемлекеттік сұранысқа қатысып, сапалы көрсеткіштерімен уақыт талабына сай мезгілінде құрылыс нысандарын тапсырып келеді. Ол үшін мұндағы еңбеккерлердің қосқан үлесі сүбелі. Серіктестікте негізгі жұмыстар дәнекерлеушілердің епті қолымен әп-сәтте орындалады. Қаншама ауқымды тапсырыстарды Қыпшақ Сәрсенбай мен Ержан Елубай екеуі қауқылдасып жүріп лезде жасап тастайды. Сондықтан да қос маман намыс құрылыстықтар арасында сыйлы.
Қыпшақ 5-разрядты дәнекерлеуші. Жас та болса, оның бұл салада 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Ал Ержанның 8 жыл еңбек өтілі бар. Ол ағаш ұстасы және пластик есік-терезе жасаумен айналысады. Сонымен қатар дәнекерлеушінің көмекшісі ретінде күнделікті қызметін тиянақты орындайды.
Жалпы дәнекерлеуші металл немесе пластик бөлшектерді арнайы жабдықтардың көмегімен бір-біріне қосатын маман. Жоғары температураны пайдаланып, екі бөлікті балқытып, біртұтас етіп біріктіреді. Бұл мамандық құрылыстан бастап, машина жасауға дейінгі көптеген салада өте маңызды. Сондықтан Қыпшақ пен Ержанның ептілігімен дайындалған дүниелер жұмыс барысында ерекше бағаланады.
Дәнекерлеушілердің жұмысы тек екі металды қосумен шектелмейді. Олар сызбаларды оқып, түсіну. Бөлшектерді дұрыс біріктіру үшін сызбалардағы көрсетілген өлшемдер мен нұсқауларды қатаң сақтау керек.
Жұмыс орнын дайындап, дәнекерлеу алдында металл бетін тазартып, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етеді. Дәнекерлеу жұмысын жүргізу барысында электрод, дәнекерлеу аппараты сияқты құралдарды қолданып, сапалы тігіс жасайды. Дайын өнімді тексеріп, дәнекерленген тігістің беріктігі мен сапасын арнайы әдістермен тексереді.
Құрал-жабдықтарға қызмет көрсету де осы мамандарға тиесілі. Жұмысқа қажетті құрылғылардың дұрыс жұмыс істеуін бақылайды.
Дәнекерлеуші мамандығының маңызына тоқталсақ, бұл мамандық құрылыста, машина жасауда, кеме жасауда, мұнай-газ өнеркәсібінде және басқа да көптеген салада кеңінен қолданылады. Ғимараттардың металл конструкцияларын, көпірлерді және басқа да ірі нысандарды құрастыруға қатысады. Кез келген құбыр автокөліктер, кемелер, ұшақтар және басқа да техника бөлшектерін жасауда және жөндеуде дәнекерлеушінің еңбегімен жасалады. Тұрмыстық қызметтерде үй шаруашылығындағы әртүрлі металл бұйымдарды жөндеу және құрастыруға септігі тиеді.
– Біздің жұмысымыздың сапасына байланысты құрылымның беріктігі мен қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Дәнекерлеуші болу үшін техникалық білім, дәлдік, шыдамдылық және жауапкершілік қажет. Қауіпті жұмыс болғандықтан қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз сақтау аса маңызды. Өйткені дәнекерлеу жұмыстары өрт және басқа да қауіптермен байланысты болуы мүмкін, – дейді Қыпшақ Серікбайұлы.
«Бірлік түбі – береке» деген. Еңбекқор дәнекерлеуші бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білгендіктен ортақ шаруа жолында шаршап-шалдығу дегенді білмейді. Өзгелермен бірге иық тіресе қызмет етіп келеді.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

23 қыркүйек 2025 ж. 27 0

Көкем қайта келе ме?

23 қыркүйек 2025 ж. 39

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930