Ұлттық мұраны ұлықтаған
Қазіргі білім беру жүйесінде оқушылардың теориялық білім алып ғана қоймай, өз бетімен ізденіп, ұлттық құндылықтарды танып-білуі аса маңызды. Осындай талап үдесінен шығып жүрген шәкірттердің бірі – Айбек Берікбайұлы. Ол С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектептің 4 «г» сынып оқушысы. Жасы небәрі 10-да болса да, ұлттық болмысқа деген қызығушылығы мен ізденімпаздығы арқылы қатарластарының алды болып жүр.Айбек Жалғасбай көпбалалы, берекелі отбасында тәрбиеленіп өсіп келеді. Әкесі Берікбай Жалмағанбетов кәсіпкер, ал анасы Жаңылсын Байназар №165 мектеп жанындағы шағын орталықта тәрбиеші болып қызмет атқарады. Бес баланы тәрбиелеп отырған мәуелі шаңырақта еңбекқорлық, ұлттық тәрбие және білімге деген құрмет басты құндылық ретінде қалыптасқан. Осындай отбасында өскен Айбектің де ізденіске бейім, алғыр болып қалыптасуы заңдылық.
Жас зерттеуші өзінің ғылыми жобасын «Қазақтың атбегілік өнерін дәріптеу тәжірибесі» деп атап, этномәдениеттану бағытын таңдаған. Маңызды тақырып ғылыми зерттеу ғана емес, ұлттық рух пен дәстүрге деген құрметтің көрінісі. Қазақ халқы үшін жылқы көлік немесе шаруашылық көзі емес, ол еркіндіктің, батырлықтың, тектіліктің символы іспеттес. Ал атбегілік өнер сол қасиетті жануарды баптау мен түсінудің және бағалаудың ғасырлар бойы қалыптасқан ерекше мәдениеті.
Айбек өз жобасында атбегілік өнердің мән-маңызын, оның қазақ тұрмысындағы орнын, жылқы күтімінің қыр-сырын зерттеп, ерекше тәжірибемен ұштастыра білген. Ол жылқының мінез-құлқы, оны баптау, дұрыс күтім жасау, азықтандыру, бәйгеге дайындау секілді маңызды тұстарға тоқталып, бұл өнердің тек тәжірибе арқылы меңгерілетінін дәлелдеуге тырысқан.
Сонымен қатар өз бақылаулары мен отбасылық тәжірибесіне сүйене отырып, тақырыпты жан-жақты ашқан.
Жас зерттеушінің ауқымды ғылыми еңбегіне бағыт-бағдар беріп жүрген жетекшісі – бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Өтенова. Ұстаз шәкіртінің қызығушылығын қолдап, ғылыми ізденіске жетелеп, дұрыс бағыт көрсетіп келеді. Мұғалім мен оқушы арасындағы осындай тығыз байланыс сапалы білім мен нәтижелі еңбектің кепілі.
Айбектің қолға алған жобасы жәй оқушының жұмысы деп қабылдамай, ұлттық мұраны жаңғыртуға жасалған қадам деп түйсінген абзал.
Қазіргі жаһандану дәуірінде дәстүр мен салтты сақтап қалу, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру – аса маңызды міндет. Осы тұрғыда Айбек секілді жас зерттеушілердің еңбегі ерекше бағалауға лайық.
Бүгінгі күні ғылымға бет бұрған жас буын – елдің ертеңі. Айбек Берікбайұлының ізденісі мен талпынысы болашақта үлкен жетістіктерге жетеріне берік негіз. Оның ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігі мен ғылыми көзқарасы әлі талай биіктерді бағындыруға жетелейді.
Ұлттық рухты жаңғыртып, ата-баба мұрасын дәріптеп жүрген осындай талапты оқушылар – ел болашағының жарқын кепілі.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














