Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарих пен тағылым – мемлекеттік дамудың негізі

Тарих пен тағылым – мемлекеттік дамудың негізі

Өлкетану музейі – жай ғана жәдігерлер қоймасы емес, халықтың ұлттық кодының сақтаушысы, бабалар аманаты мен бүгінгі ұрпақ арасындағы рухани байланыс орны. Мұндай нысандар мемлекеттің идеологиялық тірегі ретінде қызмет етеді. Қазалы ауданындағы тарихи өлкетану музейінің маңызы зор, атқартын істері ауқымды. Газет тілшілері жаңа, заманауи талаптарға сай мекеме жұмысының тынысымен танысып қайтты.

Уақыт қойнауындағы өлке

Қазалы ауданы – Қызылорда облысы аумағындағы көне тарихи өңірлердің бірі. Ежелден Сыр бойындағы өркениеттің маңызды орталығы болған аудан жері арқылы бірнеше ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының тармақтары өтіп, сауда мен мәдени байланыстың дамуына ықпал еткен.
1847 жылы Райым бекінісі салынуы XIX ғасырдағы Қазалы өңірінің маңызын арттырып, Сырдария бойындағы әскери-стратегиялық жағдайды күшейткен. Кейіннен Қазалы қаласы қалыптасып, Ресей империясының маңызды әкімшілік және сауда орталықтарының біріне айналуға ықпал еткен. Бұл кезеңде балық шаруашылығы мен сауда кеңінен дамыды. XX ғасырдың басында Қазалы өңірі әлеуметтік-саяси өзгерістерді бастан кешірген. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ауыл шаруашылығы ұжымдастырылып, халықтың тұрмыс-тіршілігі жаңа жүйеге бейімделді. Аудан экономикасында егіншілік, әсіресе күріш өсіру, және мал шаруашылығы жетекші орын алған.
Қазалы – өлке мәдениеті мен өнері ұлттық руханияттың дамуына зор үлес қосқан қазақтың көптеген көрнекті тұлғаларының да туған жері.
Тәуелсіздік жылдары Қазалы ауданы жаңа даму кезеңіне қадам басқан. Инфрақұрылым жаңарып, әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсара түскен. Бүгінде аудан – тарихы терең, мәдениеті бай, Сыр өңіріндегі маңызды аймақтардың бірі саналады.
Қазалының тарихы – қазақ халқының жалпы тарихының ажырамас бөлігі, елдік мұра мен ұлттық құндылықтардың жарқын көрінісі.
«Музейдің ашылуына бірнеше іргелі факторлар себеп болған.
Біріншісі, ауданның тарихи маңыздылығы мен геосаяси орны.
Қазалы – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, ежелгі Жанкент шаһарының іргесіндегі қасиетті мекен. Оғыз мемлекетінің астанасы болған бұл өңірдегі археологиялық табыстарды жүйелеу қажеттілігі туындаған.
Екінші себеп – Рухани жаңғыру және ұлттық бірегейлік. Мемлекеттік саясат аясында ұлттық құндылықтарды түгендеу мақсатында Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Ғани Мұратбаев тұлғалардың мұрасын бір арнаға тоғыстыру қажеттігі туындады. Музей олардың өмірлік жолын насихаттайтын басты орталыққа айналды.
Соңғысы, мәдени мұралар мен тарихи нысандарды құжаттандыру және олардан қалған жәдігерлерді жоғалып кетуден сақтау шарасы», – дейді музей меңгерушісі Әзілхан Мақсатбаев.
Өткен мен болашақтың алтын көпірі
Қазалы өлкетану музейі – маңызды мәдени институт. Бүгінде музейлер қызметі тек жәдігерлерді жинақтаумен бірге, елдік мүддені нығайтуға бағытталған стратегиялық салаға айналып отыр.
Мемлекет тарапынан мәдени мұраны сақтау мен дамытуға ерекше қолдау шаралары жүзеге асуда. Президенттің тапсырмалары мен бастамалары музей ісін жаңғыртуға, оны заманауи талаптарға сай дамытуға бағытталуда. Бұл тұрғыда Қазалы аудандық өлкетану музейі – аудан, облыстың табиғаты, тарихы, мәдениеті мен этнографиясын зерттеп, насихаттайтын ғылыми-ағартушылық мекеме екендігін көрсетіп келеді.
Тарлан тарихтың шежіресін жинақтау орнынан көне дәуірдің тынысын сездіретін тұрмыстық жәдігерлерден бастап, өткен күннің куәсі болып табылатын құнды құжаттарға дейін іздеп тауып, оларды келер ұрпақ үшін көздің қарашығындай сақталғанына куә болдық.
Ұжым қызметкерлері ғылыми-танымдық ізденіске де елеулі үлес қосқан. Туған өлкенің тамыры тереңде жатқан тарихын зерделеп, өңірдің өсіп-өркендеуіне атсалысқан біртуар перзенттердің ғибратты ғұмырын ғылыми негізде қайта жаңғырту жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді.
Тарихты тану – елдікті нығайту
Алғаш 2014 жылы жұмысын бастаған орын 2018 жылы салтанатты түрде алғашқы келушілерін қабылдаған. Содан бері өлке тарихын зерттеу мен насихаттаудың басты орталығы «Руханият» орталығына қоныс аударған музей ұжымы өңірдің шежіресін жаңаша сипатта насихаттауда.
Жалпы аумағы 421,8 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимараттың экспозициялық залы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Аудандық тарихи-өлкетану музейі бірнеше залдардан тұрады. Олардың әрқайсысы өлке тарихына сын қырдан еркін ендіреді. Мұнда кірген әрбір адам Қазалының құрылу тарихынан бастап, бүгінгі жетістіктеріне дейін толық мағлұмат ала алады.
Археология залындағы ежелгі Жанкент қалашығынан табылған жәдігерлер көптің қызығушылығын тудыруда.
«Сыр бойындағы ең жұмбақ әрі айбынды қалалардың бірі – Жанкент. Көне қала – археологтар үшін нағыз қазына мекені. Топырақ астынан аршып алынған әрбір жәдігер осыдан мың жыл бұрынғы бабаларымыздың тұрмыс-салты мен талғамынан сыр шертеді», – деп бастады әңгімесін музейдің ғылыми қызметкері Жанат Тілеуқабыл.
Жәдігерлердің өзі бірнеше топқа бөлінетінін білдік.
Сәндік бұйымдар мен тұрмыстық заттар қатарынан қазба жұмыстары кезінде табылған әшекейлер қаланың халықаралық саудадағы рөлін айқындайды.
Оғыз қыштары – шеберліктің биік шыңы. Жанкенттен табылған ең көп жәдігер де осы қыш ыдыстар екен. Мұндағы құмыралар мен табақтар өзіндік өрнегімен ерекшеленеді. Көкшіл глазурьмен қапталған керамика бұйымдарының сапасы сондай, сан ғасыр бойы жер астында жатса да, өзінің бояуын жоғалтпаған. Бұл орта ғасырдағы қазақ жерінде қолөнердің шырқау шегіне жеткенін ұғындырады.
Археологтарды ерекше таңғалдырғаны – сүйектен жасалған бұйымдар.
Экономиканың айнасы – мыс теңгелерге де ұшырастық. Қала орнынан табылған Оғыз билеушілерінің теңгелері Жанкенттің өз заманында қуатты қаржы орталығы болғанын растайды. Бұл теңгелердегі таңбалар мен жазулар мемлекеттік құрылымның мықтылығын паш ететінін айтты Жанат Жайлаубайқызы.
Этнография залында қазақ халқының салт-дәстүрі, қолөнер бұйымдары, қару-жарақ, киім-кешектері өз реттілігімен қатар түзеген. Зал ортасында орналасқан қазақтың киіз үйі, ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдар, шеберлердің қолынан шыққан ер-тұрмандар мен ағаштан ойылған ыдыстар келушілерді ұлттық құндылықтар әлеміне жетелейді.
Тұлғалар залында Жанқожа батыр бастаған ұлт-азаттық қозғалыс өкілдері мен заманауи қайраткерлерге арналған материалдық, жазба деректерді жолықтырдық. Өлкеден шыққан батырлар мен мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлері, еңбек ерлері мен қуғын-сүргін құрбандары туралы құжаттар мен фотосуреттер жүйелі түрде қойылған.
Қазіргі заман тарихы аталатын зал Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері, Ата заңымыздың қабылдануы мен Тәуелсіздік жылдарындағы аудан жетістіктері, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері кеңінен орын алған. Тәуелсіздік жылдарындағы ауданның жетістіктерін санамалап, өткен мен бүгіннің өрісті жолдарын көз алдыңа ұялатады.
Тарихтан тағылым, мұрадан мән
Музей жаңа ғимаратқа көшкен кезде келушілерді қызықтырған ерекше оқиға орын алды.
Ардақ Назаров пен Айдарбек Қожаназаров Ұлттық музей қорына қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының қылышын тапсырды.
Жанқожа Нұрмұхамедұлының қылышы – ХІХ ғасырға тиесілі жәдігер. Мұра украиналық іздеуші мамандардың қолына түскен. Олар кейін мұны Ресейге жіберген. Арнайы сараптамадан өткеннен кейін қазақстандық азаматтардың қолына түскенде арабша жазудың бірінде «Жанқожа Нұрмұхамедұлы баһадүрге саурат (сыйлық)», екіншісінде «Созақ, 1845 жыл» деп жазылған.
1845 жылы Кенесары хан бастаған қазақтың батырлары Созақты қоқандық басқыншылардан азат еткен кезде қылышты Кенесары сыйлаған. Шайқаста Жанқожа батыр әскерімен ерекше ерлік көрсеткен.
Музей қорында бүгінде 5088 экспонат сақтаулы. Оның ішінде 3347-сі негізгі қорға жатса, 1741-і көмекші қорда тұрғанын айтты музейдің қор сақтаушысы Қуандық Ерболатов.
«Музейде сақталған болаттан жасалған қылыш, аздап иілген, бір жүзді, жауынгерлік ұшы екі жүзді. Эфес тек қолдардан тұрады. Тұтқасы көлбеу ойықтары бар ағаш. Тұтқаның басы екі қабатты жезден тұрады, бағананы бекітуге арналған тесік бар. Тұтқаның негізі жез тығыны бар. Қылыш қынабы жез құралы бар қара терімен қапталған ағаш. Қылышқа арналған құрылғы жақшасы бар аузынан, қылыш белбеуі мен ұшына арналған жылжымалы сақинасы бар ұстағышы бар», – деді.
Ресейдің Златоуст механикалық зауытында жасалаған бұл жәдігерлер барлығы баға жетпес асыл құндылықтардың бірегейі.
Мұнан өзге бетіне өректер ойылып жасалған, жағалай бота мойын геометриялық бедер, ортада үш дөңгелек және жапырақ қошқар мүйіз өнегемен әсемденген кебежені кездестірдік.
2019 жылы музей қорына тапсырылған ағаш бесіктің де орны бөлек. 1930 жылдан бері бір әулеттің бірнеше буыны тұтынған құнды жәдігер.
Тула қаласынан шыққан жез самаурынды Қазалы қаласының тұрығын Константин Добрын табыстапты.
Ата-бабасынан қалған мұраларды өткізушілер қатары жыл сайын артып келе жатқанына қуандық.
Қазіргі жаһандану дәуірінде әр халықтың тарихи жады мен ұлттық болмысын сақтау – саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Қазақстанда өлкетану музейлерінің дамуы тәуелсіздік жылдарымен бірге жаңа серпін алып, өңір тарихын зерттеу мен насихаттауда маңызды рөл атқаруда.
Музейлер туристерді тартатын маңызды нысан. «Өлкетану музейлері – халықтың өткенін бүгінмен байланыстыратын «тірі тарих». Олар арқылы ұрпақ ата-бабасының өмірі мен мәдениетін, салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін таниды», – дейді музейдің зал қараушысы Ғалия Рахманова. Бұл тұжырым өлкетану музейлерінің маңызын айқындайды. Себебі тарихи сана – дәл осы музейлер арқылы қалыптасады.
Мазмұнды шаралардың мәні зор
Аңғарғанымыз, ұлттық рух пен отаншылдық тәрбиені насихаттау да мұражайдың басты бағыттарының бірі. Сөзімізге атқарылған шаралар дәлел.
«Музей – тарих айнасы» атты дәстүрлі шара халықтың ықыласын ерекше аударған. Мұнда тек жәдігерлер сөйлеп қана қоймай, жас экскурсоводтардың жалынды сөзі, «Бояулар құпиясын» ұққан жас суретшілердің туындылары мен қолөнер шеберлерінің тылсым өнері ұштасқан.
Музей қызметкерлерінің Қызылорда облыстық музейімен және халықаралық «RUTRUM» зерттеу ұйымымен бірлесе атқарған жұмыстары нәтижесінде, Асанас-3 және Күйік-Кескен қалашықтарынан бабалар тұрмысынан сыр шертетін құнды қазыналар табылған.
Қазалының бай мұрасы халықаралық деңгейде де қызығушылық тудыруда. ЮНЕСКО-ның Ұлттық комиссия мүшесі, профессор Ж.А. Шайғозова бастаған сарапшылар тобының музейге келуі – өңір тарихының әлемдік маңызын айқындаған. Темірден түйін түйген Жәлен Ерімбетұлы мен ағаш шебері Толғанбек Ораловтың туындылары мамандардың жоғары бағасына ие болып, қазақтың дәстүрлі қолөнері тағы бір мәрте ұлықталған.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым ретінде М.Күзембаевтың есімі дәріптелсе, тілдер мерекесінде — этнос өкілдерімен бірге мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтаған.
«Бір жәдігер тарихы» жобасы арқылы келі мен келсап, көне баянның тарихын цифрлық форматта насихаттау – музейдің заман талабына сай бейімделгенін көрсетеді.
«Өлкетану музейіне бару – жай ғана экспонат көру емес, ол терең рухани және танымдық әсер алатын ерекше тәжірибе.
Музей адамға өткенмен байланыс сезімін сыйлайды. Көне жәдігерлерді, тарихи құжаттарды, тұрмыстық бұйымдарды көргенде, өзіңнің ата-бабаңның өмірін көз алдыңа елестетіп, тарихты тірі түрде сезіндіреді. Бұл – туған жерге деген құрмет пен мақтаныш сезімін оятады. Сонымен қатар, өлкетану музейі ұлттық бірегейлікті түсінуге көмектеседі. Әрбір экспонат арқылы халықтың салт-дәстүрі, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі туралы нақты түсінік қалыптасып, өз тамырыңды тануға жол ашады.
Тағы бір маңызды әсер – танымдық қызығушылықтың артуы. Музейдегі мәліметтер мен көрнекіліктер адамды ойлануға, ізденуге жетелейді. Кейде бұрын мән бермеген тарихи оқиғалар немесе тұлғалар ерекше қызықты болып көрінеді», – дейді мұндағы мамандар.
Расында жайлы атмосфера, көне дүниелердің «тілі», уақыттың ізі –адамды терең ойға батырып, өмірдің мәні туралы толғануға итермелейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдаулары және мәдени жиындарда тарихи сананы қалыптастырудың маңызына ерекше тоқталып келеді.
«Біз бабалар мұрасына адал болуымыз керек. Ұлттық бірегейлігімізді сақтау — мемлекеттігіміздің нығаюының кепілі. Өлкетану музейлері — жас ұрпақтың таным-көкжиегін кеңейтіп, оларды отаншылдыққа тәрбиелейтін басты мектеп болуға тиіс», – дейді Перезидент сөзінде. Бұл жолдар Қазалы музейінің жұмысына да тікелей қатысты. Мемелекет мыңыз беріп отырған бағыт –сананы жаңғырту – ұлттың рухани жаңғыруының негізі. Тарихы түгел, мәдениеті биік Қазалының қара шаңырағы — өлкетану музейі келушілерін әрқашан ерекше ықыласпен күтеді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
25 сәуір 2026 ж. 31 0

Бағыты оң бағдарлама

25 сәуір 2026 ж. 29

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930