Серілер бақ сынаған сайыс
Сәрсенбінің сәтінде Қазалы қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қазақтың тұңғыш кәсіпқой палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арналған «Күш атасын танымас» атты тағылымды әрі тартысты сайыс өтті. Аталған сайыста мәдениет үйі мен клубтарда қызмет ететін азаматтар бақ сынады.Шараның шымылдығын Қазалы қаласы әкімі аппаратының бас маманы Талант Ерімбетов ашып, қатысушыларға сәттілік тілесе, ал Қазалы ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Бекет Табынбаев сайыстың тартысты өтуіне жоғары деңгейде әрі әсерлі өтуіне ниет білдірді.
Үш кезеңнен тұрған сайысқа тәжірибелі мамандардан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Қазылар құрамында білім саласының ардагері, «Өнегелі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі әрі қазылар алқасының төрағасы Қазыбай Саниязов, №18 Қазалы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Біржан Медетбаев, мәдениет бөлімінің бас маманы Бекет Табынбаев және Қазалы қалалық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Асылбек Көшербаев болды.
Ережеге сәйкес алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін таныстырды. Ал «Ер өнерімен мақтансын» деп аталған екінші кезеңде талапкерлер өз өнерлерін паш етсе, шешуші «Күш атасын танымас» кезеңінде ұлттық ойын – «оқтау тартыс» арқылы күш пен ептіліктерін сынға салды.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Бозкөл ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Талант Сахитов жеңіп алды. Бірінші орын Жалаңтөс батыр ауылдық клубының намысын қорғаған Мағжан Оңғаровқа бұйырды. Ал екінші орынды Түктібаев ауылынан қатысқан Нұркелді Махамбет пен арандылық Құлпыбай Жүкеев иеленді. Үшінші орынды сарбұлақтық Ғабит Сүттібаев, басықаралық Ермахан Талғатұлы және ақсуаттық Айдархан Досаев өзара бөлісті.
Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, ұлттық құндылықтарды дәріптеген мазмұнды кеш әсерлі сәттермен түйінделді.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ












