Кітап – руханияттың темірқазығы
23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне орай Қазалы ауданында ерекше форматтағы кітап фестивалі ұйымдастырылды. Руханият орталығының алаңында өткен салтанатты шара кітаптың қадірін ұлықтап, оқырман мен кітапхана арасындағы алтын көпірді нығайтуға бағытталды.Кешкұрым басталған мерекелік шараның ауласы ерекше безендіріліп, түрлі-түсті шарлар мен қызыл кілем мерекенің сәнін арттырды. «Кітап – асыл қазына» тақырыбындағы кең көлемді кітап және қолөнер көрмелері келушілер назарына ұсынылып, мектеп ұжымдарының шығармашылық еңбектері көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар «Оқитын аудан» жобасы аясында іріктелген үш шығармадан үзінділер қойылып, көрерменге әдебиет әлемінің тереңдігі мен тағылымы сахна тілі арқылы жеткізілді.
Фестивальдің ашылуы ерекше рухта басталды. №266 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушыларынан құралған 60 оқушыдан тұратын хор қазақ әдебиетінің алыптарының өлеңдерін мәнерлеп оқып, көпшілікке рухани әсер сыйлады.
Атап айтқанда, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев сынды тұлғалардың шығармалары оқылып, жас ұрпақтың әдебиетке деген құрметі айқын көрінді.
Шара барысында жүргізушілер кітаптың адамзат өміріндегі орнына ерекше тоқталып, оның тек білім көзі ғана емес, рухани тәрбие мен мәдениеттің негізі екенін атап өтті. Кітап – уақытпен бірге жасайтын, ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра жеткізетін баға жетпес құндылық екені кеңінен насихатталды.
Сондай-ақ фестиваль аясында «Кейіпкерлер шеруі – жүрекке жол» атты әсерлі шеру ұйымдастырылып, аудандық кітапханалар оқырманға таныс әдеби кейіпкерлер бейнесін сахналық түрде ұсынды. Бұл көрініс көрермендерді кітап әлеміне жақындатып, әдеби кейіпкерлердің тағдырын терең сезінуге мүмкіндік берді. Ал «Сезім патшалығы» атты қойылымда 40 романның мазмұны мен кейіпкерлері сахна тілімен өріліп, көркем әдебиеттің құдіреті тағы бір мәрте дәлелденді.
Мерекелік жиында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов сөз сөйлеп, кітапхана ісінің қоғамдағы рөліне тоқталып, кітапханашылар еңбегін жоғары бағалады. Бұған қоса «Оқитын аудан» жобасы аясындағы байқау жеңімпаздары марапатталып, руханият саласына үлес қосып жүрген жандарға құрмет көрсетілді.
Байқаудың жүлделер қоры да ерекше болды. Бас жүлде аудандық балалар кітапханасының оқырмандарына бұйырып, С.Мұратбековтің «Жабайы алма» шығармасын жоғары деңгейде ұсынғаны үшін 100 000 теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Жанкент ауылдық кітапханасы оқырмандарының А.Сүлейменовтің «Бесатар» повесіне сүйеніп қойылған көрінісі бірінші орынды иеленді. Майдакөл ауылдық кітапханасының ұжымы С.Елубайдың «Ақ боз үй» романын сомдап, екінші орынды қанжығасына байлады. Ал кенттік және аудандық кітапхана Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мен Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» шығармасы желісімен дайындалған актерлік шеберліктерінің нәтижесінде үшінші орынды қанағат тұтты.
Шара барысында жеке кейіпкерлерді сомдауда ерекше көзге түскен қатысушылар да арнайы номинациялармен марапатталды. Әдеби кейіпкерлердің бейнесін шынайы жеткізе білген оқырмандар «Ең үздік ер адам бейнесі», «Ең үздік әйел адам бейнесі», «Сахна безендіруші», «Музыкалық безендіруші» және басқа да бағамдар бойынша танылды. Бұл жастардың әдебиетке деген қызығушылығы мен шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Руханияттың алтын діңгегі саналатын кітапқа деген құрметті арттырып, оқырман мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып жүрген кітапханашылар еңбегін дәріптеуге арналған ерекше күн болды. Осы орайда аудан көлемінде кітапханалар жүйесінде қызмет атқарып жүрген бірқатар маманның еңбегі еленіп, арнайы алғыс пен марапатқа ие болды.
Атап айтқанда, аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Нұргүл Әжіғұлова, қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі Толқын Мырзалиева, Ү.Түктібаев ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлмира Ниетова, №266 мектеп-лицейінің мұғалімі Мақтагүл Рысмамбет және өзге де кітапхана, білім саласының қызметкерлері марапат төрінен көрінді. Олардың қатарында ауылдық кітапханашылар, мектеп кітапханашылары мен ұстаздар бар. Кітап пен білімге қызмет етіп жүрген жандардың еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет.
Сонымен қатар «Оқитын аудан» жобасы аясында ұйымдастырылған онкүндік байқаудың қатысушылары да түрлі номинация бойынша марапатталды. Байқау барысында оқырмандар қазақ әдебиетінің көрнекті туындыларын сахналап, кейіпкерлер бейнесін сомдау арқылы шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Әр ауылдық кітапхана оқырмандары белгілі бір әдеби шығарманы таңдап, соған сәйкес номинацияларға ие болды. Мәселен, Аранды ауылдық кітапханасының оқырмандары Ұлықбек Есдәулетовтің «Киіз кітап» шығармасы арқылы «Поэзияның сырлы үні» номинациясын иеленсе, Ү.Түктібаев ауылдық кітапханасының оқырмандары Мұхтар Шахановтың «Танакөз» романы бойынша «Мәңгілік достық символы» атанды. Ал Абай ауылдық кітапханасының оқырмандары Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы арқылы «Парасат жолын үлгі тұтқан жастар» номинациясымен марапатталды.
Бұдан бөлек Лақалы, Бекарыстан би, Ақсуат, Ғ.Мұратбаев, Шәкен, Тасарық, Кәукей, Ақтан батыр, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Жанқожа батыр, Бірлік, Бозкөл ауылдық кітапханаларының оқырмандары да қазақ әдебиетінің жауһар туындыларын насихаттап, түрлі мазмұнды номинацияға ие болды. Әр номинация оқырмандардың шығарманы терең түсініп, оны сахнада шебер жеткізе алғанын айқындайды.
Тағылымды шарада ән мен жыр да өз жалғасын тапты. Оқушылар мен кітапханашылар дайындаған көркем көріністер мен әдеби қойылымдар және әндер кештің мазмұнын байыта түсті. Әсіресе «Кітапхана әні», «Аққулар ұйықтағанда», «Кітаптар мұңы» сияқты қойылымдар көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Сонымен бірге «Әдебиет – өмір айнасы» атты ашық аспан астындағы оқулар ұйымдастырылып, оқырмандар сүйікті кітаптары туралы ой бөлісті. «Сәті түскен сұхбат» айдары арқылы кітапсүйер қауымның әдеби талғамы мен көзқарасы таныстырылды.
Жалпы аталмыш фестиваль мерекелік шара ауқымында емес, кітаптың қадірін ұғындыратын, оқуға деген қызығушылықты арттыратын, рухани құндылықтарды дәріптейтін рухани азыққа толы басқосу болды. Кітапхана – үнсіз сөйлейтін, бірақ сананы оятатын киелі мекен екенін тағы бір мәрте дәлелдеген шара көпшілік жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Руханияттың шамшырағы саналатын кітап пен кітапханаға деген құрмет ешқашан кемімек емес. Себебі кітап – өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа жол сілтейтін мәңгілік қазына.
Мерекелік шаралар кітап оқудың маңызын насихаттап, жас ұрпақты рухани байлыққа жетелейтін игі бастамалардың бірі. Кітапхана – білім мен мәдениеттің, рухани дамудың ордасы.
Қазалы ауданында ұйымдастырылған іс-шаралар кітапқа деген құрметтің артып, оқырман мәдениетінің қалыптасуына серпін беретіні анық. Кітап оқитын ұрпақ – саналы ұрпақ. Ал саналы ұрпақ – ел болашағының берік кепілі.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА












