Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қажырлы құрыш қолдылар

Қажырлы құрыш қолдылар

«Шебердің қолы ортақ» демекші, түрлі әсем нысандардың тұрғызылып, көшелер мен саябақтар ажарының айшықты кейіпке енуінде құрылысшылардың атқарар шаруалары жетіп артылады. Бұндай берекелі істің көрігін қыздырып, туған жеріміздің сәулеттік келбетін арттыру бағытында жасампаздық танытып жүрген үлгілі ұжым аз емес. Солардың ортасынан жоғары білімді инженер-құрылысшы, білікті басшы Әбдімәлік Сәдуақасұлы Өтеулі басшылық ететін «Намыс-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де табылып жүр.
Еліміз нарықтық реформа көшіне бетбұрған 2001 жылдың басында негізі қаланған бұл құрылыс мекемесі қазірде құлашын кеңге жайған. Серіктестіктің әкімшілік үйі мен өндірістік базасы жұмысшы-қызметкерлер талабынан шығады. Сонымен бірге ағаш өңдеу, пластикалық терезе жасау, кіші бетон бұйымдарын дайындауға арналған цехтар да еңбек ырғағын үзбей, ортақ тірліктің өрге домалауына ілкімді ықпалын тигізуде. Соның арқасы шығар осы уақытқа дейінгі қол жеткізілген жетістіктер ауқымы кең, белгіленген мақсат-міндеттер үдесі көңіл тоғайтады.
Қажырлылықты жандарына серік еткен құрыш қолдылар биыл да қалыптасқан үлгілі үрдістерінен жаңылмай, ел дәулетін еселеп арттыру жолындағы ұлы дүрмектен қалыс қалмады. Олар аймағымыздағы тірек елді мекендері қатарына енген Жанқожа батыр ауылындағы 120 орындық спорттық сауықтыру кешені құрылысын атқарды. 2017 жылдың маусым айында іргетасы қаланып, қаржы тапшылығына байланысты аз ғана кідіріс тапқан нысан 2018 жылдың наурыз, сәуір, мамыр айларында қарқынды жүргізілді. Учаске бастығы Әбдірахман Алтынбаев пен серіктестік директорының орынбасары Жанболат Садуақасовтың жанды басшылығының нәтижесінде жастарды шымырлыққа тәрбие­лейтін орын мамыр айының алғашқы онкүндігінде толық салынып бітті.
Батыр баба ауылының көркіне көрік қосқан еңселі үй бұл күндері мектеп шәкірттері мен жастардың жиі басқосатын орнына айналған. Бұл түрлі спорттық секцияларға қолайлы бөлмелері мен заманауи дене шынықтыру құралдарымен жабдықталған спорт кешенінің дер кезінде сапалы аяқталуына ағаш ұстасы, темір пісіруші, бетоншылар бригадирі Бауыржан Бақытжанұлы, Асылбек Ізтілеуов, Бақтияр Аралов, автокраншылар Болатбек Жандос, Бәйтелі Дәуқара, жүргізушілер Абылай Сазанбаев, Жанболат Қайыңбаев, тракторшы Темірбек Биманов, тағы басқалардың қосқан үлестері атап айтуға тұрарлық.
Бұдан кейін тағы да Қазалы қаласындағы жүгіру жолдары бар футбол алаңы мен 300 орындық трибуна, Алға ауылдық округіндегі абаттандыру ісі мен екі саябақ, «Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» автожолының ауданымыздан өтетін тұсының қос қанатындағы 7 гектар жасыл белдеуді қоршау жұмыстары да тындырымды, тиянақты атқарылды.
Бірлік бар жерде, тірлік бар. Қазіргі таңда намысқұрылыстықтар Қ.Пірімов ауылындағы демалыс паркінің сыртқы қоршауын, Әйтеке би кентіндегі Ж.Аймауытов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолын жедел жүргізіп, Қазалы қаласының бірнеше көшелері мен автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізуде. Аталған тынымсыз тірлікті атқаруға Ержан Елеубай, Қыпшақ Сәрсенбай, Ғалымжан Нұржаубай, Нұрлан Досмұрзаев, Құрманғазы Құрманбаев, Қази Сабырбаев сияқты құрылысшылар белсене атсалысып, өнімді істерімен танылып келеді.
– «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» деген. Уақытылы тапсырыс болып тұрса, қандай ауыр жүк болса да жігіттеріміз еңсере көтеруге әрқашан дайын. Оған мамандарымыздың қарым-қабілеті мен материалдық-техникалық базамыздың жағдайы толық жеткілікті.
Биылғы төл мерекені ұжымдастарым табыс­ты қарсы алып отыр. Әріптесерімнің бәріне береке-бірлік, баянды бақыт тілеймін, – дейді серіктестік директоры Әбдімәлік Сәдуақасұлы.
Ұжым басшысы айтқан ізгі ниет, ақ тілекті қуана қоштадық.
Сахи ҚАПАР
13 тамыз 2018 ж. 1 233 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 73

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930