Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Дала дарабозы: қара жерді қайыстырған қайрат

Дала дарабозы: қара жерді қайыстырған қайрат

Қазалыда аңызға айналған азамат тұрады. Оның елге сіңірген еңбегі мен жанкешілігі үшін өзі барда тұғыртас орнатылған. Бұл КСРО-дағы халық шаруашылығын дамытуға үлес қосқан, еңбек саласындағы ерекше жетістіктері үшін берілетін ең жоғары марапат пен атақ – Социалистік Еңбек Ері иесі Кәрбоз Әлимаев. «Біздің қоғамда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуы керек» – деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұжырымдамасында көрсетілгендей, еңбегімен елге сыйлы артқан ердің өмір жолына тілшілеріміз үңілді.
«Ауылына қарап, азаматын таны» дейді халық тәмсілі. Жомарт жерден жақұт терген Ыбырай Жақаев, Шығанақ Берсиев, Жазылбек Қуанышбаевтар сынды атағы Қазалы, қала берді, Сыр елі сөзіне баламадай қатар айтылатын Кәрібоз ақсақал даңққа бөленуінің негізгі сырын – туған жерінен тамырын ажыратпауымен ұштастырады.
Қазақтың қасиеті – қарашаңырағын қадірлеуінде. Өзі кіндігін кескен топырақтан күні бүгінге дейін табан аудармаған ақсақалдың Лақалы ауылындағы үйіне келуге көпшілік құштар. Олай ететін себебі де бар. Кезінде тәжірибесі көпке таратылып, есімі елеулі болған қазыналы жанды көруге, оның ғибратын сезініп, көкейге түйген сыр–сандығын ақтаруға әркім пейілді.
«Жақсы деген жігітті үйінде көр» деген. Бірнеше атадан келе жатқан құтты қоныста бүгінгі таңда ата, әке, бала, немеремен жалғасқан тізбек тату тірлік кешуде. «Үлкеннен – ұлағат, кішіден – инабат» деген дәстүрлі түсініктің шынайы көрінісін осы жерден терең қаныға түсінуге болады.
Кәрібоз Әлимаұлы 1936 жылы 13 ақпанда еңбекші отбасында дүниеге келген.
Қол-аяғы жеңіл, қағілез бала үй айналасындағы шаруаға ептілігін ертеден танытып, ұқыптылығымен үлкендерді тәнті етеді. Әлима-Зеріп Сүйіновтер отбасының сүйенері Кәрібоз 12 баладан аман қалған тек тұяқ еді.
6-7 жастағы ойын баласы шағында үлкен ауыл балаларымен қазіргі Қожабақы ауылына зат тасығанда, алғаш рет жауапкершілікті терең сезініп, өзін іштей азамат атайды. Расында оның есеймеуге хақы да жоқ еді. Бұл көрініс сол тұста өмір сүрген әр балаға таныс. Тынымсыз, ауыр тіршілік. Мезгіл сайын қайталанатын жұмыстар, әр тоқсанның өз қиындығы мен қамы тағы бар. Алыстағы балалығына ат шалдырғанда оның ойына алдымен түсетіні, үлкендер қажетке жарап, қолқанат болған сәттері. «Баталы ұл арымас» деп көпшіліктің алғысын беріп, сүйсінгеніне разы болып отыратын әкенің марқайған бейнесі, ананың «шүкіршілік» айтуымен жүретін күндері күні бүгінгідей санасында сақтаулы.
Жеке меншіктен ұжымдастыруға өткенде Кәрібоздың әкесі үлкен жауапкершілікті иығына алады. Болашаққа деген сенім мен ұрпақ қамы үшін ол колхозға 70 бас қой жинап өткізеді. Бұл – ол кездің өлшемімен қарағанда, ортақ іске қосылған орасан зор үлес еді.
Алайда, малды жинап беру бір бөлек те, оны аман сақтап, бағып-қағу бір бөлек. Даланың қатал мінезі мен заманның қиындығы қатар қысқан шақта, бұл міндет тек бір адамның емес, тұтас отбасының ортақ жауапкершілігіне айналады. Әке мен ана, жас болса да белі қайыспаған бала Кәрібоз үшеуі иық тіресе еңбек етеді. Олар үшін жағдайдың қиындығы, қыстың қары мен жаздың аптабы кедергі болмайды. Түн ұйқысын төрт бөліп, мал соңында жүрген сол бір күндер – тек жан бағудың қамы емес, ар мен адалдықтың мектебі еді. Кәрібоз бойын еңбекпен шыңдап, ата-анасының сенімді серігіне айналады. Қандай ауырпалық келсе де бірге көтеру, қиындыққа мойымай, нанын адал жеу – тіршіліктің тауқыметін бірге жеңген бұл үш тағдырдың бұлжымас қағидасына айналады.
Жеті жылдық білім ордасын тәмәмдаған бозбаланың алдынан өмірдің үлкен мектебі – еңбек майданы ашылады. Жұмыс істеу бір бөлек. Ал сол істің хас шебері болу үлкен жолдан өтуді қажетсінеді. Нағыз шеберлік – тек қолдың күші емес, физикалық қуат пен ақыл-ой зердесінің тамырлас үндесуі. Халқымыз адамгершілік деп дәріптейтін туабітті қабілет пен жауапкершіліктің егіз ұғымдай қабысуы Кәрібозды еңбек майданында нағыз ер ретінде шыңдайды.
Тағдырдың жазуы қызық. Қазалы қаласындағы кәсіптік училищеде ведсанитария маманы болып білім алғанымен, өмір ағысы оны мүлдем басқа арна – техниканың құлағында ойнайтын механизаторлыққа бағыттады. Бұл таңдаудың астарында тек мамандық емес, үлкен адами парыз жатты.
Науқас анасының жағдайына алаңдап, перзенттік парызын бәрінен биік қойған жігіт өмірлік серігі Зейнегүл атты арумен шаңырақ көтеріп, жаңа отаудың түтінін түтетеді.
Көп ұзамай-ақ, жас жігіт ауыр техниканы тізгіндеп шыға келеді. Күркіреген темір тұлпардың тілін тауып, механизаторлықты жанына серік еткен ол дала төсінде тынымсыз еңбектің үлгісін көрсетеді. Әрбір басқан қадамы, әрбір жүргізген техникасы – еңбексүйгіштіктің, отбасына деген адалдықтың және тағдырдың сынағына берілмеген қайсар рухтың айқын көрінісі.
Құрыш қайраттың сыналар шағы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында көрінеді. 1958 жылдан бастап «Бозкөл» совхозында еңбекке араласқан ол алғашқы күннен-ақ дала төсінде тыным таппайды. 1964-1966 жылдар аралығында еңбек қарқыны аңызға бергісіз нәтиже көрсетеді. Жер жырту нормасын 158 процентке дейін жеткізіп, жоспардан асып түседі. Ал 1967 жылы межеленген 528 гектардың орнына 1031 гектар жерді тұқым себуге дайындап, ауысымдық міндеттемені екі-үш еселеп орындайды. Бұл жай ғана цифрлар емес, темір тұлпарды тізгіндеген ердің қажырлы қайраты мен таңсәріден қара кешке дейін төккен маңдай терінің өтеуі еді. Нәтижесінде оның бригадасы әр гектардан 33 центнерден дән алып, егіншілікте теңдессіз жетістікке жетеді.
«Еңбегі көптің өнбегі көп» деген жолдар Кәрібоз атаның өміріне арналғандай. Небәрі 31 жасында өз саласында төңкеріс жасаған, өнімділікті бірнеше есе арттырған немесе мемлекетке стратегиялық маңызы бар жаңалық ашқан жандарға ғана бұйырған «Социалистік Еңбек Ері» деген Одақтың басты биік марапатына ие болады.
1970 жылдан бастап Кәрібоз Әлимаев өмірінің жаңа белесін мал шаруашылығымен байланыстырады. Ата кәсіпті ақсатпауда аңызақ жел мен ақ түтек боранда қой бағып, төлдету науқанында ұйқысыз түндерді өткереді. Көкжал арландармен бетпе-бет келген айқастар, табиғаттың қатал мінезіне қарсы тұрған қайсарлығы бүгінде көкірегінде сайрап тұр. Осы салада 1995 жылы, зейнетке шыққанша, табан аудармай қызмет етеді.
Бүгінде Қазалы ауданының құрметті азаматы Кәрібоз Әлимаевтың кеудесінде Ленин орденінен өзге, облыс пен қаланың мерейтойлық медальдары да жарқырайды. Ол тек еңбек ері ғана емес, халықтың мұңын мұңдаған, 1987-1991 жылдары аудандық Кеңестің депутаты болып, елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге атсалысқан қоғам қайраткері.
Осы жылы қадірменді қария ел алдында өзінің мерейлі 90 жасын абырой биігінде, тың қалыпта қарсы алды. Оның жүріп өткен жолы, тау тұлғасы тұтас бір дәуірдің тынысын, еңбекке деген шексіз адалдықтың үлгісін паш етіп, «жұмыс жоқ», «қазір бәрі қиын», «таныс болмағанға шанс жоқ» деген масылдық жалаң стериотивтердің күл-талқанын шығарып, қимылдаған қыр асып қана қоймай, қияға шығатынын көпке ұғындыруда.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
16 мамыр 2026 ж. 49 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031