Суға түскенде сақтық керек
Фото: ашық дереккөзден алындыЖаз мезгілі келгенненақ жұртшылықтың су жағасына қарай ағылатыны қалыпты жағдай. Күннің аптап ыстығында өзен-көлдің жағасын жағалап, салқын суға шомылуға асығатындар көп. Әсіресе, жазғы демалысты асыға күтетін балалар үшін суға түсу – қызыққа толы мезгілдің бір бөлігі. Алайда бейқамдық пен қауіпсіздік талаптарына салғырт қарау кейде орны толмас өкінішке ұрындырып жатады. Сондықтан шомылу маусымы басталар тұста судағы қауіпсіздік мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты. Осыған орай аудандық Төтенше жағдайлар бөліміне хабарласып, шомылу маусымына дайындық барысы қалай боп жатқанын сұрадық.
Бөлім мамандарының айтуынша, ауданда аталған жағдайға байланысты ахуал әзірге тұрақты. Әйтсе де бұл босаңсуға болатын көрсеткіш емес дейді олар. Айтуларынша, сақтық шараларын елемеудің соңы қайғылы оқиғаларға ұласқан жағдайлар соңғы бірнеше жылда қайталанып келеді. Мәселен, өткен жылы аудан аумағындағы су айдындарында екі адам суға кетіп, ажал құшса, 2024 жылы үш бірдей адам тілсіз жаудың құрбаны болған.
Несін жасырамыз, күн толық қызбай жатып-ақ су айдындарын жағалайтындардың қатары көбейіп кеткен. Мамыр айының соңына жетпей су маңайында демалушылардың саны артқанын төтеншеліктер де айтып отыр. Сөздеріне сенсек, шомылу маусымы ресми түрде ашылмағанына, арнайы құтқару бекеттері толық жасақталмағанына қарамастан, тұрғындардың сол аумақтарда сауық құруы жиілеген. Ал бұл өз кезегінде қауіптің де күшейе түскенін білдіреді.
Осыған орай аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі алдын алу жұмыстарын ерте бастап кеткен. Мамандардың сөзінше, жыл басынан бері судағы қауіпсіздік шараларын күшейту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Әсіресе балалар қауіпсіздігі басты назарда.
– Шомылу маусымы басталмай тұрып аудандық білім бөлімімен бірлесіп «Балалардың судағы қауіпсіздігі» тақырыбында арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазір мектеп оқушыларының ата-аналарымен кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар барлық ауылдық округтерде әкімдік қызметкерлері мен төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін тұрақты түрде түсіндіріп келеді, – дейді бөлім басшысы Алтынбек Қалиев.
Одан бөлек, судан келетін қауіптің алдын алу мақсатында аудан көлемінде ақпараттық жұмыстар да күшейтілген. Аудан әкімдігі жанындағы баспасөз орталығында полиция бөлімі, аудандық аурухана және төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері бірлескен жиын өткізіп, тұрғындарға маңызды ескертулер жасаған.
Сондай-ақ аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің №9 өрт сөндіру бөлімінің кезекшіліктен бос қызметкерлері полиция қызметкерлерімен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен және еріктілермен бірге күн сайын рейдтік жұмыстар жүргізуде. Арнайы топтар аудан аумағындағы су айдындарын аралап, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде. Рейдтік іс-шаралар күнделікті сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады.
Жалпы, шомылу маусымы қарсаңында аудан көлемінде ауқымды профилактикалық жұмыстар атқарылып жатыр. Су жағалауларында түсіндірме парақшалары таратылып, дауыс күшейткіш құралдар арқылы ескерту хабарламалары берілуде. Дегенмен мамандардың айтуынша, тұрғындардың кейбірі әлі де болса белгіленбеген орындарға түсіп, өз өмірлерін қауіпке тігуде.
Құтқарушылар әсіресе ата-аналарға жауапкершілікті күшейту қажеттігін ескертеді. Себебі балалардың қараусыз қалуы қайғылы жағдайларға жиі себеп болады. Мамандардың айтуынша, әр ата-ана баласына судағы қауіпсіздік ережелерін үйретіп, оларды ересектердің бақылауынсыз суға жібермеуі тиіс.
Сонымен қатар төтеншеліктер тұрғындарға бірнеше маңызды талапты қатаң сақтауға кеңес береді. Атап айтқанда, бейтаныс әрі жабдықталмаған жерлерде суға түспеу, «Шомылуға тыйым салынады» деген ескерту белгілеріне бағыну, мас күйде суға түспеу, су ішінде ойнамау, жүзу шекарасынан аспау қажет. Сондай-ақ қайыққа немесе өзге де жүзу құралдарына құтқару кеудешесінсіз мінуге болмайды.
Мамандар тексерілмеген жерлерде суға сүңгудің де аса қауіпті екенін айтады. Өзен-көл түбінде тас, темір немесе өзге де қатты заттар болуы мүмкін. Мұндай жағдай адам денсаулығына ауыр зақым келтіріп, тіпті қайғылы жағдайға алып келуі ғажап емес.
– Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы көптеген қайғылы жағдайдың алдын алуға болады. Ең бастысы – әр азамат өз өміріне жауапкершілікпен қарауы керек. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамаған жөн. Себебі адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ, – дейді қазалылық құтқарушылар.
Иә, жаздың жайма-шуақ күндері көтеріңкі көңіл күй сыйлағанымен, қауіпсіздік шараларын елемеу ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Су – тіршілік көзі болғанымен, бейқамдық танытқан адам үшін аса қауіпті. Сондықтан әрбір тұрғын өз өмірі мен жақындарының амандығына жауапкершілікпен қарап, суға түсу кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауы тиіс. Өйткені адам өмірінен асқан құндылық жоқ. Сақтық шараларын қатаң ұстанған жағдайда ғана тілсіз жаудың қауіп-қатерінен аман қалуға болады. Соны қаперден шығармайық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













