Еңбекшіл жанға елдік құрмет
«Ұстаздық – ұлы қызмет» дейді дана халқымыз. Ал саналы ғұмырын бүлдіршіндердің бақытты балалығы мен сапалы тәрбиесіне арнаған жанның жөні қай қоғамда да жоғары. Жақында Қазалы ауданындағы «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасында білікті басшы, өз саласының майталман маманы Айгүл Ерешованы зейнет демалысына шығарып салуға арналған «Еңбегіне құрметі жарасқан» атты салтанатты шара өтті.Ұзақ жылдар бойы балабақша саласында абыройлы еңбек етіп, сан мыңдаған бүлдіршіннің жарқын болашағына жол ашқан білікті басшы, тәжірибелі ұйымдастырушыны аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешев арнайы құттықтап, аудан әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.
«Балабақша саласына сіңірген өлшеусіз еңбегіңіз, ұрпақ тәрбиесіне қосқан зор үлесіңіз әрқашан жоғары бағалы.
Бүгінде мемлекетіміз мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ісіне ерекше көңіл бөліп отыр. Осындай жауапты салада еңбек ету – үлкен қажырлылықты, төзімділік пен жауапкершілікті талап етеді. Сіз осы үдеден шығып қана қоймай, ұжымға бағыт-бағдар беріп, кәсіби біліктілігіңізбен, ұйымдастырушылық қабілетіңізбен көпке үлгі бола білдіңіз.
Сіздің даналығыңыз бен іскерлігіңіз, адамгершілік қасиеттеріңіз әріптестеріміздің жадында мәңгі сақталады. Сіз тәрбиелеген шәкірттер мен қанаттандырған әріптестеріңіз – еңбегіңіздің айқын жемісі.
Алдағы өміріңізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық, баянды бақыт тілейміз! Еңбегіңіздің зейнетін көріп, шаттық пен қуанышқа толы күндерді молынан кешіңіз!» – деді сөзінде. Мұнан соң аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Әбілқасым Роман сөз алып, сый-құрмет көрсетті.
Айгүл Қайыржанқызы өзінің еңбек жолында білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, аудандық білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан жан. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары әдіскер, жан-жақты тәрбиеші, талапшыл да әділ басшы ретінде әріптестері арасында зор құрметке ие болған. Әрдайым ізденіске ұмтылып, тәрбие мен оқыту үдерісіне тың серпін әкелген. Оның бастамасымен көптеген игі істер жүзеге асып, еңбек еткен орындары биік жетістіктерге жеткен.
Еңбек жолы – нағыз адалдық пен кәсібиліктің үлгісі. 1988 жылы Гурьев педагогикалық институтын бітіргеннен кейін, алғашқы қадамын мектеп-интернатта тәрбиешіліктен бастаған ол, кейіннен мектепке дейінгі тәрбие саласына біржола бет бұрып, саналы ғұмының ұзақ уақытын осы бағытқа арнайды. 1990-2013 жылдары «Солнышко», «Балапан» сияқты тәрбие ошақтарында әдіскер болып шыңдалып, кейіннен басшылық қызметін абыроймен атқарады. Соңғы жылдары ол аудандағы жетекші тәрбие ошақтарының бірі – «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасының тізгінін ұтымды ұстап, мекемені жаңа белеске көтерген ұйымдастырушылығымен дараланған.
Бұл күні кеш иесінің әріптес-ұстазы Рыскүл Кемалова мен әріптестері Гүлсім Әліпбаева жылы лебізін жолдап, оның адами болмысын ерекше атап өтсе, Бибісара Есмағанбет, Сәуле Мұқашева, Ғаини Әжімұратова, Райхан Ыдырысовалар өнегелі өмір иесінің жан-жақтылығы туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
Балабақша басшысының әрдайым ұжымға қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар беріп, қамқор, нағыз көшбасшы, ақылшы, тәлімгер болғанын айтқан әріптестері оның тәжірибесі мен парасаты әрқашан үлгі болып қала беретіндіктерін жеткізді.
Ата-аналар қауымы «бала жанының бағбаны» деп ұл-қызын сеніп тапсыратын тәлім иесінің жаңашылдығын жеткізді. Ол тәрбие процесіне заманауи технологияларды енгізе отырып, ұжымды шығармашылық пен ізденіс алаңына айналдырған. Қырық жылға жуық еңбек өтілінде жақсы маман әрбір балғынның ел ертеңі болып қалыптасуына іргетас қалағаны да айтылды.
Еңбекшіл жанға елдік құрмет жасалған салтанатты шара барысында ұстазға деген ыстық лебіздер толастамады. Ұжым мүшелері ризашылықтарын білдіріп, ән мен жырдан шашу шашса, бүлдіршін тәрбиеленушілер де өнерлерін тарту етті.
«Еңбегімен ел алдында сыйланған, сізге деген құрмет бізде сыймайды» деп жырланғандай, Айгүл Қайыржанқызының жүріп өткен жолында өзі тәрбиелеген мыңдаған шәкірттерінің алғысы қалды.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














