Қазақстан құрамасы боччадан Әлем кубогінде тарихи алтын медаль жеңіп алды

Қазақстан ұлттық құрамасы Бразилияның Сан-Паулу қаласында өтіп жатқан боччадан Әлем кубогінде жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына екі медаль салды.
Халықаралық жарысқа 24 мемлекеттің үздік спортшылары қатысуда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Байрақты бәсекеде Қазақстан намысын үш параспортшы қорғап жатыр. Олар – BC1 санатында өнер көрсететін Қуаныш Асқарбеков, сондай-ақ BC2 санатындағы Итиана Шыңғысханова мен Азамат Аманша.
Жекелей сайыстардың қорытындысы бойынша Қуаныш Асқарбеков қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді. Ал Итиана Шыңғысханова күміс жүлдеге қол жеткізді. Осылайша қазақстандық спортшылар халықаралық додада ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсетті.
Қазіргі уақытта ұлттық құрама командалық сайыстарға қатысып жатыр. Бұл кезеңде отандастарымыз тағы сегіз елдің өкілдерімен бірге жүлделі орындарға таласуда. Спортшылардың елге оралуы 13 қарашаға жоспарланған.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және паралимпиадалық емес бағыттарды қамтитын спорттың 35 түрі дамып келеді. Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортпен айналысуына жағдай жасау мақсатында да бірқатар шара қолға алынған.
Мәселен, 2025 жылы заңнамаға I топтағы мүгедектігі бар спортшыларды сүйемелдейтін адамдардың мәртебесін бекіту және олардың халықаралық жарыстарға қатысуын қаржылай қолдау жөнінде өзгерістер енгізілді. Ал биыл спорттың қолайлы түрін таңдап, жаттықтырушымен байланысуға мүмкіндік беретін @parasport_kz_bot Telegram-боты іске қосылды.
Қазақстандық спортшылардың Әлем кубогіндегі жетістігі отандық параспорттың дамып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы командалық сайыстарда да ұлттық құрамаға сәттілік тілейміз!











