Әр ауыл – бір үміт, жобаға жоқ күдік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасы бүгінде ауылдық аймақтардың келбетін өзгертіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеруде. Бұл бағдарлама – тек инфрақұрылымды жаңарту емес, ауыл халқының әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық қадам.Ауыл – қазақтың алтын діңгегі, рухани темірқазығы. Сондықтан ауылды дамыту мәселесі әрдайым мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала бермек. Бүгінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы жалаң ұран емес, нақты істердің бастауына айналды. Жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлердегі өмір сүру сапасын қала деңгейіне жақындату. Осы орайда республика бойынша мыңдаған шақырым жолдар жөнделіп, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Мәселен, заманауи мектептер мен медициналық пункттердің құрылысы қарқын алды. Ауыз сумен қамтамасыз ету және сапалы жол желісін қалыптастыру жолға қойылды. Ауыл жастарына арналған спорт кешендері мен мәдениет үйлерін жаңғырту жүйелі жүргізілуде. Соңғы жылдардағы көрсеткіштер жобаның тиімділігін айқын көрсетеді. Бағдарлама аясында елдің әлеуеті жоғары ауылдарындағы инженерлік желілерді жаңартуға қомақты қаражат бөлініп, жұмыс орындары ашылды. Бұл – ауылдан қалаға үдере көшу процесін бәсеңдетіп, керісінше, жас мамандардың туған жеріне оралып, қызмет етуіне мүмкіндік беруде.
Жоба бойынша ауданда атқарылған жұмыстардың қатары қалың. 2025 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалар табысты жүзеге асырылды. Бағдарлама шеңберінде ауылдардың инженерлік желілері жаңартылып, әлеуметтік нысандар салынып, жолдар жөндеуден өтті. Соның ішінде Қожабақы ауылында электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Жалпы құны 442,8 миллион теңгені құрайтын бұл жоба ауыл тұрғындарын сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығында орналасқан тұрғын үйлер мен нысандардың электр қуатына деген сұранысын арттыру мақсатында жаңа қосалқы станса құрылысы басталды. Бұл жобаға 2025 жылға республикалық бюджеттен 378,2 миллион теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жоба құны – 1 миллиард 417 миллион теңге. Жоба толық іске қосылған кезде өңірдегі электрмен қамту сапасы айтарлықтай жақсармақ. Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Елді мекендердің көшелерін күрделі және орташа жөндеуге 776,7 миллион теңге бөлініп, нәтижесінде 14 көше жаңартылған. Оның ішінде Әйтеке би кентінде – 11 көше, Басықара ауылында – 1 көше, Жалаңтөс батыр ауылында – 2 көше жөндеуден өткен. Бұл жұмыстар тұрғындардың қатынау қолайлылығын арттырып, ауыл ішіндегі қозғалысты едәуір жеңілдетті. Сонымен қатар Майдакөл ауылында 100 орындық жаңа клубтың құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бекарыстан би ауылында заманауи спорт кешені ел игілігіне табысталып, Әйтеке би кентіндегі «Қазалы мәдени-демалыс кешені» мен Қожабақы ауылында спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының мәдени-спорттық өмірін жандандырып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.
Жоба аясында Әйтеке би кентіндегі «Болат жолы» дәрігерлік амбулаториясына және Бекарыстан би ауылындағы амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы құны 185,2 миллион теңгені құрайтын бұл жұмыстар медициналық қызмет сапасын арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Қысқасы, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауданда ауылдардың инфрақұрылымын жаңғыртып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға нақты үлес қосып келеді.
Ауылды дамыту – бұл тек экономикалық мәселе емес, бұл ұлттың болашағын, оның ішкі Жоба алдағы уақытта да жалғасын табады. Алдымызда тұрған міндет – әрбір ауыл тұрғынының жайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз ету. Бағдарламаның алдағы кезеңдерінде интернет желісінің сапасын арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін шағын кәсіпорындарды қолдау мәселелеріне басымдық берілмек. Мақсат – ауылды тек шикізат көзі емес, жоғары технологиялы және жайлы мекенге айналдыру. «Ауыл – Ел бесігі» жобасының жемісін бүгінде қарапайым халық сезініп отыр. Жаңа асфальт, жарық мектеп, заманауи емхана – мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іспен көрініс табуы. Ауыл гүлденсе – ел гүлденетіні анық емес пе?
Айнұр ӘЛИ














