Қазақстанда 1 шілдеден бастап ипотека жаңа ережелер бойынша берілмек
Фото: Сурет нейрожелі көмегімен жасалғанҚазақстанда ипотека беру ережелерін өзгерту жоспарланып отыр. Жаңашылдықтарды 1 шілдеден бастап енгізу көзделген. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды TengriHome.
Ұлттық банкте өткен брифинг барысында журналистер ипотека беру ережелерінің шынымен өзгеретінін және нақты ненің өзгеретінін сұрады.
Сұраққа жауап бере отырып, Сүлейменов басты жаңашылдық пайыздық мөлшерлеменің бастапқы жарна көлеміне тәуелділігіне қатысты болатынын айтты.
"Қысқаша айтқанда: егер сіздің бастапқы жарнаңыз 30 пайыз және одан жоғары болса - ипотека бойынша мөлшерлеме 20 пайыздан аспауы тиіс. Егер төмен болса - онда қалған сомаға мөлшерлеме 25 пайызға дейін жетуі мүмкін", - деп түсіндірді ол.
Ұлттық банк басшысы бұл бастаманың мақсаты - қарыз алушыларды жоғарырақ бастапқы жарна құюға ынталандыру екенін атап өтті.
Ол сондай-ақ нарықтағы қазіргі жағдайды әділетсіз деп санайтынын айтты.
"Қазір мынадай болуы мүмкін: менің бастапқы жарнам 10 пайыз, сіздікі - 30 пайыз, бірақ ипотека бойынша мөлшерлеме бірдей - 20–24 пайыз. Бұл әділетті ме? Меніңше, жоқ", - деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер бұл теңсіздікті жоюы тиіс.
"Өзгерістер күшіне енген кезде, біз бұл әділетсіздікті жоямыз: бастапқы жарна неғұрлым жоғары болса - мөлшерлеме соғұрлым төмен болады, бастапқы жарна төмен болса - мөлшерлеме жоғары болады", - деп толықтырды Ұлттық банк басшысы.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда ипотека бойынша жылдық тиімді мөлшерлемені есептеу тәсілін өзгерту жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.









