Біліммен биікті бағындырған
Бүгінгі жас буынның қарым-қабілеті мен талпынысы көңіл қуантады. Олар білімде де, спортта да, өнерде де белсенділік танытып, биік белестерді бағындыруға ұмтылып келеді. Осындай дарынды өрендердің қатары Жанкент ауылында да жылдан-жылға артып келеді. Солардың бір тобы жуырда өткен облыстық білім додасында өздерінің алғырлықтарын дәлелдеп қайтты.Облыс орталығында ұйымдастырылған «Зерделі ұрпақ» математикалық олимпиадасында №104 мектептің 3-сынып оқушылары үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі екінші орынды еншіледі. Аталған олимпиада оқушылардың математика пәніне қызығушылығын арттыруға, күрделі есептерді шешуге дағдыландыруға, дарынды балаларды анықтап, олимпиадалық резерв қалыптастыруға бағытталған. Осындай маңызды додада жанкенттік жеткіншектер өздерінің терең білімі мен зеректігін таныта білді.
Атап айтқанда, Нұржауған Сұңғат, Адина Қашқынбай, Інжу Қанат, Айсезім Берік, Жұлдызай Өсербей, Айсұлтан Берік және Әлихан Алтынбек сынды талапты оқушылар математикалық білімімен ерекшеленді. Жас дарындарды жарысқа дайындаған жетекшісі – тәжірибелі ұстаз Жадыра Бөлекбаева.
– Шәкірттерімнің осындай үлкен додада сүрінбей өтіп, жүлделі екінші орынды иеленуі – зор жетістік. Бұл – балалардың еңбегі мен табандылығының нәтижесі. Алда бұдан да биік белестер бар. Соған тыңғылықты дайындалсақ, талай асуды бағындыратынымызға сенімдімін. Өйткені шәкірттерім өте алғыр әрі ізденімпаз, – дейді жетекшісі Жадыра Көмекбайқызы.
Айта кетейік, жас математиктер бұған дейін аудандық кезеңде бірінші орынды жеңіп алып, облыстық кезеңге жолдама алған болатын. Ал облыстық сайыста жүлделі екінші орынды қанжыға байлаған жайы бар.
Қош. Бұл жетістік – болашақ биіктерге бастар жарқын жолдың алғашқы баспалдағы ғана. Білімге құштар жас өрендер алдағы уақытта да толағай табыстарымен қуанта беретініне сенім мол.
А. ЖҮСІПОВА













