Сессияда 2025 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебі бекітілді
Бүгін аудандық мәслихаттың жұмыс жоспарына сәйкес кезекті 56 сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Бауыржан Пшанов, облыстық бағыныстағы мекеме басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, әкімдікке қарасты дербес бөлімдердің басшылары қатысты. Сессияға аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш төрағалық етті.Сессияның күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша «2025 жылға арналған Қазалы ауданы бюджетінің атқарылуы туралы» облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Пшанов Бауыржан Төлешұлы хабарлама жасап, 2025 жыл бойынша аудандық бюджеттің бюджеттік бағдарламаларына бөлінген қаржыларды игеру барысында бюджеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізу бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылғанын айтып, 2025 жылға арналған аудандық бюджетінің атқарылуын қанағаттанарлық деп бағалады.
Сондай-ақ, осы мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жарылқап Бахытжан Дүзелбайұлы хабарламасы тыңдалып, депутаттардың дауысқа салу қортындысымен 2025 жылғы аудандық бюджеттік атқарылуы туралы есебі бекітілді.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш облыстық тексеру комиссиясы тарапынан анықталған қаржылық бұзушылықтарға байланысты тиісті бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне алдағы уақытта жол бермеу қажеттігін ескертіп, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Екінші мәселе бойынша «2025 жылға арналған аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округ бюджеттерінің атқарылуы туралы» Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті және ауылдық округ әкімдері хабарлама жасап, қала кент, ауылдық округтердің 2025 жылға арналған бюджеттерінің атқарылуы туралы есебі бекітілді.
Үшінші мәселе бойынша «Қазалы ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы» аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Сыдықов хабарлама жасады.
Сессия соңында аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы сессияның күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталып, бюджет қаражатының әрбір тиынына бюджеттік бағдарлама әкімшілері тікелей жауапты екенін, қаржы жоспарлау барысында негіздеме құжаттарының толық болуын, жаңа өзгерістерге байланысты есепшілердің біліктілігін артттыруды, ауыл әкімдерінің қаржы аудару кезінде құжаттарға мұқият болуын, электронды цифрлық қолтаңбаларын есепшілерге сеніп тапсырмауды, бюджет қаражатын игеру барысында қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтауды ескертті.
Сессия алдында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өткізіліп, сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер талқыланды.














