Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпір құрылысы: қарқын мен сапа

Көпір құрылысы: қарқын мен сапа

Елді мекендерді байланыстырып, экономикалық әлеуетті арттыруда жол-көлік инфрақұрылымының атқарар орны ерекше. Әсіресе, өзендер мен тосқауылдар арқылы өтетін көпірлердің сапасы мен қауіпсіздігі – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар халықтың игілігіне қызмет етіп, өңірлер арасындағы қатынасты жақындата түсуде.
Жалпы аймақта көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастамалар жүзеге асуда. Соның бірі – Қазалы аумағындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналасқан көпірлердің құрылысы. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов құрылыс жұмыстарын аралап, нысандардағы құрылыс сапасы мен жұмыс қарқынын ұдайы бақылауда ұстауда. Мақсат – стратегиялық маңызы бар нысандардың сапасын бақылау, мердігерлердің жұмыс қарқынын пысықтау және туындаған мәселелерді сол жерде шешу. Бұл маңызды инфрақұрылымдық жоба өңір тұрғындарының қауіпсіздігі мен көлік қатынасын жақсартуға бағытталған.
«Қожабақы – Бекарыстан би» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 25-шақырымындағы темірбетон көпірін қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 1976 жылы пайдалануға берілген көпір осы уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Көпірдің тіреу конструкция­лары мен плиталары тозып, бірқатар бөліктері бүлінген. Аталған өткел Қожабақы, Жалпақ және Бекарыстан би елді мекендерінің тұрғындары үшін, әсіресе Сырдария өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, қалқымалы көпірлер алынған кезеңде аудан орталығымен қатынасты қамтамасыз ететін маңызды нысан саналады. Бұған дейін тұрғындар тарапынан аталған көпірді жөндеу мәселесі көтеріліп келген еді. Биыл аймақ басшысы Мұрат Ергешбаевтың қолдауымен көпірді қайта жаңғырту жұмыстарына қаржы бөлініп, мердігер мекеме «Гүлнұр МК» ЖШС жуық арада құрылыс жұмыстарын бастаған. Бүгінде тозығы жеткен көне көпірді алып тастау, каналға елді мекен тұрғындары үшін уақытша өткел салу жұмыстары жасалуда.
Қожабақы ауылы маңындағы «Қазалы–Қожабақы–Бозкөл–Кәукей» автомобиль жолының 32,1 шақырымында орналасқан темірбетон көпірді қайта жаңғырту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Жаңа көпірдің ұзындығы – 21,6 метр, жүру бөлігінің ені – 7 метр. Қазіргі таңда аталған көпірдегі құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Көпір бетіне және кіреберіс аумақтарына асфальт төсеу жұмыстарына дайындық жүргізіліп, екі бетіндегі қоршауларды орнату жұмыстары жүргізілуде.
Сырдария өзені арқылы өтетін «Қарлан» көпірінің құрылыс алаңында да қызу тірлік қайнап жатыр. Қазір көпірдің 84 қаданы қағу жұмыстары толық аяқталып, 8 тіреудің барлығы орнатылған. Көпірдің негізгі аралық құрылымдарын монтаждау жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар көпірдің бір бөлігін асфальттау аяқталып, екінші бөлігінде асфальт төсеуге дайындық ретінде қиыршық тас төселуде. Құрылыс жұмыстарына 30 арнайы техника мен 80 жұмысшы жұмылдырылған. Нысанның бас мердігері – «Нұрлы Тау ЛТД» ЖШС.
– Халықтың қауіпсіздігі мен жайлылығы бірінші орында тұруы тиіс. Әрбір металл конструкциясы, бетон құю сапасы және инженерлік тораптар талаптарға сай жасалуы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады, – дейді аудан басшысы Алмасбек Есмаханов.
Көпірлердің елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуда маңызы зор. Олардың іске қосылуы елді мекендердің қатынасын жеңілдетіп, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай қалыптастырады. Аталған инфрақұрылымдық жобалардың сапалы салынуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, бірнеше елді мекен арасындағы қатынасты едәуір жақындата түспек. Жол сапасы мен көпірлердің беріктігі – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі. Әрине, осы бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Айнұр ӘЛИ
10 қараша 2026 ж. 115 0

Кент көшелері жаңаруда

10 қараша 2026 ж. 112

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30