Қазақстанда автокредит алуға берілген өтініштердің 17%-ы ғана мақұлданады
Фото: depositphotos.com2026 жылдың алғашқы жартысында банктерге автокредит алуға 2,7 миллион өтініш түсті. Оның тек 17%-ына несие беруге рұқсат етілген. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Finprom.kz сарапшыларының хабарлауынша, реттеуші бөлшек кредит нарығын бәсеңдетуге бағытталған шаралар қабылдап жатқанына қарамастан, автокредит сегменті өсіп келеді. 1 қазандағы дерек бойынша, банктердегі көлік сатып алуға берілген несиелер портфелі 4,4 триллион теңгеге жетті. Жыл басынан бері ол 8,5%-ға өскен. Ал бөлшек кредит портфелі жалпы алғанда 7,6%-ға артты.
Автокредиттердің бөлшек несие портфеліндегі үлесі де көбейіп, 16,4%-ға жетті. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері 0,2% тармаққа өскен.
Сұраныс несие портфелінің өсімінен де жоғары. Алғашқы жартыжылдықта бір өтініштің орташа сомасы 7 миллион теңгеден сәл асқан.
Автокредит бойынша өтініштердің мақұлдану деңгейі басқа несие түрлерімен салыстырғанда төмен. 2,7 миллион өтініштің 16,9%-ы, яғни шамамен 450 мың өтініш мақұлданған. Салыстыру үшін, кепілсіз тұтынушылық кредиттердің үштен бірі, ал ипотека өтініштерінің 28%-ы мақұлданады.
Реттеуші автокредиттер бойынша борыш жүктемесінің коэффициентіне қатысты талаптардан босатуды ұзарту туралы шешім қабылдады. Қазір жаңа көлік сатып алғанда, сондай-ақ қолданылған көлікке бастапқы жарна кемінде 50% болған жағдайда борыш жүктемесінің коэффициентінің талабы қолданылмайды. Үш жылға дейінгі қолданылған көлікке бастапқы жарна кемінде 30% болса да жеңілдік беріледі.
Қазақстанда борыш жүктемесінің коэффициентінің шегі — 0,5. Банк осы талап қолданылатын несие бергенде, қарыз алушының барлық кредит бойынша ай сайынғы төлемдері жаңа несиені қоса алғанда, орташа айлық табысының 50%-ынан аспайтынын тексереді.
Айта кетейік, 2027 жылдан бастап Қазақстанда автонесие алу қиындауы мүмкін: банктер қарыз алушының табысы мен барлық несие бойынша ай сайынғы төлемдерін мұқият тексереді. Соның салдарынан төлемі табысына шаққанда жоғары немесе басқа несиелері көп адамдардың өтініші мақұлданбауы ықтимал.











