Қарқыны – қуатты, табысы – тұрақты
Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны мен мәртебесі бар. Сондай қадірлі мамандықтың бірі құрылысшы мамандығы екені баршамызға аян. Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған кәсіп десек жаңылмаймыз. Ауданда құрылыс жұмыстары жылдан-жылға ұлғайып, қарқынды дамып келеді. Көрікті нысандар бой түзеп, туған өлкенің өсіп-өркендеуіне құрыш қолдылар басын қосқан ұжымдардың қосып жүрген үлесі зор. Сондай мекеме қатарында 23 жылдан бері Әбдімәлік Сәдуақасұлы басқарып отырған «Намыс-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін айтуға болады. Құрылыс саласына 45 жыл еңбегін сіңірген Әбдімәлік Сәдуақасұлы басшылық құрған серіктестік ел аумағында жарияланатын мемлекеттік сұранысқа ұдайы қатысады. Сапалы көрсеткіштерімен уақыт талабына сай мезгілінде құрылыс нысандарын тапсырып келеді.
«Құрылысшы мамандығының қадірі – асқақ, маңызы – терең деп білемін. Кез келген мемлекеттің, қоғамның ілгері басуын оның құрылыс, сәулет саласына қарап баға беруге болады. Жылдар ғана емес-ау, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан нысандар, ғимараттар бар. Солардың әрқайсысында құрылысшылардың қолтаңбасы қалған. Терең білім мен білгірлікті, жанкештілік пен жігерлілікті бойына сіңіріп, құрылыс саласында қажырлы еңбек еткен, қазір де еңбек етіп жүрген азаматтар жетерлік. Құрылыс – нағыз еркектердің жұмысы. Бұл жерде батылдықпен қатар сақтық аса маңызды. Оған қоса құрылыс жұмысы өте ауыр. Құрылыс саласы қателікті кешірмейді. Өз өміріңе өзің алаңдаушылық танытып, қауіпсіздік ережесін ұстанбасаң болмайды. Жылдар бойғы жиылған тәжірибенің нәтижесінде жігіттерге бағыт-бағдар беріп, бірнеше буынға тәлімгерлік жасадым. Олардың білікті маман, қолы епті шебер болып қалыптасуына септестім. Бүгінге дейін құрылыстың сапалы жүруіне атсалысып келемін.
Түптеп келгенде, бұл еңбегім туған жерді түлетуге бағытталған игі қадамдар десем болады. Мен әркез еңбектен, білгенімді үйретуден жалықпаймын», – дейді Әбдімәлік Сәдуақасұлы.
Бұл уақытқа дейін талай белестерді артта қалдырған білікті басшы аудандағы іргелі серіктестік жұмысын алға жылжытуда ерен еңбек сіңіруде. «Намыс-Құрылыс» ЖШС өзінің өндірістік базасы, әкімшілік ғимараты, ағаш өңдеу және пластикалық терезе жасау цехтары бар. Бұған қоса кіші бетон жасау цехы бар. Онда темір-бетон бұйымдарын шығару және құрылыс салу, күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысады.
«Намыс-Құрылыс» ЖШС құрылғаннан бастап, «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық Компаниясы акционерлік қоғамының күрделі жөндеу және жобалау Дирекциясының мемлекеттік сату-сатып алу конкурстарының жеңімпазы болды. Батыс-Қазақстан темір жол басқармасы аумағында күрделі құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстарын істеді. Яғни Қызылорда, Төретам, Бесарық, Қазалы, Сексеуіл, Орал, Ақтөбе облысы бойынша Шұбарқұдық, Қандыағаш, Шалқар, Жем, стансалары, Ақтөбе қаласында РИВЦ ғимараты, Атырау облысы Ганюшкина, Маңғышлақ бекеттеріндегі бірнеше теміржол ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізген.
Бұдан да бөлек «Намыс-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылғалы бері қыруар шаруаның басын қайырды. Атап айтсақ, Аранды, Ақтан батыр ауылдық округтерінде, Шәкен учаскесінде бір пәтерлі тұрғын үй, Ғ.Мұратбаев, Алға, Ақжона, Сарыкөл, Бірлік ауылдарында тұрғын үй, Бозкөл ауылындағы емхана, Жалағаш ауданындағы Жаңа қоныс елді мекенінде медициналық бекет және Әйтеке би кентінде ипотекалық үйлер мезгілінде ел игілігіне берілді. Әйтеке би кентінде №5 кәсіптік лицейдің 200 орындық жатақханасы, №28 «Ақбота» балабақшасы, №8 кәсіптік лицей, Қожабақы ауылындағы №17 «Айгүл» балабақшасы, №170 орта мектеп, Қазалы каласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы клубқа жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары абыроймен тапсырылды. Тасарық ауылында 100 орындық мектеп уақытында пайдалануға берілді.
– Келешекте серіктестіктің құрылыс базасын кеңейту жоспарда бар. Қазір ұжымда 50 адам еңбек етеді. Серіктестік жұмысының жүйелі орындалуын орынбасарым Жанболат Сәдуақасов ұтырлы қадағалайды. Сондай-ақ өз ісінің шеберлері өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Мергенбай Кенжалы, жұмыс өндіруші Әбдірахман Алтынбаев, өндірістік база меңгерушісі Нұрлан Кенжебаев өз саласындағы тәжірибелігімен ерекшеленеді.
Сонымен қатар Абылай Сазанбаев, Бахтияр Аролов, Болатбек Жандос, Нұрлан Досмырзаев, Байтелі Дәуқара, Ержан Елеубай, Тимур Қыдырбаев, Қыпшақ Сәрсенбай, Сансызбай Нұржігітов тапсырманы жедел ұйымдастыра білетін қасиетке ие. Жұмысшылар арасында жұмысқа деген ынтасы мол жастар да бар, – дейді Әбдімәлік Сәдуақасұлы.
Әбдімәлік Сәдуақасұлы басшылық ететін серіктестікте тәжірибелі өз ісінің мамандары жұмыс атқарады. Атап айтқанда, директор орынбасары Сәдуақасов Жанболат құрылыс саласында тәжірибесі мол, әрі білікті маман деп айтуға болады. Осы білгірлігінің арқасында жоғары нәтижелі көптеген обьектілер тапсырылды. Ұжым арасында үлкен абыройға ие. Өндірістік техникалық бөлім басшысы Кенжалы Мергенбай, қызметкері Аралбаев Тұрар тәжірибелі әрі білікті маман. Жұмыс өндіруші Алтынбаев Әбдірахман өз ісінің маманы және құрылыс саласында тәжірибелігімен ерекшеленеді. Өндірістік базасының меңгерушісі Кенжебаев Нұрланның алғырлығы мен тапқырлығы және тапсырылған тапсырманы нәтижелі әрі жедел түрде ұйымдастырады. Механизм ремонттау жұмыстары жедел әрі қарқынды деңгейде жүргізілуде. Вагон түсіру және тиеу жұмыстары жылдам әрі уақытында орындалуда.
«Біздің ұйым осында жүргендердің барлығына, үнемі қажетті көмек көрсетеді. Аз қамтылған отбасыларға мүгедектерге және қарттарға көмек көрсетуге мұқтаж жандарға және қайырымдылық демеушілік науқандарға белсенді қатысады. Біз көп жылдар бойы құрылыста және кәсіпкерлік қызметте елеулі табыстарға қол жеткіздік. Қазақстанның осы әлеуметтік статистикасы бойынша біздің кәсіпорын 2013, 2014, 2015, 2016, 2018, 2020, 2021 жылдар бойынша «Сала көшбасшысы» құрмет атағына ие болып, Ұлттық сертификаттар берілді», – дейді білікті басшы.
Құрылыс саласындағы қызметтері бойынша, жоғары мемлекеттік қызметтің үлгісі болып табылатын, ерекше еңбек жетістіктері үшін Әбдімәлік Өтеулі «Қазақстан Даңқы» орденімен, «Қазақстан экономикасының Даңқы жұлдызы» ордендерімен және «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Бірнеше рет Қызылорда облысы, Қазалы аудандық және облыстық әкімдіктерінің Құрмет грамотасымен және ҚР Индустрия және даму министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Басқару процесіне қосқан жеке елеулі үлесі, ерекше еңбек жетістіктері, еңбекке деген адалдығы мен кәсіби шеберлігі бағаланып, «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» атағы кәсіпорынның директоры Әбдімәлік Сәдуақасұлына берілді. Жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін басқарма мамандары мен инженерлік-техникалық қызметкерлер де марапатталды. Жоғары еңбек жетістіктері мен кәсіби шеберлігі үшін директордың орынбасары Жанболат Жолдасұлы «Еңбек қызметіндегі тиімділігі үшін» медалімен марапатталды. Қызылорда облыстық құрылыс басқармасының Алғыс хатымен, Қазалы аудандық және облыстық әкімдіктерінің Құрмет грамотасымен Жанболат Сәдуақасов марапатталды. Басқару процесіне қосқан жеке елеулі үлесі, ерекше еңбек жетістіктері, өз ісіне адалдығы мен кәсіби шеберлігі үшін Мергенбай Жеткербайұлы «Жыл маманы – 2013» номинациясы бойынша Ұлттық сертификатпен марапатталды. Қызылорда облыстық әкімдігінің Құрмет грамотасымен, Қазалы аудандық құрылыс басқармасының Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Индустрия және Даму министрлігінің Құрмет грамотасымен Мергенбай Жеткербайұлы марапатталды. Кәсіпорынның дамуына қосқан елеулі үлесі, жемісті еңбегі, жоғары кәсіби деңгейімен, өз ісіне адалдығы үшін Ғалымжан Елеубайұлы «Бухгалтерлік есеп және аудит 2013» номинациясы бойынша Ұлттық сертификатпен марапатталды. Қазалы ауданы әкімдігінің Алғыс хатымен және Қазақстан Республикасы құрылыс министрлігінің Құрмет грамотасымен Абрахмен Шоланұлы марапатталды. Басқару процесіне қосқан жеке елеулі үлесі, ерекше еңбек жетістіктері, өз ісіне адалдығы және кәсібилігі үшін Тамара Трунова «Жыл маманы 2015» номинациясы бойынша Ұлттық сертификатпен марапатталды. Басқару процесіне қосқан жеке елеулі үлесі, ерекше еңбек жетістіктері, өз ісіне адалдығы және кәсібилігі үшін Нұрлан Рысдәулетұлы «Жыл маманы – 2015» номинациясы бойынша Ұлттық сертификатпен марапатталды.
Үлкен отбасында тәрбиеленген Әбдімәлік Өтеулі әкесі Садуақастың қарапайымдылығы мен қанағатшылдығын бойына сіңіріп өскен. Сондықтан да мұқтаж жандарға қайырымдылық пен қолдау жасауды парыз санайды. Жомарт басшы ауданда өткізілетін шаралардан шет қалмай, қолдан келгенінше көмек береді. Ел қуанышына ортақтасады. Тұрмысы төмен отбасының балаларына мектепке қажетті бұйымдарды алуға қаржылай қолдау көрсетеді. Аудандағы «Намыс» футбол командасына және «Эволюшн» жайдарман тобына ұдайы демеушілік жасап келеді.
Аудандағы көптеген құрылыс нысандарында өз қолтаңбасын қалдырған іргелі серіктестікке әр жылдары «Сала көшбасшысы» ұлттық сертификаты табысталды. Сондай-ақ серіктестік ісін өрлеткен басшыға аудан және облыс әкімдерінің Алғыс хаттары табыс-талып, «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы, Қазақстанның «Даңқ», «Экономика Даңқы жұлдызы» төсбелгілері ұсынылды.
Ісі алға басқан серіктестік басшысы жұмысшыларға қажетті жағдай жасап, ауданның көркеюіне барынша атсалысатынына сенім мол.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА