Демалыс маусымына дайындық қалай?
Мектептегі оқу күнінің аяқталуына бір ай қалды. Демек, балалардың жазғы демалысқа шығатын уақыты жақындап келеді. Ал жергілікті жердегі демалыс орны бұл маусымға қаншалықты дайын?Дәл осы мақсаттааудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы қаласындағы «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығына арнайы барып, лагерьдің қазіргі жағдайымен және жазғы тынығу маусымына дайындық жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы орталық аумағында орналасқан бассейн, жатын орындар, балаларға арналған сахна мен асхананы аралап көрді.
Биыл лагерьдің жұмысын жақсарту мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алынған. Тынығушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орталық аумағына стандартқа сай 32 бейнебақылау камерасы мен 1 турникет орнатылып, қосымша 2 сыртқы әжетхана салынуда. Сонымен қатар лагерь аумағында көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Аудан әкімі аталған жұмыстармен танысып, аудандық білім бөлімінің басшысы мен орталық директорының алдына жазғы маусым басталғанға дейін барлық ағымдағы жөндеу және дайындық жұмыстарын сапалы түрде аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, биыл демалыс лагері дәстүрлі түрде 7 ауысыммен жұмыс істейді. Әр ауысымда 125 оқушыдан қабылданып, жалпы 875-ке жуық бала жазғы тынығумен қамтылады деп жоспарлануда. Балаларды қабылдау 1 маусымда басталады.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат













