Қазалы » Жаңалықтар » Қазақстанда бірыңғай QR-код қашан іске қосылады?
Қазақстанда бірыңғай QR-код қашан іске қосылады?
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, Қазақстанда бірыңғай QR-кодты осы жылдың шілде айына қарай іске қосу жоспарланып отыр.Фото: freepik.com
Ұлттық банк басшысы барлық банк қажетті құжаттарға қол қойғанын атап өтті.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұған дейін банктер өздерінің QR-төлемдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеке технологияларына, экожүйелеріне және құралдарына едәуір инвестиция салған.
«Енді бұл жүйелерді бір-бірімен "үйлендіру" қажет, яғни олар бір-біріне қауіпсіз форматта, қорғалған ортада қолжетімді болуы тиіс. Бұл белгілі бір уақытты талап етеді. Жазға қарай бұл жүйенің іс жүзінде жұмыс істей бастағаны туралы жақсы жаңалықпен қуанта аламыз деп үміттенеміз.
Қайталап айтамын, заңнан бастап бірыңғай жүйеге қосылу жөніндегі келісімшарттарға дейінгі барлық құқықтық мәселе реттелген, енді техникалық мәселелер ғана қалды. Жазда оларды толыққанды іске асыруға көшеміз деп үміттенемін. Шамамен шілде айына қарай», – деді Сүлейменов.
Еске салсақ, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі банктердің банкаралық QR-төлемдер жүйесіне қосылу туралы талапты орындамай отырғанын сынға алған еді. Президент цифрлық төлем инфрақұрылымына қатысты мәселені жеделдетіп шешуді тапсырды.