"Намыс – Құрылыстағы" қарқынды қимыл
Алтын бесікке баланған туған жердегі құрылысқа қатысты қат-қабат тірлікке қызу араласып, сәулеттік сән-салтанатын арттыруға «Намыс – Құрылыс» ЖШС-ның қосып отырған үлесі аз емес. Іргетасы қаланғанына биыл он тоғызыншы жылға аяқ басқан бұл ұжым сонан бері белгіленген мерейлі міндеттер үлесінен табылып келеді.
«Арық сөйлеп, семіз шығу» үрдісін ұстанған намысқұрылыстықтардың осы жылдың алты айы ішіндегі жетістіктері де жүрекке жылылық ұялатады. Олай дейтініміз, қазіргі күнге дейін бірқатар баянды бастамалар қолға алынды. Атап өтсек, құрылысшылар күшімен Әйтеке би кентінің солтүстік батыс беткейіндегі басқақпаға апаратын үлкен жол бойындағы 7 гектар алқап қоршаумен бекітіліп, сексеуіл егу қамтамасыз етілген. Сонымен бірге Жанкент ауылындағы саялы ағаш отырғызуға арналған 530 метр жер торланған шартақпен қоршалды.
Бұдан бөлек, Қазалы қаласындағы Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектебі спорт залының көптен жөндеу көрмеген терезелері жаңаланып салынды. Соңғы кездері кент тұрғындары бос уақытын өткізуге көптеп жиналатын Қ.Пірімов көшесі бойындағы алаңды қосымша абаттандыру да мерзімінде мұқият орындалды.
Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ұжым мүшелері ортақ шаруа жолында шаршап-шалдығу дегенді білмейді. Қауырт қимыл үстінде бір-бірін қолдап, қуаттап отырады. Жоғарыдағыдай жарқын істерді дер кезінде тиянақты тындырған құрыш қолды азаматтар бүгіндері Бозкөл, Бірлік ауылын абаттандыру жолындағы ауқымды тірлікпен айналысуда. Аталған елді мекендердің орталық саябақтары қоршалып, брусчатка төселіп, түнгі жарықшамдармен жарықтандырылуда. Төріне сахна орнатылып, адамдар отыратын күрке, орындықтар қойылуда. Балалар ойын алаңы және спорттық жаттығу құралдарымен жабдықталуда.
Бұл әлеуметтік нысандардың әрқайсысы өзінің алдын ала белгіленген құрылыс жобалары талаптарына сай жүргізілуде. Бозкөлдегі учаскеге серіктестік директорының орынбасары Жанболат Садуахасов, Бірлікке прораб Әбдірахман Алтынбаев басшылық етіп, әріптестерін өрелі іске жұдырықтай жұмылдыруға ұйытқы болуда. Тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған демалыс орнының сапалы аяқталуына автокөлік жүргізушісі Байтелі Дәуқара, автокраншы Болатбек Жандос, механизатор Темірбек Биманов, ағаш ұсталары Құрманғазы Құрманбаев, Қази Сабырбаев белсене араласып, өзгелерге үлгі көрсетуде.
Өндіріс меңгерушісі Нұрлан Кенжебаевтан білгеніміз, саябақтарға қажетті темір қоршаулар, қақпа, қоқыс жәшігі, жарықтандыру бағаны, тағы басқа да қажетті заттардың бәрі де серіктестік жанындағы арнаулы цехта дайындалады екен. Оның басы-қасында жүрген электрмен темір пісірушілер Қыпшақ Сәрсенбай, Дастан Алпысбаев, Асылбек Ізтілеу, ағаш ұсталары Ержан Елубай, Бауыржан Бақытжанұлы да өз мамандығының шынайы шеберлері.
Кең аула ішінде айналаға көз қарықтырар өткір сәуле шашып, алдындағы қақпа есігін дәнекерлеп жатқан темір пісіруші Асылбек Ізтілеуді сәл кідіртіп, сөзге тартқанымызда: «Мен Қазалы қаласындағы аграрлы-техникалық колледжден мамандық алып, 2015 жылдан бері осында еңбек етіп келемін. Темір пісірушілік кәсібім өзіме ұнайды. Кіндік кесіп, жөргек жуған жерімнің өсіп-өркендеуіне тамшыдай болса да үлес қосып жүргенімді іштей мақтаныш етемін. Жұмыстастарымның үлкенін аға, кішісін іні тұтамын. Ай сайынғы жалақымыз үзбей беріліп тұрады, қалаған жұмысымызды алаңсыз атқаруға жағдай жасалған», – деді.
Бірлік түбі – береке. Жоғары білімді инженер құрылысшы, білікті басшы Әбдімәлік Садуақасұлы Өтеулі басқарған «Намыс – Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымы төл мерекені осындай қомақты табыстармен қарсы алып отыр.
Сахи ҚАПАР