Жасыл желегі жайқалған ауыл

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Ғани Мұратбаев атындағы ауылға барып, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысты. Талдары қаз қатар тізілген саябақ пен көшелерге егілген көшеттерге оң бағасын беріп, бұл жұмыстар барлық ауылға үлгі болуы керектігін айтты.
Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің әкімі Абай Рыстығұл жердің тұздылығына қарамай егілген ағашты көктету қажырлы еңбекті талап ететіндігін айтты.
Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы ауылдық округ әкімі аппаратының ғимаратына соғып, бұған дейін жүргізілген жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл ғимарат табиғи газбен жылытылады.
Аудан басшысы Ғ.Мұратбаев ауылына сапары кезінде халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының ұрпағы, көп жылдар Қызылқұмдағы батыр зиратының шырақшысы болған Иманғали Сағадин ақсақалға сәлем беріп, хал-жағдайын сұрады. Жасы 85-ке келген ақсақалдың иығына қазақы дәстүрге сай шапан жауып, құрмет көрсетті.
Өз кезегінде Иманғали Сағадин аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың жұмысына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат