Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көркейген өңірде келісті өмір бар

Көркейген өңірде келісті өмір бар

Қазалыда Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев атымен аталатын ауыл бар. Әйтеке би кентінен 5 шақырым қашықтықта орналасқан бұл ауыл көркімен көз тартады, тазалығы жан жадыратады. Тақтайдай тегіс жолдар, қаз-қатар қонған үйлер, жайқалған жасыл желек, келбеті келісті ғимараттар осы ауылға тән теңеулер. Ауылдағы үйлердің басым көпшілігі көгілдір отынға қосылған. Тұрғындар ауызсудың да, аяқсудың да игілігін көріп отыр.


Ауыл тарихы арыда
Қазіргі Ғани Мұратбаев ауылы бұрын «15 жылдық Қазақстан» колхозы деп аталған. 1950 жылдары аудан көлемінде ұсақ колхоздар ірілендіріп, бір­біріне қосылған. Сол кездегі аудан, облыс басшыларының шешімімен бұрынғы Молотов, Дихан, Калинин және 15 жылдық Қазақстан колхозы қосылып, «30 жылдық Қазақстан» колхозы болып біріккен. Алғашқы басқарма төрағасы Оңталап Жарылқасынов.
Сол секілді бұрынғы Карл Маркс, Ленин атындағы колхоз, Ғани Мұратбаев атындағы колхоз бірігіп, Ғани Мұратбаев атындағы колхоз болып ірілендіріледі. Алғашқы төрағасы Қали Наурызбаев. Бір жылдан кейін Қожақ Кішкенебаев басқарма төрағалығына сайланған. 1958 жылы осы аталған екі колхоз тағы да бірігіп, Ғани Мұратбаев атындағы колхоз болып аталды. Ірілінген колхоздың төрағасы Оңталап Жарылқасынов, Партия ұйымының секретары Қожақ Кішкенебаев болды.
Осы жеті колхоздың бірлестігіне не себепті Ғани Мұратбаевтың аты берілді деген сауалға Ғани Мұратбаев ауылдық округінің әкімі Абай Рыстығұл:
– Ғани Мұратбаев 1902 жылы 3 маусым күні бұрынғы Мұратбаев колхозының территориясында, Қарасақал руынан шыққан, Мұратбай деген азаматтың отбасында дүниеге келген. Ғани жастайынан алғыр, пысық болып өскен. Әкесі ерте қайтыс болып, шешесінің тәрбиесінде болған. Анасы Қазалы қаласындағы Ғанибайдың қызметіне жалданып, кір жуып, ас пісіріп баласын ер жеткізген. Ғани сол Қазалыдағы №16 орыс мектебінде оқып, білім алып, жастайынан қызметке араласқан. Ақырында бүкіл Қазақстанға белгілі азамат болған адам.
Ғани Мұратбаев атындағы колхоз кезінде аудан көлемінде көп колхоздардың ішінде алдыңғы орындарды иеленіп жүрген колхоздардың бірі болды. Колхоз 1000-1500 гектарға дейін күріш өсіріп, әр гектарынан 50­100 центнерге дейін өнім алып жүрді. Колхозда 30-32 мың қой,3000 сиыр,1500 бас жылқы,700-800 бас түйе малы болды. Колхоз әсіресі, Ерғали Төлепов басқарған кездерде өте жоғары деңгейдегі табыстарға қол жеткізді. Колхоздан Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Комсомолы сыйлығының лауреаты, Съезд делегаттары, Қазақ ССР жоғары Советінің депутаттары шықты. Бұлар мұратбаевтықтар үшін зор мақтаныш, – деп жауап берді.
Расында да бұл ауыл еңбеккерлер көптеп туған топырақ. 1948 жылы егілген күріштің әр гектарынан 86,7 центнерден өнім алған Көлжан Оразалиева алғашқы Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Колхозда күрішші болып еңбек еткен Орынкүл Ержанова ерен еңбегінің арқасында екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат болып сайланды.
Механизатор Бердібай Елешов Қазақ ССР Жоғарғы советіне бір рет депутат болды. Малшы, бақташы Көбейсін Іскендіров мал басын көбейткені үшін Қазақ ССР Жоғарғы советіне депутат болды. Осы колхоздың түлегі, аудандық автопарктің КАМАЗ машинасының жүргізушісі Оңалбай Қалдыбаев астық тасуда мол табысқа қол жеткізді. Бұл азамат та Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат болып сайланды. Қазалының орталығы Әйтеке би кентінен 5 шақырым жерде орналасқан Ғ.Мұратбаев ауылдық округіне биыл 74 жыл толып отыр.

Халық тынысы қалыпты
Ауылда қазіргі таңда 320 орындық орта мектеп, 90 орындық балабақша, 8 адамға арналған күндізгі емдеу бөлімі бар дәрігерлік амбулатория, 21930 кітап қоры бар кітапхана, ауылдық мәдениет Үйі, «Қуандық әулие» мешіті, вет. пункт, 6 сауда дүкені және пошта байланыс бөлімшесі халыққа қызмет көрсетеді.
2024 жылдың І тоқсанына тұрмысы төмен отбасыларына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке 1 адамға құжаттары дайындалып, тағайындалды. Округ бойынша 452 жас бар. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы бүгінгі күнге дейін 9 жас тұрғын үй алса, 1 жас маман кезекте тұр. Ғ.Мұратбаев ауылдық округіне барлығы 75 шаруа қожалығы, 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Жас Ғани» өндірістік кооперативі және 50 жеке кәсіпкер, барлығы 127 шағын және орта бизнес субьектісі тіркеліп жұмыс жасауда. Округ бойынша барлығы 11 жобаға 960,8 миллион теңге қаражат алынды.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамассыз ету мақсатында ауыл тұрғындарына «Ақарық», «Қырғыз», «Дәуқазған» каналдары бойынан 14 гектар жер бөлініп, бау-бақша дақылдары егілді. Аудан орталығынан кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көлік ауылдық округке билет құны 110 теңгемен күніге 6 рет қатынайды. Сонымен қатар 5 жеңіл автокөлік иеcі патент арқылы жолаушылар тасымалымен айналысады. Жолаушылар тасымалы толығымен шешілген.
Ғ.Мұратбаев атындағы №91 орта мектепте биылғы 2024-2025 оқу жылында мектепте 19 сынып бірлігінде, барлығы мектепалды даярлық тобын қосқанда 360 оқушы II аусымда білім алды. 1 сыныпқа 30 оқушы қабылданды. 83 бала әлеуметтік топтағы оқушылар қатарына енгізіліп, бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Ал 90 орынға арналған №15 «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасында 4 топта 90 бала тәрбиеленуде. Алайда балабақша күрделі жөндеуді қажет етеді. Дәрігерлік амбулаторияда 4 адамға арналған күндізгі емдеу бөлімі жұмыс жасайды. Күндізгі емдеу бөлімінде бүгінгі күнге 28 адам ем қабылдады. Флюрографиялық тексеруден 148 адам өткізіліп, 9 сәби дүниеге келген. Ауыл бойынша халық саны жыл санып артып келеді. Мәдениет Үйі мен кітапханада түрлі мазмұндағы 62 мәдени іс-шара өткізілді. Қазіргі уақытта мәдениет үйі де күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Ауыз су тұрғындарға «Арал – Сарбұлақ» топтық су жүйесіне қосылған. №10 су көтеру бекеті қызмет көрсетеді, тәулік бойы 120 м3 ауыз қамтамассыз етіліп отыр. Аяқ су мәселесі де толығымен шешілген. Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Әйтеке би – Ғ.Мұратбаев» автомобиль жолының екі жағындағы 5 гектар жасыл белдеуге 6000 түп көлеңкелі талдар егіліп, күтім жасалуда. «Орталық саябақ», «Атамекен» алаңы және «Ғани», «Тәуелсіздік» бақтарында 1500 жуық көшет жайқалып тұр.
Кәсіпкерлік кең өріс алған ауылда қажеттінің барлығы бар десек артық болмас. Мал бордақылауға ниеттілерде табылады.
– Кәсіпкерлік мақсатта мал бордақылау үшін өтініш білдірген азаматтарға ауылдың батыс беткейінен аудан әкімінің қаулысына сәйкес 20 гектар жер учаскесі бекітіліп, қазіргі таңда 4 өтініш түсіп, құжаттары жер қатынастары бөлімінде конкурсқа ұсынылды, –дейді ауыл әкімі.
Ғ.Мұратбаев ауылдық округі бойынша 17 көше болса, оның 13-іне асфальт жүргізілген. 8 көшеге түнгі жарық шамдары тартылған. Сонымен бірге ауылдың қалған көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, түнгі жарық шамдарын орналастыру үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына ұсынылатын болады. Ауылдық округтен жер алу мақсатында тұрғындардан өтініш көптеп түсуіне байланысты, ауылға жаңадан 3 көшеге инфрақұрылым тартылуда. Қазіргі уақытта электр желісі толық аяқталған. Ауыз су және газ құбырын тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Ендігі жол тартылып кезектілікке сәйкес жер берілетін болады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
01 мамыр 2025 ж. 202 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031