Еңсесін тіктеген елді мекен

Кешенің көлеңкесінде: тарих тынысы
Қазіргі Ғани Мұратбаев ауылының тарихына көз жүгіртсек, бұл елді мекеннің іргесі «15 жылдық Қазақстан» колхозы ретінде қаланғанын байқаймыз. 1950 жылдары ел көлемінде жүргізілген ұсақ колхоздарды ірілендіру науқаны аясында аудан мен облыс басшыларының шешімімен бірнеше колхоз – Молотов, Дихан, Калинин және 15 жылдық Қазақстан – біріктіріліп, жаңадан «30 жылдық Қазақстан» колхозы құрылды. Жаңа шаруашылықтың алғашқы басқарма төрағасы болып Жарылқасынов Оңталап тағайындалған. Бұл бірігу ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың бірлігін күшейтті.
Сонау кеңестік кезеңде Қазалы өңірінде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жұмыстары қарқын алған тұста, елді мекендерде бірқатар колхоздар құрылып, кейіннен ірілендіру жұмыстары жүргізілгені белгілі. Солардың бірі – бүгінде ел есінде сақталған Карл Маркс, Ленин және Ғани Мұратбаев атындағы үш колхоздың бір шаңырақ астына біріктірілуі.
Алғашында бұл үш ұжым Ғани Мұратбаев атындағы колхоз атауымен біріктіріліп, оның алғашқы төрағасы болып Қали Наурызбаев тағайындалған. Араға бір жыл салып, басқарма тізгінін Кішкенебаев Қожақ қолға алады. 1958 жылы аталған екі ірі шаруашылық қайта біріктіріліп, іргелі Ғани Мұратбаев атындағы колхоз ретінде қайта құрылды. Бұл кезеңде ұжымға Оңталап Жарылқасынов төрағалық етсе, партия ұйымының хатшысы қызметін Қожақ Кішкенебаев атқарған. Бұл оқиға – Қазалы өңіріндегі ауыл еңбеккерлерінің бірлік пен еңбектің күшімен жеткен жетістіктерінің айғағы ретінде ел тарихында сақталып қалды.
Жеті колхоздың бірігіп, бір ірі шаруашылыққа айналуы – сол кезеңнің ауыл шаруашылығындағы ірі реформаларының бірі болса, оған Ғани Мұратбаевтың есімінің берілуі жай ғана атау емес, тағылымды таңдау еді. Оның себебі де тереңде жатыр.
– Өздеріңіз білетіндей, Ғани Мұратбаев – Қазалы өңірінің тумасы. 1902 жылы 3 маусымда бұрынғы Мұратбаев колхозының аумағында, Қарасақал руынан шыққан Мұратбайдың отбасында дүниеге келген. Жастайынан зерек, алғыр, қажырлы болып өскен Ғанидің өмірі ерте сынақтарға толы болды. Әкесінен ерте айырылып, анасының тәрбиесінде қалған. Анасы Қазалы қаласындағы бай-манаптардың үйінде қызмет атқарып жүріп, ұлын ештеңеден кем қылмай өсіруге тырысты. Ғани Қазалыдағы №16 орыс мектебінде білім алып, ел ертеңі үшін еңбек етуге ерте араласты. Ойы сергек, сөзі өткір жас жігіт уақыт өте келе күллі Қазақстанға танымал қайраткерге айналды. Міне, сондықтан да сол өңірде еңбек еткен қарапайым халық оның есімін ұмытпай, іріленген колхозға Ғани Мұратбаевтың атын беру арқылы оның еңбегіне, өмір жолына деген тағзымын білдірді. Бұл – бір ұрпақтың екінші ұрпаққа қалдырған өнегесі, елінің біртуар перзентіне деген шынайы құрметі болатын, – дейді ауыл әкімі Абай Рыстығұл.
Айта кететін тағы бір жайт, мақаламызға арқау еткен колхоз өткен ғасырда ауыл шаруашылығында өзіндік орны бар шаруашылықтардың бірі болды. Бұл ұжым аудан көлеміндегі ірі әрі үздік колхоздардың қатарынан табылып, талай мәрте алдыңғы орындарды иеленді. Колхоздың негізгі бағыты – егін және мал шаруашылығы. Әсіресе күріш егу ісі ерекше жолға қойылып, жыл сайын 1000-1500 гектарға дейін күріш өсірілді. Егіншілер әр гектардан 50-100 центнерге дейін өнім алып, айтарлықтай табысқа жетіп отырды. Бұл – сол кезеңдегі еңбек өнімділігінің жоғарғы көрсеткіші еді.
Мал шаруашылығы да кенже қалмады. Шаруашылықта 30-32 мың бас қой, 3000 сиыр, 1500 жылқы, 700-800 түйе ұсталуы – колхоздың экономикалық қуатын көрсетеді. Колхоздың жетістіктері Ерғали Төлепов басқарған кезеңде айрықша өрлеу кезеңіне жетті. Басшылықтың көрегендігі мен еңбеккерлердің қажыр-қайраты нәтижесінде колхоз республикалық деңгейдегі құрметке ие болды. Осы шаруашылықтан Социалистік Еңбек Ерлері, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаттары, съезд делегаттары, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары шықты. Бұл ұжым үшін емес, бүкіл Қазалы өңірі үшін зор мақтаныш болатын. Осылайша, Ғани Мұратбаев атындағы колхоз – елге қызмет еткен ерлердің еңбегі мен халықтың бірлігін айшықтаған, тарих төрінен орын алатын еңбек ордасы ретінде есте қалды.
Колхоздың тарихында маңдай терімен түрлі жетістікке жеткен жандар аз емес. Солардың бірі – Көлжан Оразалиева. Ол 1948 жылы күріштің әр гектарынан 86,7 центнер өнім алып, сол уақыттағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл ерлігі еленіп, алғашқы Социалистік Еңбек Ері атанды. Сол сияқты Орынкүл Ержанова да күрішші болып еңбек етіп, үздік көрсеткіштерімен көзге түсті. Оның ерен еңбегі лайықты бағаланып, ол екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Бұл – ауыл әйелдерінің де ел басқару ісіне араласып, белсенділік таныта алғанының жарқын дәлелі.
Қазалы ауданының еңбек майталмандарын тәрбиелеп шығарған Ғани Мұратбаев ауылдық округіне биыл 75 жыл толып отыр. Ауыл тарихы өнегелі еңбек пен елге қызмет еткен тұлғалардың жолымен өрілген. Кезінде Бердібай Елешов механизатор болып, адал еңбегімен танылып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Мал шаруашылығында елеулі еңбек еткен Көбейсін Іскендіров де мал басын еселеп өсіргені үшін республикалық деңгейде танылып, жоғары кеңеске депутат ретінде өтті. Бүгінде ол кісі арамызда жоқ, бірақ ел есінде қалдырған ізі сайрап жатыр. Сондай-ақ осы колхоздың түлегі, автокөлік жүргізушісі Оңалбай Қалдыбаев – астық тасу науқанында орасан табысқа қол жеткізіп, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған азаматтардың бірі.
Бүгінгі бейне – болашаққа бағдар
Бүгінде Ғани Мұратбаев ауылдық округінде тұрғындардың игілігі үшін әлеуметтік нысандар толыққанды жұмыс істеуде. Ауылда 320 орындық орта мектеп, 90 орындық балабақша, 8 адамға арналған күндізгі емдеу бөлімі бар дәрігерлік амбулатория, 21 930 кітап қоры бар кітапхана, ауылдық мәдениет үйі, сондай-ақ ел руханиятына қызмет етіп тұрған «Қуандық әулие» мешіті бар. Бұдан бөлек, ветеринариялық пункт, 6 сауда дүкені мен пошта байланыс бөлімшесі де ауыл халқының күнделікті қажеттіліктерін өтеуге үлес қосып отыр.
Ауыл әкімі Абай Рыстығұлдың айтуынша, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында Ғани Мұратбаев ауылдық округінде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған.
– Әсіресе, 2020 жылы ауылдың келбетін жаңғыртуға бағытталған маңызды жобалар қолға алынып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жолында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Бағдарламаның басты мақсаты – жұмыссыздық деңгейін төмендету, халықты тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету және әлеуметтік жағдайын жақсарту болатын. Осы орайда ауылда жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар түрлі бағыттағы жобаларға тартылды. Нәтижесінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берілді, – дейді ол.
Елді мекеннің еңсесін тіктеп, тұрмыс сапасын арттыратын басты игіліктердің бірі – көгілдір отын. Ғани Мұратбаев ауылдық округінде бұл көптен күткен арман болатын. Тұрғындар үшін жылдар бойы қол жетпей келген табиғи газ бүгінде әрбір шаңыраққа жылулық сыйлап отыр.
Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың, сондай-ақ жанашыр азаматтардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Қызылорда облыстық мәслихатының шешімімен Қазалы ауданына бөлінген қомақты қаржының аясында ауылды газдандыру жобасы да жүзеге асырылды. Конкурстық негізде «Сапақ» өндірістік кооперативі жұмысқа жауапты болып танылып, 2020 жылдың маусым айында газ тарту жұмыстары басталып, қысқа мерзім ішінде толық аяқталды. Ауқымды істің алғышарттарын жасауға үлес қосқан ел азаматы, «ЮгГазПроект» ЖШС директоры Жылқайдар Тәңірбергенов 2018 жылы өз қаражатына жоба-сметалық құжаттарды дайындап, сараптамадан өткізіп, игі істің негізін қалаған болатын.
Ғ.Мұратбаев ауылдық округіндегі №15 «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасы 90 орынға арналған, мұнда 4 топта 90 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балаларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында балабақшаның сыртқы фасады жаңартылып, көріктендірілді.
Ауыл әкімі Абай Рыстығұлдың айтуынша, ауыл үшін аса маңызды саналатын аяқ су мәселесі де өз шешімін тапқан.
– Аталған бағдарлама аясында «Ақарық» каналының 3,9 шақырымдық арнасы қазылып, қайта тазартылды. Бұл жұмысты «Табиғат» ЖШС өз мойнына алып, ауылдағы жұмыссыз жүрген 6 тұрғынды уақытша жұмыспен қамтыды. Каналдың реттелуі нәтижесінде жасыл желектер мен егіндік жерлерге аяқ су беру тұрақты жолға қойылды, – дейді ол.
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының өзегі, ал азық-түлік қауіпсіздігі – халықтың әл-ауқатының кепілі. Округте бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде қолға алынып, нақты нәтижелермен жалғасуда. Атап айтқанда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл тұрғындарына «Ақарық», «Қырғыз» және «Дәуқазған» каналдарының бойынан 14 гектар жер бөлініп, бау-бақша дақылдары егілді. Бұл игі шара ауыл тұрғындарына өз қажетіне қажетті өнімді тұрақты түрде алуға мүмкіндік беріп, жергілікті азық-түлік қорын нығайтуға сеп болуда.
Халықтың күнделікті тұрмысын жеңілдететін негізгі тетік – көлік қатынасының қолжетімділігі мен үздіксіздігі. Бұл ретте ауыл мен аудан орталығы арасындағы қатынастың жүйелі жолға қойылуы – тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыруға жол ашады. Ғани ауылы бұл жағынан да ілгері қадам жасаған. Аудан орталығы – Әйтеке би кентіне қатынайтын кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көлік күніне 6 рет жолға шығады. Билет құны – 130 теңге. Сонымен қатар 5 жеңіл автокөлік иелері арнайы патентпен жолаушылар тасымалдап, ауыл тұрғындарының қатынау мәселесін толықтай шешіп отыр.
Сонымен бірге аяқ су мәселесі толығымен реттеліп, ауылдың суармалы жерлері мен жасыл желектерінің суға қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Бұл ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрмыстық жағдайының жақсаруына серпін беретін маңызды қадам болып отыр.
Таза ауа мен жасыл желек – адам өмірінің сапасын арттырып қана қоймай, табиғи тепе-теңдікті сақтаудың негізгі кепілі. Қоршаған ортаны қорғау және көріктендіру жұмыстары бүгінде елдімекендердің даму бағытының маңызды бір бөлігіне айналып отыр. Осы мақсатта ауылдық округте ауқымды абаттандыру шаралары қолға алынды. Экологиялық жағдайды жақсарту бағытында «Әйтеке би-Ғани Мұратбаев» автомобиль жолының қос қапталына 5 гектар жасыл белдеуге 6000 түп көлеңкелі ағаш отырғызылып, оларға тұрақты түрде күтім жасалуда. Сонымен қатар ауылдың көркін арттыратын «Орталық саябақ», «Атамекен» алаңы, «Ғани» және «Тәуелсіздік» бақтарына 1500-ден астам көшеттер егілді. Бұл жұмыстар табиғи орта мен тұрғындар үшін қолайлы кеңістік қалыптастыруға бағытталған игілікті бастамалар қатарынан.
Инфрақұрылым саласында кәсіпкерлік мақсаттағы мал бордақылау үшін ауылдың батыс беткейінен 20 гектар жер учаскесі аудан әкімінің қаулысымен бекітілді. Қазіргі таңда төрт азаматтан өтініш келіп түсіп, олардың құжаттары жер қатынастары бөлімінде конкурсқа ұсынылу үстінде. Бұл жоба ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Бүгінде ауыл аумағында жалпы ұзындығы 11,180 шақырым болатын 17 көше бар. Оның 13 көшесіне асфальт төселіп, 9,996 шақырым жол жаңартылды. Сонымен қатар, 8 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылып, 7,021 шақырым көше жарықтандырылды. Қалған көшелерге орташа жөндеу жүргізу және жарықтандыру жүйесін тарту мақсатында жоба-сметалық құжаттар дайындалып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына ұсынылуы көзделуде.
– Ауылдық округте жер алу үшін тұрғындардан өтініштер көптеп түсуде. Осыған байланысты ауылға жаңадан үш көшеге инфрақұрылым тартылуда. Қазіргі уақытта электр желісі толығымен іске қосылды, ал ауыз су және газ құбырларын тарту жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Бұл жұмыстар ауылдың дамуына және тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына үлкен серпін береді, – дейді ауыл әкімі Абай Рыстығұл.
Түйін: Жалынды жастардың жетекшісі Ғани Мұратбаевтың есімімен аталған бұл ауыл – өткен мен бүгіннің үздіксіз жалғасқан ұйытқысы. Мұнда тарихи мұра мен қазіргі заман талабына сай өзгерістер қатар өріліп, әрбір тұрғыны жарқын болашаққа деген сенімін бекем ұстанады. Еңбекқорлық пен бірліктің нәтижесінде ауыл инфрақұрылымы нығайып, тұрғындардың өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсарды. Бұл – ауылдың жасампаздық дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, гүлдене түсуінің жарқын көрінісі. Болашақта да ауыл дамудан тайынбай, өзінің кемел келбетін одан әрі нығайта түсетініне сенім мол.
Арайлым ЖҮСІПОВА