Кент көшелері жаңаруда
Өңір дамуында оң өзгерістер жетерлік. Қай салада болсын мүмкіндігіне қарай ілгерілеушілік байқалады. Әсіресе аудандағы жол жайы көңіл қуантарлықтай. Көптің көкейінде жүрген мәселелер ескеріліп, автомобиль жолдары жөндеуден өтуде. Кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда.Бәріміз білетіндей, өткен жылы аудан орталығы – Әйтеке би кентінің 2-кварталында орналасқан Амангелді Дүйсекеев көшесіне «Нұрас и К» ЖШС мердігер мекемесі қиыршық тас төсеу жұмыстарын бастаған болатын. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты жөндеу жұмыстары толық аяқталмай қалған еді. Биыл бұл көшені жөндеу жұмыстары қайта жалғасып, тиісті қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан бірнеше күннен бері асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Жуырда аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың тапсырмасына сәйкес аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев көшедегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Ол жұмыс сапасына жіті мән беріп, ауа райы қолайлы кезеңді тиімді пайдалану қажеттігін ескертті. Сондай-ақ көшені күн суытқанға дейін толық аяқтап, белгіленген талаптарға сай сапалы орындауды тапсырды.
Айта кету керек, өткен жылы аталған аумақта халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға арнап тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілген болатын. Сондықтан бұл көшенің жөнделуі сол үйлерде тұратын тұрғындар үшін де маңызды. Орташа жөндеуден өтіп жатқан көшенің жалпы ұзындығы – 1115 метр.
Жалпы, биыл Әйтеке би кентіндегі жол инфрақұрылымын жақсартуға бірқатар қаржы бағытталды. Атап айтсақ, Жанқожа батыр көшесінің айналма жолын салуға 378,7 миллион теңге, А.Талқанбаев көшесін қайта жаңғыртуға 114,9 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, кенттің 12 көшесіне ағымдағы жөндеу жүргізу үшін аудандық бюджеттен 81,6 миллион теңге қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылды.
Бүгінде аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 91 пайызы жақсы жағдайда. Алдағы уақытта «Қожабақы – Аранды» бағытындағы және «Қарлан» учаскесінен Бірлік ауылына дейінгі жолдарды жөндеу жоспарланып отыр.
А.ЖҮСІПОВА














