Лабубу: трендтегі ойыншық қауіп төндірсе...

Жыл сайын балаларға арналған ойыншық трендке айналады. Ал былтырдан бері балғындардың назарын өзіне бірден – лабубу аударып тұр. Әлеуметтік желіні жаулаған бұл ойыншық ересектерді де бірден баурады. Олар оны сөмкеге тағатын бұйым ретінде қолданып жүр. Жұртшылықтың осы бір жұмсақ ойыншықты жарыса сатып алуының себебі нендей? Құлыншақтар неге құмартты? Үңіліп көрдік.
Лабубу – тісі ақсиған, ұзын құлақтары бар ойыншық. Оны Касинг Лунг есімді суретші ойлап тапқан. Негізінде бұл "Құбыжықтар" ертегі әлеміндегі эльф қызының есімі. Ойыншық алғаш 2023 жылы сатылымға шығады. Бірақ бүгінгідей танымал болмайды. Оның көпшілік арасында таралуы кореялық топ Blackpink-тің әлеуметтік желіде құбыжық кейпіндегі ойыншықтарды жарыса салуынан басталады. Сөйтіп 2024 жылдың бел ортасында Лабубу Азия аумағында хитке айналды. Кейін Еуропа кеңістігіне өтіп, Рианна, Дуа Липа, Ким Кардашьян сынды атақты жұлдыздар оны сөмкелеріне тағып бастады. Осылайша ойыншық tiktok әлеуметтік желісіне жетіп, кеңінен таралды.
Шыны керек, бүгінге дейін бұл ойыншық трендтен түспей тұр. Тіпті қазір сауданың көркін қыздырған тауарға айналған. Қазір дөкен сөрелері осы ойыншыққа толып тұр. Бірімізден соң, біріміз сатып алып та жатырмыз. Бірақ баршамыз бір нәрсені назардан тыс қалдырғандаймыз. Біз білмейтін нендей нәрсе дерсіз? Ғалымдар бұл ойыншық бойында біраз дүниені бүгіп жатыр дегенді айтады. Ресейлік ғалым Геннадий Онищенконың айтуынша, құбыжық ойыншықтың бала психологиясына кері әсері бар дейді. Айтуынша, бұл ойыншық балаларды агрессияға итермелеуі мүмкін. Сондай-ақ олардың бойында қатыгездікті, қорқыныш пен алаңдаушылықты туғызады. Ал әлемдік басылымдар бұл ойыншықтың біз ойлағаннан да тым қауіпті екенін айтып дабыл қағуда.
Ал қытайлық ақпарат алаңы дәл осы ойыншықтың салдарынан өзіне қол салғандардың барын жарыса жазды. Осындай жағымсыз жаңалықтардан соң көбі ойыншықтарын отқа ораған. Қытайлықтар бұның бойында түсініксіз тылсым бар дегенді айтып жүр. "Яғни бұл культ. Жынға арналған жұмсақ ыдыс" деп жазылған желілерде.
Әлемдік ғалымдар жүргізген зерттеулерге жүгінсек, лабубу балаларға арналмаған ойыншық. Ал салпыншағы әйелдердің сөмкесіне тағуға арналған. Сараптама қорытындысына сенсек, соңғы уақытта сатылымға шыққан ойыншықтардың стандарттарға сай келмейтіндігі айтылған.
Ғалымдар бұл ойыншықтың бала психикасына кері әсер ететіндігін растаған. Яғни онымен ойнаудың салдары сананы улайды. Тіпті ойыншықтың сүйкімсіз әрі сұрықсыз бейнесі санада қатталып, келешегіне кедергісін келтіруі мүмкін.
Психолог маман Айна Тілеужан "Кейінгі шыққан ойыншықтардың дені балалардың дамуын тежеп жатыр. Сондықтан болмысымызға сай келмейтін заттардан аулақ болу керек" дейді ол.
"Құбыжыққа ұқсас ойыншықтар біздің мәдениет-танымымызға тура келмейді. Жасыратыны жоқ, мыстан, жалмауыз кемпір сынды жағымсыз кейіпкерлердің барын біліп өстік. Бірақ олармен ойнаған емеспіз. Ал қазір мемге айналған құбыжық кейпіндегі лабубуды біздің буын жатырқап жатқан жоқ, керісінше құмартып алдық. Тіпті коллекцияға айналдырып, түрлісін тағынып та жүрміз. Бірақ заманауи ойыншықтың залалы бар-жоғын ойланбадық. Меніңше, баланы есінде қорқыныш емес, жарқын естелік қалдыратын ойыншықтарға қызықтыруымыз керек-ақ. Әрине, бұл менің сөзіммен біте қалар шаруа емес. Бірақ мемлекет те осыған мүдделі болса жақсы болушы еді. Ата-ана да баланың бар дегенін екі еткенше, есті ойыншыққа еліктіруді үйренгені жөн. Өйткені бала – біздің ертеңіміз" дейді Айна Тілеужан.
"Барлық жауапкершілікті ата-анаға артып қою алмайтынымыз анық. Өйткені оны сатып аларда одан қандай қауіп боларын көбіміз біле бермейміз. Баланың да меселін қайтарғымыз келмейтініміз тағы бар. Оның үстіне қазір балалар бірден ренжуге дайын. Мұндай кезде оларға ойыншықтан келер қауіптің қандай екендігін байыппен түсіндіру маңызды" дейді психолог маман.
Шыны керек, ойыншық қауіп тудырады деген дүние сөз болғанымен, оны сатуға түбегейлі тыйым салынған жоқ. Дегенмен өнімді шығарушыларға жас ерекшелігіне сәйкес сатылуы тиіс деген ұсынымды берілді. Олар соған сәйкес ойыншықты «14+» деген жазумен таңбалауы тиіс. Сарапшы мамандар мұндай тауарларға жас шектеуі болуы қажет десе де, өндірушілер бұны құптамайтындарын байқатуда. Өйткені олар ойыншықтың сатылым аясы тарылып қалады деп қорқады. Алайда "ойыншықтан келер қауіптің балаға салдары қандай? деген сұрақ ешкімге қорқынышты болмай тұр. Бұл мәселе тек ата-аналардың ғана алаңдаушылығын тудыратын сыңайлы.
– Қазір ойыншықтың түрі көп. Баламыз сұраса, біріншісінің қызығы таусылмай жатып, екіншісін оңай сатып алып беретін болдық. Тіпті түріне, атауына да мән беріп жатпаймыз. Тек балам тыныш болсын дейміз. Бірақ осы нәрсе дұрыс емес. Бала сұраған ойыншықтың бәрін алып бермеуді үйрену керек сияқты. Өйткені оның ішінде бала тұрмақ, ересектердің өзіне оғаш көрінетін ойыншықтар бар. Көрген кезде үлкендердің өзі шошынады. Өз басым мұндай ойыншықтардың сатылымда болмауын қалар едім. Өйткені келбеті үрей туғызатын ойыншықтар баланың балалығын ұрлайды. Одан келетін залал оларды зұлымдыққа итермелеуі мүмкін. Мен осыдан қорқамын. Меніңше, бала мейірімге қанып өсуі керек. Сондықтан балалардың ойыншығы жақсы әрі жағымды кейіпкер кейпінле болса құба-құп. Сондай-ақ әр ойыншықтың баланы жақсы жаққа ұмтылдыратын мән-мағынасы болуы керек деп есептеймін. Яғни, біз кішкентайымызда естіп өскен ертегілердің соңында айтылатын "жауыздық жеңіліп, мейірім жеңді" деген мағынаға саятын мазмұнда болуы тиіс, – дейді 3 бала тәрбиелеп отырған ана Назым Жеткербай.
Брендтік сөмкеге, киім қалташасына тағылып жүрген лабубу ойыншығынан назарымыз әлі ауа қойған жоқ. Трендтен қалмай, тұтынған жақсы. Дегенмен одан төнетін қауіптің барын да ойлап қойғанымыз абзал.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ