Ісі ілгерілеген серіктестік

Бұл уақытқа дейін талай белестерді артта қалдырған білікті басшы аудандағы іргелі серіктестік жұмысын алға жылжытуда ерен еңбек сіңіруде. «Намыс-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылғалы бері қыруар шаруа атқарылды. Атап айтсақ, Аранды, Ақтан батыр ауылдық округтерінде, Шәкен учаскесінде бір пәтерлі тұрғын үй, Ғ.Мұратбаев, Алға, Ақжона, Сарыкөл, Бірлік ауылдарында тұрғын үй, Бозкөл ауылындағы емхана, Жалағаш ауданындағы Жаңа қоныс елді мекенінде медициналық бекет және Әйтеке би кентінде ипотекалық үйлер мезгілінде ел игілігіне берілді. Ақтөбе облысы бойынша Шұбарқұлақ, Қандағаш стансалары, Ақтөбе қаласында РИВЦ ғимараты, Атырау облысы Ганюшкино, Маңғышлақ, Сексеуіл стансаларындағы ғимараттар, Әйтеке би кентінде №5 кәсіптік лицейдің 200 орындық жатақханасы, №28 “Ақбота” балабақшасы, №8 кәсіптік лицей, Қожабақы ауылындағы №17 “Айгүл” балабақшасы, №170 орта мектеп, Қазалы каласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы клубқа жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары абыроймен тапсырылды.
2010 жылы Тасарық ауылында 100 орындық мектеп уақытында пайдалануға берілді.
– Келешекте серіктестіктің құрылыс базасын кеңейту жоспарда бар. Қазір ұжымда 50 адам еңбек етеді. Серіктестік жұмысының жүйелі орындалуын орынбасарым Жанболат Сәдуақасов ұтырлы қадағалайды. Сондай-ақ өз ісінің шеберлері өндірістік техникалық бөлімінің басшысы Мергенбай Кенжалы, жұмыс өндіруші Әбдірахман Алтынбаев, өндірістік база меңгерушісі Нұрлан Кенжебаев өз саласындағы тәжірибелігімен ерекшеленеді.
Сонымен қатар Абылай Сазанбаев, Бахтияр Аролов, Болатбек Жандос, Бауыржан Бақытжанұлы, Темірбек Биманов, Нұрлан Досмырзаев, Байтелі Дәуқара, Ержан Елеубай, Дастан Алпысбаев, Тимур Қыдырбаев, Қыпшақ Сәрсенбай, Сансызбай Нұржігітов тапсырманы жедел ұйымдастыра білетін қасиетке ие. Жұмысшылар арасында жұмысқа деген ынтасы мол жастар да бар, – дейді Әбдімәлік Сәдуақасұлы.
Үлкен отбасында тәрбиеленген Әбдімәлік Өтеулі әкесі Садуақастың қарапайымдылығы мен қанағатшылдығын бойына сіңіріп өскен. Сондықтан да мұқтаж жандарға қайырымдылық пен қолдау жасауды парыз санайды. Жомарт басшы ауданда өткізілетін шаралардан шет қалмай, қолдан келгенінше көмек беріп, ел қуанышына ортақтасады. Тұрмысы төмен отбасының балаларына мектепке қажетті бұйымдарды алуға қаржылай қолдау көрсетеді. Аудандағы “Намыс” футбол командасына және “Эволюшн” жайдарман тобына ұдайы демеушілік жасап келеді.
Аудандағы көптеген құрылыс нысандарында өз қолтаңбасын қалдырған іргелі серіктестікке әр жылдары “Сала көшбасшысы” ұлттық сертификаты табысталды. Сондай-ақ серіктестік ісін өрлеткен басшыға аудан және облыс әкімдерінің Алғыс хаттары табысталып, “Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы” атағы, Қазақстанның “Даңқ”, “Экономика Даңқы жұлдызы” төсбелгілері ұсынылды.
Ісі алға басқан серіктестік басшысы жұмысшыларға қажетті жағдай жасап, ауданның көркеюіне барынша атсалысатынына сенім мол.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА