Даланы дүбірлеткен баба тойы

Ақтан батыр Қазалы ауданының қазіргі Жанқожа батыр ауылына қарасты «Тілес арығы» бойындағы «Түлкі қашқан» деген жерде дүниеге келген. Ол ХVIII-XIX ғасырларда өмір сүріп, текті әулиелігі және асқан батырлығымен тарихта аты аңыз болып қалған. Батыр 1854 жылы қайтыс болған. Бейіті қазіргі Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Бершүгір бекетінен батысқа қарай 30-35 шақырым жердегі Мұғалжар тауының баурайындағы «Тебенсай» деген жердегі Ақтан-Сады қорымына қойылған екен. Ел есінде мәңгі сақталған ер есімі ұмыт қалмай, осы күнге дейін ұлықталып келеді. Биыл міне, Ақтан батырдың туғанына 255 жыл толып отыр.
Жақында ауданда ел тарихында, халқымыздың мызғымас ел болып, сақталып қалуы үшін күрескен Ақтан батыр Ақайұлының торқалы тойына орай тарихи-танымдық шара өтті. Ақтан батыр ауылындағы орталық алаңда өткен тарихи шараны аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев сөз сөйлеп ашып, жиылған жұртшылықты халық батырының мерейтойымен құттықтады.
– Қазақ тарихындағы қилы-қыстау оқиғаларды басынан кешірген қасиетті Сыр бойындағы елім деген ерлерді біріктіріп, отаршылар мен басқыншыларға қарсы күрескен Ақтан батырдың біз үшін, яғни бүгінгі ұрпақ үшін орны ерекше, бірегей тұлға. Ақтан Ақайұлының Қыр мен Сыр еліне Хиуа, Қоқан хандығының шапқыншылығына, озбырлығына, орыс патшалығының отарлау саясатына қарсы қол бастап күрескен атақты қолбасшы Нұрмұхаммедұлы Жанқожаның сенімді серігі, бас батыры болғаны бәрімізге аян. Бүгінде Қазалы ауданындағы Ақтан батыр ауылының азаматтары, батырдың ұрпақтарының бастамасымен ерлік пен елдіктің үлгісіне айналған Ақтан батырдың 255 жылдығына орай тәлімдік-тәрбиелік мәні бар, тағылымға толы шара ұйымдастырылуда. Шара аясында өтіп жатқан танымдық конференция, спорттық жарыстар, ақындар мүшайрасы, ат бәйгесі барлығы халықтың игілігі, рухани баюы мен бір-бірімен жақын танысуы үшін жасалуда. Олай болса, батырдың есімін бүгінгі ұрпаққа дәріптеу, насихаттау мақсатында өткізіліп жатқан рухани іс-шараларыңыз баянды болсын, – деді Жалғас Оңғарұлы.
Одан соң мерейтой аясында ұйымдастырылған ақындар мүшәйрасы, спорттық шараларда жеңімпаз атанған азаматтар марапатталып, мерейтойды ұйымдастыруға атсалысқан бірқатар азаматтарға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаевтың «Алғыс хаттары» табысталды. Шара барысында халық батырының тарихи кезеңдегі ерлік істерінен қойылымдар қойылып, жиналған жұртшылық 100 өнерпаздың қатысуымен ұйымдастырылған «Батырлар биін» тамашалап, батырдың өмір жолына байланысты шығарылған өлең-жырларға қанық болды. Торқалы тойға Ақтөбе облысынан, Қызылорда қаласынан және басқа да өңірлерден келген қонақтар, батырдың ұрпақтары сөз сөйлеп, Ақтан батырдың ерлік істерін айтып, батырдың 255 жылдық мерейтойын кең көлемде ұйымдастыруға атсалысып жатқан азаматтарға алғыстарын жеткізді.
ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ
Мерейтойлық шаралар легі Ақтан батыр ауылындағы ауылдық клубта «Ақ бұлтты Ақтан батыр» атты ғылыми-танымдық конференциямен бастау алды. Конференцияны аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов сөз сөйлеп ашып, жиналған жұртшылықты халық батырының 255 жылдық мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ қазақ тарихындағы қилы-қыстау оқиғаларды басынан кешірген қасиетті Сыр бойындағы елім деген ерлерді біріктіріп, отаршылар мен басқыншыларға қарсы күрескен Ақтан батырдың ерлік істері жайында тоқталды. Ғылыми-танымдық конференцияны ҚР мәдениет саласының үздігі, тарихшы-зерттеуші Болат Жолтаев жүргізіп отырды.
Конференция барысында ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Серік Қуанышбав «Ақтан батыр заманы және ұрпақтар үйлесімі» тақырыбында баяндама жасаса, тарихи өлкетанушы, Халықаралық журналистер Одағының мүшесі БақытжанАбдуллаұлы тарихи жыр дастандардағы Ақтан батыр бейнесі жайында, ҚР журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Төлепберген Тілеуқабылұлы «Ақтан мен Дабыл» тақырыбында сөз қозғады. Сондай-ақ жиында белгілі жыршы Кеңес Болатбекұлы «Ақтан батыр» дастанынан үзінді жырласа, батыр ұрпақтары атынан Толағай Дүнкиев Ақтан батырдың ерлік істері жайында сөз қозғады.
Тарихи-танымдық конференция соңында Ақтан батыр ауылындағы №190 мектеп директорының орынбасары Нұрлан Көпжасарұлы конференцияның тоқтамымен таныстырып, Ақтан батырдың есімін, ерлік істерін келер ұрпаққа дәріптеу, насихаттау бағытындағы жоспарланған жұмыстар жайында айтып өтті.
БОЗКІЛЕМДЕ БЕЛДЕСТІ БАЛУАНДАР
Ақтан батыр ауылындағы орталық алаңда Ақтан Ақайұлының 255 жылдық мерейтойына арналған ұлттық спорт сайыстары өтіп, қызыққа толы дүбірлі додаға ұласты. Сайыс бірнеше спорт түрінен өтті. Олар қазақша күрес, қол күрес, арқан тартыс, аударыспақ жарыстарымен өрбіді. Жарысқа Ақтөбе облысы, Қармақшы ауданы мен Қазалы өңірінің спортшылары қатысты.
Тартысты өткен балуандар бәсекесінің нәтижесі бойынша, І орынды – Арал ауданынан келген білекті балуан Бақтияр Ибрагимов жеңіп алды. ІІ орын – Қазалының үмітін арқалап, намысын қорғаған Қуаныш Есенге бұйырды. Ал ІІІ орынды –Қармақшының балуаны Спандияр Алмахан иеленді.
Қол күрестің қорытындысымен І орын – Ақтан батыр ауылынан Әділет Өмірбековке бұйырды. Әйтеке би кентінен қатысқан Мақсат Жалғасбек ІІ орынды иеленсе, ІІІ орын – Иьяс Кәденге бұйырды.
Арқан тартыс бәсекесінде де тартыс қыза түсті. І, ІІІ орындарды Ақтан батыр ауылының командасы иеленсе, ІІ орынды Бекарыстан би ауылының командасы қанжығасына байлады.
Ал аударыспақ сайысы екі кезең бойынша тартысты өтті. Жеңіл және ауыр салмақ дәрежесінде боз аттың үстінде шеберліктерін сынға салған спортшылар көрерменге нағыз ұлттық спорттың көрінісін көрсетті.
Жеңіл салмақта (80 кг-ға дейін) 16 сайыскер бақ сынады. Нәтижесінде: І орынды – Ырғыз ауданынан келген, Қазақстанның 5 дүркін чемпионы Нұрталап Кәрім жеңіп алса, ІІ орынды – аудан намысын қорғаған Жасұлан Жұмабаев иеленді. Ал ІІІ орынды – қазалылық Дәуірхан Қанибай еншіледі.
Ауыр салмақта (80 кг-нан жоғары) 9 спортшы додаға түсті. Нәтижесінде: І орын – Ырғыз ауданынан келген Нұржан Еркінұлына, ІІ орын – Қазалы ауданының үміткері Мұхаммед Бегімовке, ІІІ орын – Арал ауданынан қатысқан Шәмші Берекетовке бұйырды.
Жүлдегер спортшыларға қаржылай сертификаттар табысталып, арнайы дипломдармен марапатталды.
АҚЫНДАР МҮШӘЙРАСЫ
Қазақ елі сара өнер мен дара ерлікті дәріптеуді ұлық тұтқан. Даңқы тұтас елді шарпыған Ақтан батыр бабамыздың рухына ұйымдастырылған шара ақындар мүшәйрасымен жалғасын тапты. Тойдың сәні – ән мен жыр емес пе? Әсіресе айтыс десе ішкен асын жерге қоятын қазекем бабаға арналған айтыста делебесі қозып, керемет көріністің куәсі болғаны рас.
Мерейтой аясында рухани мазмұны жоғары, тағылымы терең «Ақ күн туды басыма» атты аймақтық ақындар мүшәйрасы өтті. Шараны республикалық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы, қазақ эстрадасындағы бірнеше танымал әндердің авторы, жас ақын Ақжол Түменбай жүргізді. Ақындар аламанын әділ бағалап, өнер иелеріне төрелік еткен – №190 мектеп директорының орынбасары Нұрлан Көпжасарұлы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Махамбет Жеткербай болды.
Мүшәйраға Қармақшы, Сырдария аудандары мен ауданға қарасты ауылдардан 11 ақын қатысып, батыр бабаға арнаған жырларын тебірене оқыды. Сөз маржанын теріп, додаға түскен ақындар арасында өнерлілер анықталды.
Бас жүлде – Абай ауылынан келген арқалы ақын Әлихан Махашовтың еншісіне бұйырды. І орынды – Лақалы ауылынан қатысқан жас талант Нұрасыл Әділбекова иеленсе, ІІ орынды – Ғ.Мұратбаев ауылынан қатысқан Нәзия Ермекқызы қанжығасына байлады. ІІІ орын – қос ақынға бұйырып, Қармақшы ауданынан келген Мөлдір Тәңірбергенова мен аралдық Айгүл Кузенова марапат биігінен көрінді.
Мүшайраға белсене қатысып, жүлделі орындар алған жас ақындарға қаржылай сыйлықтар табысталып, дипломмен марапатталды.
ЖҮЙРІКТЕН ЖҮЙРІК ОЗАР ЖАРЫСҚАНДА
Қазақтың тойы ат шаппай, аламансыз өткен емес. Ақтан батыр ауылында өткен дүбірлі ат бәйгесіне елдің әр өңірінен келген шабандоздар жал-құйрығы төгілген тұлпарларын бәйгеге қосты. Бұл күнгі бәйге төрт кезең бойынша өтті: тай жарысы, құнан бәйге, ошақ бәйге және аламан бәйге. Дода басталмас бұрын ел ағалары мен ардагерлер сөз сөйлеп, атбегілерге ақ батасын беріп, жарысқа сәттілік тіледі.
Ат бәйгесіне елдің түкпір-түкпірінен келіп, нағыз жүйріктер жарысты. Сәйгүлік қосылған дүбірлі дода тай жарысынан басталды. Ә дегеннен құлақ қайшыласып, айналма жолдың апшысын қуырып әкеткен кіл жүйріктердің шабысын шараның ең бір керемет тартуы десек артық болмас еді. Жал-құйрығы сүзілген жүйріктерді тақымында толқытқан қаршадай балалардың бақ пен бап бәсіндегі өнері қара құрым халықтың қызу қошеметімен қыза түсті.
6 шақырымдық қашықтықта 32 жүйрік тайдың тұяғын дүбірлетіп өтті. Бұл сыннан Жамбыл облысының шабандозы Қуат Дамир «Зымыран» атты торы тайымен топ жарып, мәреге бірінші болып жетті. Екінші орынды Қармақшы ауданының Дүроңғар ауылынан келген Нұржан Шөмекейдің «Карамель» атты күрең-қасқасы иеленсе, үшінші орын Бекарыстан би ауылының шабандозы Нұрболаттың «Ұлытау» атты жүйрігіне бұйырды.
Одан соң құнан бәйге ұйымдастырылып, 12 шақырымдық төрт айналымда 18 құнан бақ сынады. Қызықты додада Жамбыл облысынан келген Мирас тізгіндеген «Лафиза» жүйрігі алдына жан салмай бірінші келді. Созақ ауданынан Мейір шабандоздың «Алтынқасқа» атты торы аты екінші болып жетсе, Қызылорда қаласынан келген Нұртастың «Пономеро» атты тұлпары үшінші орынға ілікті.
Жарыстың нағыз сыны – ошақ бәйге. 21 шақырымға созылған 7 айналымда 16 тұлпар бақ сынасты. Бұл бәйгеде Қазалы ауданының намысын қорғаған Нұрым шабандоздың «Бақторы» атты тұлпары алдына қара салмай мәреге бірінші болып жетті. Екінші орын да ауданымыздан қатысқан Абылайдың «Секрет» атты жүйрігіне бұйырды. Ал үшінші орынды «Тұмар» тұлпарымен Ерасыл есімді шабандоз иеленіп, қалың елдің қошеметіне бөленді.
Көпшілік асыға күткен ең үлкен дода – аламан бәйге. 24 шақырымдық 8 айналымға 17 тұлпар қосылып, нағыз дүлдүлдер сынға түсті. Жүздеген жанкүйердің делебесін қоздырған жарыста Алматы облысының Амир атты шабандозы «Мажор» жүйрігімен бірінші орынды жеңіп алды. Екіні орын Арал ауданынан Рауан тізгіндеген «Қозыкүрең» тұлпарына бұйырса, үшінші орынды Жамбыл облысының Дамир Қуатов шабандоздың «Талмас» атты торы аты қанжығасына байлады.
Жүйріктер бақ сынаған бәйгелі жарысқа қомақты жүлде қоры тағайындалып, көрермен жүлделі доданың куәсі болды.
ТҮЙІН: Тарихшылардың зерттеуіне сүйенсек, тек Сыр бойында туған немесе осында өмір сүрген және елі мен жерін қорғаған қазақ халқының 500-ден астам батырларының деректері бар екен. Бұлардың қатары күн санап толыға түсуде. Міне, осындай Кеңес үкіметінің бодандық құрсауы босаңси бастағанда еске алып, өмір тарихы зерттеліп, халыққа жария болғандардың бірі – әруақты әулие әрі батыр Ақтан Ақайұлы.
ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830-1840 жылдары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал теңіздеріне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға ұдайы шапқыншылық жасады. Қаныпезерлер олардың малын барымталап, әйел, бала-шағаларын тұтқындап отырды. Қоқандықтар шекара бекітіп, әкімшілік құрды. 1817 жылдан бастап салына бастаған бекіністерінен жасақ шығарып, бейбіт елге шабуылдап, алым-салық жинап тұрған. Осындай зорлық-зомбылықтан жапа шеккен қазақтар, жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасады. Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Жанқожа батыр Ақтанмен бірге көне Жанкенттің жанындағы Хиуа бекінісі Жаңақаланы тас-талқан етеді.
Деректер бойынша, бұл оқиға 1842 жылы болған. Жаңақаланы алардағы ұйымдастырушылығы мен жанқиярлық батырлығы үшін халық Ақтан Ақайұлын бүгінгі күнге дейін қазақтың қайсар батырларының бірі деп біледі.
Қош. Осылайша қасиетті даланы дүбірлеткен тағылымы мол шара Ақтан бабаның туған топырағында тәлім мен тамашаның, береке мен мерекенің сұлулығын тағы бір сүйіншіледі.
Айнұр ӘЛИ