Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан өмір сүру және бизнес жүргізу мүмкіндіктері бойынша әлемнің үздік 50 елінің қатарына енді

Қазақстан өмір сүру және бизнес жүргізу мүмкіндіктері бойынша әлемнің үздік 50 елінің қатарына енді

Қазақстан халықтың өмір сүруі мен кәсіпкерлік қызметті дамыту мүмкіндіктері бойынша әлемнің үздік 50 елінің қатарына қосылып, Best Countries 2026 халықаралық рейтингінде 44-орынға ие болды. Әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау салалары елдің ең жоғары көрсеткіштерінің қатарынан көрінді. Ал жалпы рейтингте Қазақстан 53-орынға тұрақтады.
Рейтингті америкалық U.S. News & World Report басылымы Пенсильвания университетінің Уортон бизнес мектебімен бірлесіп әзірлеген. Зерттеу 100 мемлекетті қамтып, оларды сегіз бағыт пен 100 көрсеткіш бойынша бағалады.
Биыл рейтингті құрастырушылар бағалау әдістемесін өзгертті. Бұрынғыдай елдердің имиджі мен қабылдануына қатысты сауалнамаларға емес, халықаралық ұйымдардың статистикалық деректеріне басымдық берілді.
Қазақстан ең жоғары бағаланған бағыттар
Қазақстан ең жоғары нәтижеге «Мүмкіндіктер» санатында қол жеткізді. Бұл бағыт кәсіпкерлікті дамыту жағдайларын, жұмыспен қамтуды, білім беруді, әлеуметтік қорғауды, салық жүктемесін және қаржы ресурстарына қолжетімділікті қамтиды.
Аталған санатта Қазақстан 53,9 балл жинап, 44-орынға орналасты.
Әсіресе әлеуметтік қорғау жүйесінің көрсеткіші жоғары болды. Бұл бағыт бойынша ел 100 балдың 94,1 балын жинады. Жеке табыс салығы бойынша көрсеткіш 80,2 балды, ал халықтың білім деңгейі 71,8 балды құрады.
Бұл сандар рейтинг әдістемесіне сәйкес берілген бағаларды білдіреді. Мысалы, әлеуметтік қорғау бойынша 94,1 балл мемлекеттік бағдарламалармен халықтың дәл 94,1 пайызы қамтылғанын білдірмейді.
Қазақстанның бейінінде білім деңгейіне қатысты тағы бір көрсеткіш көрсетілген. Елдегі орташа оқу ұзақтығы 12,5 жылды құрайды.
Денсаулық сақтау мен инфрақұрылым да үздік бағыттардың қатарында
Денсаулық сақтау санатында Қазақстан 64,2 балл жинап, 50-орынға ие болды.
Зерттеушілер бұл бағытты бағалау кезінде медициналық көмектің қолжетімділігін, өмір сүру ұзақтығын, дәрігерлермен қамтамасыз етілу деңгейін, вакцинацияны, медициналық инфрақұрылымның жағдайын және басқа да көрсеткіштерді ескерген.
Рейтинг деректеріне сәйкес, Қазақстанда әрбір мың тұрғынға 3,8 дәрігерден келеді. Ал күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 74,4 жас.
Инфрақұрылым санатында еліміз 64 балл жинап, 54-орынға тұрақтады.
Бұл бағытта электр энергиясының қолжетімділігі, көлік желілерінің сапасы, интернет, сумен жабдықтау, санитарлық жағдай және энергетикалық жүйенің тұрақтылығы бағаланады.
Қазақстанның көрсеткіштеріне сәйкес, халықтың 97,9 пайызы негізгі санитарлық жағдайлармен қамтылған. Ал кең жолақты интернеттің орташа жылдамдығы секундына 88,1 мегабитті құрайды.
Қазақстан Орталық Азияда Өзбекстаннан озып тұр
Best Countries 2026 жалпы рейтингінде Қазақстан 53,8 балл жинап, 100 елдің ішінде 53-орынға орналасты.
Ал Өзбекстан 46,8 балмен 76-орынға тұрақтады. Екі ел арасындағы айырмашылық – 23 орын.
Айта кетейік, жалпы рейтинг экономикалық даму мен денсаулық сақтаудан бастап, мемлекеттік басқару, инфрақұрылым және қоғамдық әл-ауқатқа дейінгі көптеген көрсеткіштерді қамтиды.
Биылғы рейтингтің бұрынғы нәтижелерден айырмашылығы неде?
Best Countries рейтингі 2016 жылдан бері жарияланып келеді. Алайда 2026 жылы оны есептеу әдістемесі айтарлықтай өзгертілді.
Елдерді бағалау үшін зерттеушілер Дүниежүзілік банк, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымдары және Халықаралық еңбек ұйымын қоса алғанда, 30-дан астам ұйым мен дереккөздің статистикалық мәліметтерін жинақтаған.
Көрсеткіштер сегіз бағытқа бөлініп, әр санаттың маңыздылығы халықаралық сарапшылардың қатысуымен анықталған.
Жаңа әдістемеге байланысты 2026 жылғы нәтижелерді рейтингтің алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерімен тікелей салыстыру дұрыс емес.
Қазақстан үшін ең маңызды нәтижелердің бірі – мүмкіндіктер санатындағы жоғары көрсеткіш. Бұл бағытта еліміз әлемнің үздік 50 мемлекетінің қатарына енді. Сонымен қатар жалпы рейтингте Орталық Азиядағы тағы бір мемлекет – Өзбекстаннан озып шықты.


10 қараша 2026 ж. 115 0

Кент көшелері жаңаруда

10 қараша 2026 ж. 113

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30