Ерлігімен еліне болған мақтан
Үш ғасырдай бодандықты басынан өткерген қазақ халқы Кеңес үкіметінің құрсауы босаңси бастаған өткен ғасырдың елуінші жылдарынан кейін ғана есін жиып, ұлтының тарихын, салт-дәстүрін, осыншама ұланғайыр жерді кейінгі ұрпақтары үшін ғасырлар бойы қан кешіп, өмірлерін қиып қорғаған ата-бабаларын іздей бастады.
Бүгінгі күні тарихшыларымыздың зерттеулері бойынша тек Сыр бойында туған немесе осында өмір сүрген және елі мен жерін қорғаған қазақ халқының 500-ден астам батырларының деректері белгілі болып отыр. Бұлардың қатары күн санап толыға түсуде. Міне, осындай Кеңес үкіметінің бодандық құрсауы босаңси бастағанда еске алып, өмір тарихы зерттеліп, халыққа жария болғандардың бірі - әруақты әулие әрі батыр Ақтан Ақайұлы.
Қаракесек Ақайұлы Ақтан батыр Қазалы ауданының қазіргі Жанқожа батыр ауылына қарасты «Тілес арығы» бойындағы «Түлкі қашқан» деген жерде туған. Ол ХVIII-XIX ғасырларда өмір сүріп, текті әулиелігі және асқан батырлығымен тарихта аты аңыз болып қалған.
Тарихи шежіре деректеріне сүйенсек, Ұланақтан (Қаракесек) тараған ұрпаққа ұран болған Ақпан бабамыз Тілесұлы Ақайдың ауылына келіп, сәуегейлігімен болжап, «Әлім аталығы намысын қорғайтын батыр келеді» деп, ерінің боз көпшігін қалдырып, батасын беріпті. Айтқандай, Ақтан қысылғанда төбесінде ойнақшып шығып, қол беретін бұлты да Ақпан бабамыздан қоныпты.
Ақтан батырды атағанда XIX ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы, халық батыры, әулие Жанқожа Нұрмұхаммедұлын айтамыз. Қаракесек Қопа батырдың қызынан туған Жанқожа Ақтан батырды аға тұтып, текті қасиетін, кемеңгерлігін құрметтеген. Жауапты кездерде ақылдасып, жауға аттанар алдында оған алғашқылардың қатарында хабар берген. Заманында бұл қос батыр Қыр мен Сырда көшіп-қонып жүріп, елі мен жерін жаулардан бірге қорғаған. Жанқожа бабамыз жауына Ақтан батыр келгеннен кейін ғана: «Ақтан келді қасыма, ақ күн туар басыма» деп аттанатын болған.
Ақтан батыр өмірінің соңғы кезеңдерін Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданының, Мұғалжар тауының маңайында өткізген. Сөйтіп, Ақтан бабамыз қос өңірге ортақ тұлға, әулие, батыр атанған.
Ақайұлы Ақтан батыр 1854 жылы қайтыс болған. Бейіті қазіргі Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Бершүгір бекетінен батысқа қарай 30-35 шақырым жердегі Мұғалжар тауының баурайындағы «Тебенсай» деген жердегі Ақтан-Сады қорымына қойылған екен. Сады, Қабақ руынан білем деушілердің деректері бойынша, Ақтан батырдың досы болған көрінеді. Осы зиратта Ақтан батырмен бірге туған Шортай да жерленіпті.
Алайда Ақайұлы Ақтан батыр бабамыздың Ақтөбе облысы өңірінде өткен өмірі жайлы нақты деректер Қазалылық жерлестері үшін беймәлім болып келген еді.
Тарихи тұлғаларды өмір сүрген заманы қалыптастырады. Ақтан батыр өмір сүрген XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың ортасы аралығы - қазақ тарихындағы ең бір ауыр кезеңге жатады. Осы уақытта қазақ халқы өзі тұтастығын, бостандығын сақтап қалса да, ішкі бірлігін әлсіретіп алады. Мұндай жағдайды Ресей патшалығы жақсы пайдаланып, қазақ билеуші топтары арасындағы алауыздықтардың отын одан әрі өршіте түседі. Сонымен бірге, ХІХ ғасырдың басынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейткен.
Атап айтар болсақ, осы кездерде Хиуа ханы Мұхаммедрақым 1812 жылы қыс айында өзі бастап, Сырдария мен Қуаңдария өзендерінің бойында қыстап жатқан бейбіт елге жойқын шабуыл жасап, қолға түскендерді тұтқынға алып, күнкөрістегі мыңдаған малын айдап кетеді. Сырдың төмендегі ағысы бойындағы қазақ руларын тонап, көп шығынға ұшыратады.
Хиуалықтардың осындай қанды жорықтары осы өңірлерге 1815-1816 жылдары да қайталанады. Бұдан кейін де хиуалықтардың шектен тыс халыққа жасаған озбырлықтарына шыдамы таусылған қазақ батырлары Нұрмұхаммедұлы Жанқожа мен Ақайұлы Ақтанның маңына топтасып, олардың бекіністерін қиратып, өздерін елдеріне қайтуға мәжбүр еткен кездердің өзінде, 1845 жылы Хиуа ханы Сыр бойындағы көтерілістерді басып, бекіністерін қалпына келтіру үшін екі мың әскерін аттандырады. Алайда өз мақсаттарына жете алмай, жеңіліске ұшырайды.
Тарихи деректерге сүйенсек, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Әлім тайпаларымен бірге Қаракесек тайпасының рулары да жаз айларында Ор, Торғай, Ырғыз өзендері бойында, Мұғалжар тауы маңында жайлап, қысты Сыр бойында өткізген. Олардың қыстаулары Сыр мен Қуаңның төменгі ағысы бойында болған. Сондықтан да Хиуа хандығының езгісі мен бектерінің озбырлықтарын осы өңірді қыстайтын Кіші жүздің барлық рулары мен тайпалары бірдей көрген. Осындай кезеңде батырлар бірігіп, ел-жұртының намысын бірлесіп қорғаған. Халық батыры Жанқожа бастаған ұлт-азаттық көтерілістеріндегі шешуші сәттерде Ақтан батыр ерлік пен көрегендіктің үлгісін көрсеткен. Сыр бойындағы Хиуа бекіністерін талқандап, жергілікті халықтың ұсынысымен хиуалық Бабажанды азаптап өлтіріп, сол өңірге тағайындаған ханы Жанғазы төрені тұтқындауы осыған айқын дәлел.
Ресей патшалығының қысымымен Арқадан бірте-бірте ығысып, Сыр бойына келген Кенесары ханнан Жанқожа батыр көп үміт күтеді. Ханға қарындасы, ағасы Ақмырзаның қызы Батпаны әйелдікке береді. «Ордаға ант бересің» дегеніне де көнеді. Кезінде Ақтан батыр мұны өте қош көрмеген көрінеді. Бірақ, Төренің тұқымдары ұзамай-ақ орынсыз талаптар қойып, айбат шеге бастайды. Кенесарының інісі Наурызбай «Мақпалкөлді» иемденгенімен тұрмай, Ақтан батырдың қонысы «Ақиректі» босатуды бұйырады. Оған Ақтан батыр қарсы шығады. Осыдан кейін хан ордасындағы төлеңгіттер атақты батырлардың көзін жоймаққа жоспар құрады. Мұны естіген Ақтан батыр халық батыры Жанқожамен ақылдаса отырып, атағы жер жарған Наурызбай батырды жолай күтіп алып, жекпе-жекте ат үстінен аунатып, жерге түсіріп, жеңіп, райынан қайтарады.
Ақтан батыр сонымен бірге Кенесарының шақыруына үн қосқан Жанқожамен бірге Сырдың орта ағысы бойындағы Қоқан бекіністерін қиратуға қатысады. Созақ қамалын, Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған, Қожанияз бекіністерін аларда, Ақсуат шайқасында Ақтан батыр ерекше ерлігімен көзге түскен. Ақтан батырдың қартайған шағына қарамастан Жанқожаны өлтіргендерден кек аламын деп істі болып, абақтыға қамалған Байқазақ батырды босатуы да тарихта қалған.
Тарихи деректер Ақтан батыр шамамен өмірінің соңғы он бес-жиырма жылдайын туған жерден тыс Ырғыз, Мұғалжар тауының маңайы, Шалқар жағында өткізгені белгілі болды. Мұның да кезінде хиуалықтардың Қуаңдарияға бөгет салып, Ақтан батыр ауылы адамдарының күнкөріс тіршілігіне қиыншылықтар тудыруы, басқа да өміріне қауіп төндіретін зымияндық түрлі іс-әрекеттері, ұлт-азаттық көтерілістерінің жеңіліске ұшырауына байланысты орыс әкімшілігінің қысымшылықтары себеп болған сияқты. Бірақ, Ақтан батыр туған жерден қол үзбеген. Ел басына күн туған кездерде Жанқожаның жанынан табылып, жанқиярлықпен ерліктер көрсете білген. Ал, қартайған шағында елін қорғауға баласы Есті қатыстырған.
Жазушы Әбдісаттар Оспановтың жазуынша, 1847 жылдың 3 маусымында Ақтан батыр жіберген баласы Ес Жанқожа батырға келіп:
– Әкем «Тебенсайда» отыр. «Енді бір-бірімізді көре аламыз ба, көре алмаймыз ба? Разы болсын» деді. Ағаңыз әрі досыңыз кәрілікті шынымен мойындай бастады-ау деймін, – дейді.
Бұл деректерді еске алсақ, Ақтан батыр өмірінің соңғы жылдарында Жанқожаның жанында бола алмаған.
Хиуалықтардың кезекті шапқыншылығына шыдамаған Жанқожа батыр 1847 жылдың 21 тамызында оларды Қуаңға жеткізбей тұтқынға алып кеткендер мен малдарын қайтарып алады. Бұл ұрысқа Ақтан батыр келе алмағандықтан баласы Ес қатысады. Жорықтағы ерлігіне риза болған Жанқожа Ес еліне қайтарда «Ақтан батырдай ата жаумен шайқасып, бір сынақтан өттің. Әке-шешелеріңе, ел-халыққа сәлем айтыңдар. Әкеңнің үстіне жапшы, Талқанбай батырдың баласы Қалдан кигізіп еді, менің орныма тілекші ағам киіп, батасын берсін, – дейді. Осылайша Ақтан батырдың баласы Ес қасындағылармен бірге халық батыры Жанқожаның батасын алып қайтады.
ШАМША АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Республикасы
Журналистер Одағының мүшесі,
Қазалы ауданының Құрметті азаматы