Қазақстан Halal өнімдерінің экспортын күшейтпек
KazanForum 2026 аясында Қазақстан Halal өнімдерінің экспортын арттыруға және ислам елдерімен экономикалық байланысты күшейтуге ниетті екенін мәлімдеді.
Фото: Сауда және интеграция министрлігіҚазақстан делегациясының құрамында бірінші вице-министр Айжан Бижанова, Қазандағы Бас консул Ерлан Ысқақов және бірқатар мемлекеттік орган өкілдері болды.
Форум барысында Қазақстан мен Ресей өңірлері, сондай-ақ ислам әлемі елдері арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және өңіраралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Министр Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Мордовия Үкіметінің төрағасы Батыр Эмеев және Чуваш Республикасы Министрлер кабинеті төрағасы Сергей Артамоновмен кездесті.
Кездесулерде Қазақстан мен Ресей арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен өңіраралық байланыстарды кеңейту перспективалары сөз болды. Тараптар бірлескен жобаларды дамыту және өзара сауда көлемін арттыруға қызығушылық танытты.
Форум аясында ислам экономикасы мен Halal индустриясын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан Halal өнімдерінің шетел нарығындағы үлесін ұлғайтуға, стандарттау жүйесін жетілдіруге және ислам елдерімен кооперацияны күшейтуге мүдделі екенін жеткізді. Бұл бағыт шикізаттық емес экспортты дамыту мен инвестиция тартудың маңызды тетігі ретінде қарастырылып отыр.
Сапар кезінде Арман Шаққалиев халықаралық жылжымайтын мүлік көрмесі мен конференциясына да қатысып, құрылыс саласында жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері бойынша баяндама жасады. Онда цифрлық шешімдерді пайдалану мен саланың тиімділігін арттыру жолдары талқыланды.
Сонымен қатар, министр ИТАР-ТАСС, Хабар және Қазинформ агенттіктеріне сұхбат беріп, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту маңызын атап өтті.
Қазақстан делегациясының форумға қатысуы жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, елдің экономикалық әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға және сауда, инвестиция, Halal индустриясы, логистика мен цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік берді.













