Жазғы лагерьде жай қайлай?
Оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды. Алда – үш айға созылатын ұзақ демалыс. Мектеп қабырғасында тоғыз ай білім нәрін сусындаған өрендер үшін бұл – күш жинап, денсаулықты нығайтатын маңызды кезең. Балалардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастыру – бүгінгі күннің басты міндеті.Жазғы демалыстың балалар үшін ең пайдалы түрі – лагерь. Қазір лагерьлердің таңдауы көп. Үлкен қалаларда баланың ой-өрісін дамытып, ағылшын не басқа да тілдерді еркін меңгеруіне көмектесетін тілдік және интеллектуалдық лагерьлер бар. Тау беткейлерінде, жайқалған жасыл орманы бар таңғажайып лагерьлер де сұранысқа ие. Ал баласын алысқа жібергісі келмейтін ата-аналар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз нұсқа – мектеп жанындағы лагерь. Бір мезгіл барып, керемет көңіл күймен демалуы үшін таптырмас құрал. Одан бөлек, өзімізде Қазалы қаласы сыртында сауықтыру лагерьі бар. Бұл жерге табиғат аясында, таза ауада демалып, денсаулықты нығайтуға келетін балалар қатары аз емес. Әрине, лагерь тек ойын алаңы емес, бұл – баланың әлеуметтенуі. Мұнда олар жаңа достар табады, ұжыммен жұмыс істеуді үйренеді, өз-өзіне қызмет ету дағдыларын қалыптастырады. Әні-міне дегенше мектептегі оқу күнінің аяқталуына бір ай қалды. Бұл дегеніміз балалардың жазғы демалысқа шығатын уақыты жақындап қалды. Біздегі лагерь демалыс маусымына дайын ба?
Қазалы қаласындағы «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығы әрдайым балаларды қуантудан жалыққан емес. Мұнда балалардың бос уақытын тиімді өткізетін түрлі шара ұйымдастырылып тұрады. Жаздың аптап ыстығы білінбейтіндей жасыл желекке толы лагерь – қуаныштың ордасы іспеттес. Орталық аумағында бассейн, жатын орындар, балаларға арналған сахна мен асханасы бар. Биыл лагерьдің жұмысын жақсарту мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алынған. Тынығушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орталық аумағына стандартқа сай 32 бейнебақылау камерасы мен 1 турникет орнатылып, қосымша 2 сыртқы әжетхана салынуда. Сонымен қатар лагерь аумағында көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жазғы маусым басталғанға дейін барлық ағымдағы жөндеу және дайындық жұмыстары сапалы түрде аяқталмақ.
Биылғы бүлдіршіндердің санасында тәтті естеліктер қалдыру, ас-ауқатын реттеу мақсатында жақсы жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар демалыс орталығының жатын ғимараты, асхана, медпункт, мұғалімдер үйі, қойма ғимараттары, қызметтік үйлер 1 маусым күні жұмысын бастайды. Әсіресе, кішкентайлар жиі көмекке жүгінетін дәрігер-педиатр, тіс дәрігері, медбикемен тұрақты қамтамасыз етуге байланысты Қазалы ауданаралық ауруханасынан мамандар бекітіледі. Бұған дейін білім беру ұйымдарының қызметкерлері лагерь аумағына тазалық жұмыстарын жүргізіп, мұнтаздай таза етіп кеткендерін айта кету керек. Лагерьде демалушыларға лайықты жағдай жасау жайы біткеннен кейін оқушыларды қабылдау мәселесі сөз болатыны рас. Ата-ана ең алдымен «баламның қарны тоқ бола ма?» деген сауалға тоқталады. Бірақ шағалалық аспаздар бұған алаңдауға негіз бермейді. Жас тынығушылар күнделікті алуан ас мәзіріне сәйкес 5 мезгіл тамақтанып, аспаз апайларға хормен алғыс жаудырып кететінін білеміз.
Биыл демалыс лагері дәстүрлі түрде 7 ауысыммен жұмыс істейді. Әр ауысымда 125 оқушыдан қабылданады. Жалпы 875-ке жуық бала жазғы тынығумен қамтылады деп жоспарлануда. Ал балаларды қабылдау 1 маусымда басталады. Айта кетейік, жазғы демалыс лагеріне бірінші кезекте жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы, аз қамтылған, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының балалары және даму мүмкіндіктері шектеулі балалар тегін жолдамалармен қамтамасыз етіледі.
Айтпақшы, демалыстың алтын ережесін ұмытпаған да абзал. Мамандардың айтуынша, демалыс барысында мына үш теңгерімді сақтаған жөн. Алдымен физикалық белсенділікті арттыру керек. Күні бойы смартфонға телмірмей, велосипед тебу, жүзу, футбол ойнау секілді белсенді қозғалыста болуы қажет. Демалыс кітап оқымау, тек демалу деген сөз емес. Күніне кем дегенде 20-30 минут көркем әдебиет оқу мидың тоқырап қалмауына септігін тигізеді. Мамандар баланы қараусыз қалдырмауды және бос уақытын гаджеттермен емес, адамдармен, жаңа ортамен араласумен толтыруды ұсынады. Жаз – тек демалу емес, жаңа дағдыларды меңгеру кезеңі. Оқушылардың кітап оқуға деген ынтасын жоғалтпау үшін кітапханалар мен мәдениет үйлерінде арнайы жобалар іске қосылады. Сонымен қатар, спорттық секциялар мен шығармашылық орталықтардың жұмысы да жаз бойы тоқтамайды. Бастысы баланың эмоционалдық қуатына көңіл бөлу қажет. Баланың өз қалауына ерік беріп, оның сүйікті ісімен айналысуына ата-ана жағдай жасалуы керек.
Демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігі бірінші орынға шығады. Әсіресе, су айдындарына шомылу, өрт қауіпсіздігі және жол ережесін сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары тоқтамауы тиіс. Ата-аналар тарапынан бақылаудың босаңсуы келеңсіз жағдайларға әкеп соғуы мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Сол үшін қауіпсіздіктің басты назарда болуын қаперде ұстаңыз. Демалыс кезінде балалар көбіне қараусыз қалып жатады. Сондықтан ата-аналарға қойылатын талап та жоғары. Жол жүру ережелерін қайталау, су айдындарындағы қауіпсіздікті түсіндіру, күн өтіп кетпеуі үшін бас киімсіз далаға шықпауын қадағалаған дұрыс.
Күнтізбеде мамырдың соңғы күндері жақындап қалды. Бұл – мектеп оқушылары үшін жылдың ең асыға күткен сәті. Санаулы күннен соң соңғы қоңырау соғылып, алда үш айға созылатын жазғы демалыс басталады. Каникул – баланың тек күш жинайтын уақыты ғана емес, оның тұлға ретінде өсетін кезеңі. Олардың демалысын қызықты әрі танымдық деңгейде өткізу тек білім саласының емес, қоғамның, оның ішінде әрбір ата-ананың тікелей жауапкершілігі. Ендеше жазғы демалыстың әрбір күні бала денсаулығына – пайда, ой-өрісіне – азық болсын демекпіз.
Айнұр ӘЛИ













