Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ту ұстаған Толыбай батыр

Ту ұстаған Толыбай батыр

Сырдың төменгі сағасы. Теңізге құяр маң. Бұл – ақын-жыршылар, дүлдүл әншілер, көш бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендерді, ту ұстаған батырларды өмірге әкелген қасиетті жер.
Сыр бойы – сан азапты сыртқы жаулардан көрген ел. Тарихты ақтарсақ, ХІХ ғасырда Хиуа мен Қоқан езгісі, орыс отаршылдарымен соғыста ата-бабалардың ашық шайқасы айтылады. Сол кезгі ел бостандығын аңсаған даланың теңдессіз батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлымен бірге әділдік пен халық азаттығы жолында ат үстінен түспеген жаужүрек ұлдар ұрпақ санасында жаңғыруы тиіс. Ғасырлар бойы ел бостандығын аңсаған қазақ елінің қаһарман ұлдары қаншама?!
Қабырғалы да қайсар халықтың ел үшін тер төккен перзенттері арасында тарих қойнауында көмескіленгендері де жетерлік. Жанқожа бастаған азаттық күресінде қаруластары бола білген Дабыл Бекшеұлы, Ақтан Ақайұлы, Беласар Рысбайұлы, Дәр-менқұл ахун Қосымұлы, Бекарыстан би Амалдықұлы, Есет Көтібарұлы, Қызылбас палуан, Төремұрат жырау Еспембетұлы сияқты билер мен батырлардың даңқын біздің буын естіп өссе де, қазіргі жастардың бұл тарихтан алшақ жатқаны өтірік емес.
Рас, бүгінгідей жарқын заманда көптеген батыр бабамыз халықпен қауышуда. «Ештен кеш жақсы» деген. Бабалар рухының қайта оралуы – ұрпақ үшін зор бақыт. Жоғарыда біз санамалап өткен туымды ерлердің қатарына Мыңбайдың ұлы Толыбай батырды да жатқызамыз. Ел аузында аңызға айналған батыр бабаның өмір жолы еш зерттелмеген. Осындай ерлердің өшпес ерлігі жария етілсе, бұдан ұтарымыз көп болып, ұрпақ алдында да ұятқа қалмаймыз деген сенімдеміз.
Толыбай батырдың қаһармандыққа толы жорықтары жайлы ел ішінде аңыз әңгіме көп. Қазір батыр туралы тарихи дерек, құжаттар іздестірілуде. Бұл ретте Толыбайдың шыққан тегі, одан тараған ұрпақтың қадір-қасиеті хақында аз-кем сөз айтсақ. Солай еткенде батыр бейнесі айқындала түспек.
Жақайымның Бердіңқұлы Игіліктің бес баласының бірі Құттыбайдан шаңыраққа ие болып жалғыз Мыңбай қалған. Ұрпақ жайы ойландырған Мыңбай атамыз Сары, Алтынай атты екі әйел алады. Алғашқысынан 4, кейінгі әйелден 6 ер бала туады. Алтынай анадан туған сол алтаудың ең кенжесі – Толыбай.
Толыбай батыр бес әйел алған. Барлығынан 11 ұл көреді. Батыр Ақшатау маңын жайлаған. Бейіті бір жорықтан жараланып келіп көз жұмған жері Қотанкөлдің маңында. Екі жер де Қазалы ауданы мен Арал арасындағы шекаралық жерде. Туған, өлген жылын анықтауда басына қойылған құлпытастағы жазуларға сүйенуге тура келеді. Көнекөз қариялардың айтуынша, Толыбай Жанқожадан бес-алты жастай үлкен көрінеді. Солай шамаласақ, Толыбай 1771 жылы туып, 1869 жылы дүниеден қайтты деп болжауға болады.
Заманында Жақайым Жылқаман баба екі батырға бата берген. Оның бірі – Жанқожа болса, екіншісі осы Толыбай батыр. Жорықта Толыбай батырсыз ту көтерілмейді екен.
Батыр туралы ел аузында аңыз-әңгіме баршылық. Ол сол дәуірдегі барлық батыр-мен араласып, жорықта болған. Толыбай Хиуа ханның озбыр әскері мен түрікпен барымташыларынан елін, жерін қорғаған әруақты ер. Заманында бас қолбасшы болып танылған ол сарбаздарды әскери өнерге баулып, жауды жеңу жолында түрлі әдіс-тәсілді меңгергенін қариялар аузынан естуге болады.
Толыбайдың әкесі Мыңбай да батыр адам. Абылайды хан көтеруде ақкиіздің бір бұрышын көтерген бабаға осындай абырой бұйырған екен. Сол кезде сыйға берілген қылыш әлі де Орақ Прәлиев деген азаматтың төрінде ілулі тұр. Ол кісі қылышты Ресейлік зерттеуші-ғалым А.Брязгаловқа көрсеткенде таңданысын жасыра алмай: «Бұл сіздің қолыңыздағы қылыш – Ақсақ Темір заманындағы мыңбасылар қылышы. Себебі қылышта бейнеленген самұрық құстың әрқайсысының өз дәрежесі бар. Мысалы, бір самұрық құс бейнеленген қылыш онбасыға тән. Екеу болса жүзбасы ұстайды мұндай қылышты. Мына қылышта үлкен самұрық пен екі жағында екі кіші самұрықтың суреті бар. Бұл әскери лауазымы мықты адам, яғни мыңбасы ұстаған қылыш! Сіздің қолыңызға қайдан түскенін білмеймін, бірақ бұл мыңжылдық тарихы бар дүние», – депті. Ғалым осылай тұжырым жасаған. Осыдан-ақ Толыбай батырдың әкесі Мыңбайдың халық алдында қандай беделді болғанын аңғару қиын емес. Бұдан өзге Орақ ағамыз Толыбайдың Орынбор архивінен табылған суретін ең шебер деген кәсіби суретшіге үлкейтіп салдырыпты.
Тәуелсіздік өз тұғырына берік орнағалы бері көз тойымды тарихқа бет бұрдық. Берекелі іске бекем қадам бастық. Осы уақыттарда қазақ халқының қанша заманғы өшкені қайта оралып, сөнгені жанды. Соның айшықты айғағы іспетті Шектінің (Жаманақ-Жақайым) сарыала туын көкке көтерген Толыбай батыр Мыңбайұлын тілге тиек еттік. Бұл күнгі керегесі кең қазақ елінің бақ-берекесі, кешегі батыр бабалармен қатар ақын-жырауларын оралту арқылы көркеюде.
Биыл Қотанкөл төскейіне Толыбай батырға, әкесі Мыңбай биге еңселі ескерткіш-кесене орнатылды. Шараға әрісі Шекті (Жаманақ), бергісі қалың Жақайым жұрты атсалысты. Сонымен қатар Толыбай батырдың қылышы (Алматы), қанжары (Ақтөбе), күміс құрсаулы деңмент белбеуі (Қазалы) бүгінгі ұрпақтың көзайымына айналды.
2012 жылы О.Базаралиевтің «Толыбай батыр» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Алдағы үлкен міндет – батыр жайлаған өңірлерден тұлға есіміне көше берілсе, еңселі ескерткіш орнатылса екен. Қазіргі кесене орнатылған аймақ Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылына қарасты. Жоғарыда айтқанымыздай, Арал-Қазалы шекарасы. Батырдың негізгі қонысы – Арал ауданы аймағында. Ел қорғаған батырды ұрпақ жадында жаңғыру, ерлік істерін ұлықтау Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекенінің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деген болатын. Ел қорғаған батырларымызды ұлықтай алсақ, бұдан ұрпақтың ұтары көп болмақ. Осы орайда алдағы 2021 жылы батыр бабамыз Толыбай Мыңбайұлының туғанына 250 жыл толатынын ескеруіміз қажет.

Оңталап БАЗАРӘЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Берік ЖАНДӘУЛЕТОВ,
Толыбай батырдың ұрпағы

26 желтоқсан 2020 ж. 1 647 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930