Өнер мен өнеге ұштасқан
Ауыл – ұлттық болмыстың алтын бесігі, асыл діңгегі. Ал сол діңгектің тамырына нәр беріп, бұтағын жайқалтып отырған мәдениет ошақтары – руханияттың мөлдір бастаулары іспетті. Бүгінгі жаһанданудың алапат толқыны мен жат мәдениеттердің екпіні күшейген заманда, жас ұрпақтың бойына «ұлттық кодты» сіңіру, оларды қауырсын жыр мен киелі өнердің нәрімен сусындату – мемлекеттік маңызы бар, ұлт болашағы үшін айрықша өзекті мәселе.Бұл тұрғыда Қазалы ауданына қарасты Абай ауылдық клубы жанынан құрылған «Ғұмырдария» көркемсөз үйірмесінің атқарып отырған жұмысы – нағыз заманауи ағартушылықтың жарқын үлгісі, рухани жаңғырудың шынайы көрінісі болып отыр.
Үйірменің үйретері көп. 2014 жылы өнер айдынына қосылған бұл үйірме бүгінде жиырмаға жуық жас дарынның басын біріктіріп, оларды сөз өнерінің сиқырына ұйытып отыр. Бұл жай ғана үйірме емес, бұл – парасаты биік, сана-сезімі ояу, ұлттық құндылықтарды ту еткен тұлға қалыптастырудың қасиетті шаңырағы екенін ұғындыруда.
Үйірменің он жылдан астам уақыт бойы халықаралық және республикалық биіктерді бағындыруы – өз ісіне шексіз берілген кәсіби маман, клуб сүйемелдеушісі Зәмзагүл Меңдібаеваның қажырлы еңбегі мен таусылмас төзімінің жемісі. Тәжірибелі тәлімгер шәкірттеріне тек өлең оқуды ғана емес, сахна мәдениетінің этикасын, актерлық шеберліктің тылсым сырларын және сөздің ішкі қуатын сезінуді тел үйретіп келеді.
Үйірме жетекшісінің бастамасымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын тарихи-танымдық саяхаттар – балалардың дүниетанымын кеңейтудің бірегей тәсіліне айналды.
Көне Жаркенттің жұмбақ көшелері, киелі Түркістан мен Отырар шаһарлары, Қорқыт баба кесенесінің қоңыр үніне ұласқан рухани сапарлар... Осынау тағзым шаралары балалардың ішкі әлемін ізгілікпен байытып, отансүйгіштік сезімін асқақтата түскен.
«Ғұмырдария» үйірмесінің жетістіктер шежіресі – маңдай тер мен таза таланттың айғағы. Үйірме мүшелері халықаралық деңгейдегі «Үкілі үміт», «Ұлы дала мұрасы», «Talantty Jastar» және «Alash Star» секілді айтулы өнер фестивальдерінде топ жарып келеді. Атап айтсақ, үйірме мүшелері Алтынай Ерланқызы, Дәурен Ерназаров, Айбибі Қази секілді жас қырандар Бас жүлделер мен бірінші орындарды қанжығаларына байлаған. Республикалық «Атадан-Мұра», «Дарабоз», «Ұлы дала ұрпағы» байқауларында Аяжан Әнес, Қасиет Серікбай, Аягөз Жарылқасын сынды өнерпаздар дара шығып, халықаралық кезеңдерге жолдама алды.
Әсіресе, жуырда ғана дүркіреп өткен «Silk Way Creative Games» XVII Ұлттық жастар дельфий ойындарында Әнес Аяжанның алтын медаль иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алуы – ауылда да кәсіби деңгейдегі өнер мектебінің іргетасы берік қаланғанын паш етті. Шәкіртінің бағын жандырған Замзагүл Қалижанқызының өзі де бірнеше мәрте «Үздік жетекші» мәртебесіне ие болып, кәсіби біліктілігін жоғары деңгейде мойындатқан.
Ауыл клубының ұйытқы болуымен өткен ауқымды іс-шаралардың маңызы мен мәні бөлек. Ұлы Абайдың 175, 180 жылдық, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына және ақиық ақын Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған аудандық деңгейдегі көркемсөз байқаулары – Сыр еліндегі сөз өнерінің нағыз салтанатына айналды.
Жақында ғана өткен «Сырдан басталған жыр жолы» атты байқауда ауданның 25 үздік талапкері бақ сынап, «Ғұмырдария» шәкірті Айару Аманкелдінің бірінші орынды иеленуі – үйірме мерейін тағы бір мәрте асқақтатты.
Бұл – тек өнердің соқпағы емес, бұл – ұлттық болмысымызды ұлықтайтын, келешегі кемел сара жол түсінігі жас буынға қазірдің өзінде қалыптасып үлгерген.Осындай ауқымды іс-шаралар мен биік жетістіктер – ауылдық клубтардағы үйірме жұмысының ұлттық руханият үшін қаншалықты өміршең екенін айғақтайды.
Айнұр МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ














