Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихы – іргелі, ұстанымы – ілгері

Тарихы – іргелі, ұстанымы – ілгері


Бұл білектің емес, білімдінің бәсі биік кезең. Білім – рухани азық, қажеттілік құралы ғана емес, өркениет пен өркениет, ғасыр мен ғасыр, толқын мен толқынды табыстырып, тоғыстыратын алтын тін. Сырттан келген сананы улайтын қажетсіз дүниелерге сүзгі, мықты иммунитет.
Ал сол білімді ұрпаққа ұялатып, туралыққа бағыттайтын кеніш – кітапхана. Мұндағы мамандардан уақыт күнделікті тыңғылықты еңбегімен шектеусіз ақпаратқа, әлемдік мәдениет пен ғылым құндылықтарына, адамзаттың даналығы мен біліміне кең қолжетімділікті қамтамасыз ету, оқырмандарды таңғажайып әлеме жетелеп, мәдени дәстүрлерді сақтауға және дамытуға үлес қосуға талпындыруын талап етеді. Сонысымен кітапханашы мамандығы құнды. Оларға жүктелетін міндет қашан да ауқымды.
Қазалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі облыстағы абырой-беделі жоғары, кітап қоры бай кітапханалардың бірі.
Тян-Шанский тартуы
Қазір барлық жерде кітапхана болуы адамдар үшін қалыпты жағдайдай көрінуі мүмкін. Ал бұл мекеме іргетасы қалануына үлкен тарихи жағдайлар себепкер болған.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында мәдени үдерістің дамуына елеулі өзгерістер ене бастағаны белгілі. Сол кезде Қазақстан мен Орта Азияның табиғаты, тарихы, салт-дәстүр, өнер, өмір сүру дағдыларын зерттеуге орыс экспедициялары келе бастайды. Осы мақсатта ауданға ат ізін салған саяхатшылар мен танымал тарихшылар өткенді зерделеп қана қоймай, келген өңірінің рухани түлеуіне де жанашырлық танытып, бастамашы болған.
1900 жылдың 2 желтоқсанында ескі Қазалы қаласында Сыр бойындағы ең алғашқы кітапхана өзінің алғашқы келушілерін қабылдады. Кітапхананың ашылуына өңірге Ресейден жер аударылып келген социал-демократтар себепкер болды. Олар қолда бар әдебиеттерін беріп, қазақ жастарының ұйымдасып, ойын-сауық қою ісін қолға алды. Одан түскен қаржыға кітаптар сатып алынады. Игі бастама таптырмас білім көзі екенін ұғынған қазақ зиялылары да кітапхана қорын толықтыруға үлестерін қоса бастайды. Небәрі 437 дана кітабы бар Қазалы қаласындағы кітапхананың алғышқы жылында 113 тұрақты оқырманы болыпты.
Осы кезде Арал теңізін зерттеуге келген академик А.С.Берг мәдени ошаққа арнайы соғып, бірнеше ғылыми әдебиетін табыстайды. Атақты саяхатшы П.П.Семенов-Тян-Шанский арнайы бас сұққанында, кітапхана жұмысын жақсарту туралы пікір-кеңестерімен бөлісіп, жанашырлығын танытады. Саяхатшы ғалым өз қолтаңбасымен табыстаған 200-ге тарта кітаптың бүгінгі таңда 78 данасы бар. Қазалы қалалық кітапхананың жанынан ұйымдастырылған «Алтын қор» мұражайында сақталған құнды жәдігерлер.
Сыр бойынан ең алғаш дүниеге келген оқырмандар ордасындағы кітап қоры жылдан-жылға көбейе түседі.
Аудандағы кітапхана ұжымы бір кездері ұлт ұстыны үшін үлкен қадамға барғанын бірі білсе, бірі білмейді. 1905-1907 жылдардағы орыс революциясы кезінде кітапхана қызметкерлері «бастарын бәйгеге тігіп», патша үкіметі тыйым салған әдебиеттер мен газет-журналдарды жинастырып, қалай да сақтап қалуға бар күш-жігерін жұмылдырады. Бір ғана жазба не кітап үшін өмірмен қоштасу қаупі тұрса да, мұндағылар ұрпағының ертеңі үшін көзсіз ерлікке барады.
Кітапхана сол кезден-ақ алдыңғы қатарлы жастар мен зиялы қауым өкілдерінің бас қосатын сүйікті мекеніне айналады. Сондай жастар қатарында Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі Ғ.Мұратбаев, большевиктер секретарларының бірі В.Семенеев, халық ағарту ісінің үздігі Б.Мергенбаев, көп жылдар бойы Тәшкент университетінің профессоры болған Ф.С.Бакиров сынды танымал тұлғалар да болады.
Таным мен тағылым ордасының негізін қалап, тірлігінің тіктелуіне үлес қосқан ең алғашқы кітапханашысы, 1900-1917 жылдарда еңбек еткен Н.Н.Шалаеваны Қазалы жұртшылығы қаһармандары қатарынан көреді.
Кітапхана бастапқыда орыс және татар бөлімінен тұрды.
Мекеменің 1917-1956 жылдардағы меңгерушісі болған У.Адамов та кітапхана ісін биік-биік белестерге көтеріне білген. Ол қызмет еткен кезеңде оқырман мен кітапхана арасындағы байланыс жақсарып, кітап қоры мен оқырман саны артып, өткізілетін мәдени-көпшілік жұмыстардың түрлері көбейе бастады. Өз ісі майталманының озық тәжірбесі Қазалы ауданындағы кітапханатану ісінде әлі қолданылады.
1917-1918 жылдарда шағын кітап қорымен Жаңақазалы қыстағында өндірістік кітапхана болған орын 1964 жылдан бастап 1975 дана кітап қорымен қайтадан аудандық кітапхана болып қаланады. Ал Қазалы қаласындағы кітапхана кітапханалық дәрежесін сақтап қалды.
Әр жылдары кітапхананы басқарған С.Төлегенов, Ж.Төлепова, Ж.Хайруллаев халыққа кітапханалық қызметтің ең озық үлгілерін көрсете біледі.
Аудандық кітапхананың алғашқы меңгерушісі Ұ.Үсенова болса, 1969 жылдан М.Қарабалаева келеді. Осы жылдарда кітапханада төрт адам келуішлерге қызмет көрсетеді.
Жаңару мен жаңғыру жолында
Ғылыми-техникалық прогресс пен адамзат өркениеті қаншалықты жедел қарқынмен қарыштап, әлемді ақпараттық технологиялар билеп, кез келген кітаптың мәтінін әп-сәтте интернеттен тауып алатын жағдайға жетсек те, кітапхананың орны бөлек.
1980 жылы өзгерістерге байланысты мекеме аудан көлеміндегі кітапханаларды біріктіретін орталықтандырылған кітапханалар жүйесі болып қайта құрылымдалады. 1998-2015 жылдар аралығында кітапханалар жүйесіне басшы М.Үржанбекова болса, 2015 жылдан бастап И.Назарова мекеме тізгінін абыроймен ұстап келеді.
Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шындаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін беретін, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылар өз істерін жүргізіп қана қоймай, жас толқынды мамандыққа баулуда аянбай атсалысып келеді.
Бүгінгі таңда Қазалы ауданы бойынша 26 көпшілік кітапхана халыққа рухани-мәдени кітапханалық қызмет көрсетеді. Қатарында аудандық кітапхана, аудандық балалар кітапханасы, кенттік кітапхана, қалалық, қалалық балалар кітапханасы және 21 ауылдық кітапхана бар.
2022 жылдың қараша айынан бастап ақпараттық -библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі ашылып, қалың оқырманға қызмет көрсетудің мазмұны тереңдеп, тәрбиелік – тағылымдық мәні мен маңызы артып, жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Кітапхана жүйесіне 2005 жылы 2 модульден тұратын РАБИС бағдарламасы енгізіліп, 2006 жылы Интернет жүйесіне қосылады. 2015 жылдан бастап РАБИС бағдарламасы 5 модуль бойынша жұмыс атқарып келеді.
Кітапханаларының жұмысын үйлестіріп, жетекшілік етуге бағытталған әдістеме – библиографиялық бөлімі кітапханалар жұмысына талдау жасау, ауылдық филиалдарға әдістемелік көмек көрсетуде жүйелі жұмыстар атқару, инновациялық қызметті жандандыру бағыттары бойынша іс атқарады. Мұндағы бөлім меңгерушісі З.Мұстафаева, әдіскерлер М.Сүйегенова, А.Әбілтаевалардың әрбірі тәжірибелі, ізденіс мол мамандар.
Кітап қорын толықтыру бөлімінің барын да білдік. Бөлім аты айтып тұрғандай, кітапханалардың кітап қорын жылдан-жылға жаңа әдебиеттермен толықтырып, облыс орталығынан бөлініп, келіп түскен кітаптарды өңдеуден өткізіп, барлық 26 кітапханаға таратумен жұмысы болып табылады. Бұл бөлімде бөлім меңгерушісі М.Елдесбай, кітапханашылар А.Жұбан, П.Ниязымбетова, М.Ағыбергеновалар өзі ісіне маманданған.
«Жыл сайын кітап қоры түрлі бюджет есебінен жаңа кітаптармен толығып отырады. Әр кітаптың өз оқырманы бар. Кітапхана қорынан классикалық шығармаларды да, заманауи бағыттағы шығармаларды да табуға болады. Соңғы жылдары оқырмандардың көбі бизнеске баулитын, дұрыс өмір сүру дағдыларын қалыптасыратын әдебиеттерге сұранысы артқан», – дейді бөлім меңгерушісі.
Анықтамалық аппаратты жетілдіре отырып, атаулы күндер күнтізбесі, әдебиеттер тізімі, реферативтік журналдар, библиографиялық көрсеткіштер әзірлейтін ақпараттық- библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің де кітапхалар үшін маңызы зор. А.Орынбай меңгерушілік ететін бөлімде библиограф А.Назарова, редактор М.Төлеу қызмет етеді.
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі көпшіліктің оқырманның кітап қорымен танысуы, қажетті әдебиетімен сусындауы, оқырманның сұранысын зерттеп, зерделеу, жоспар бойынша оқырмандармен мәдени-рухани шараларды ұйымдастыруда, түрлі танымдық- тағылымдық кездесулер мен жаңа кітаптың тұсаукерін өткізумен шұғылданады. Бүгінде бөлім меңгерушісі А.Айтжанова, кітапханашылар С.Бекмамбетова, Г.Махамашова, Г.Тұрғамбаева, Г.Пірімбетова, Н.Әжіғұлова оқырмандармен тығыз байланыс орнатудың түрлі әдістерін меңгерген.
Қалалық кітапхана меңгерушісі Ж.Сейталиева, Қ.Сәдірова, Ж.Әбдірова, Ж.Ерімбетова, қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі Т.Мырзалиева, Э.Шәмет, Н.Сәрсенбаева, кенттік кітапханада Г.Өтеп, Э.Жолтаева көпшілік оқырманның оқуына, олармен өткізілетін түрлі шаралардың өз дәрежесінде өтуіне бір кісідей атсалысып келеді. Әрбір ауылдық кітапханашы оқырманға кітапты насихаттау, рухани-мәдени шаралар ұйымдастыруда жұмыстар жүргізіп келеді. Ұлттық құндылықтар мен өлке тарихының тұрақты жинақталуы, ақпараттық ортаның қалыптасуы, әрбір оқырманның сұранымының табылып, кітапхана қорының сапалы, жан-жақты ізденіспен заманауи талаптар биігінен көрінуіне рухани орталық шырақшыларының қосып жүрген еңбегі зор.
Жас оқырмандар жаңашылдықты жақсы көреді
Кітапханалық қызметтің бір бөлігін құрайтын аудандық балалар кітапханасына да бас сұқтық. Кітапқұмарлыққа баулып, дұрыс бағыт беруде бұл мамандар ісі маңызды. Яғни алғаш кітапханаға кірген бала алғашқы әсерден соң үлкен әлемге қызығушылықпен енуі, не кітапхана туралы қасаң көзқарас қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан балалар кітапханасының кітапханашылары жағымды үн, жылы көзқарас, үлкен сабырмен әр оқырманына жеке көңіл бөлуді дәстүрге айналдырған.
«Жас оқырмандар жаңашылдықты жақсы көреді. Оларды дәстүрлі әдестермен қызықтыра алмайсың», – дейді бөлім меңгерушісі Ж.Көмекбаева. Әр баланы жеке кітапханаға жетелеуден гөрі, қызықты шара арқылы тарту тіиімділігін көрсеткен.
Кітапханашылар Г.Балабиева, З.Әшірбекова, Д.Алдақияровалар жас балғындар үшін танымдық шаралар өткізіп, түрлі тақырыптарда кітап көрмелерін ұйымдастырып, балалардың ой-өрісінің дамуына, қажетті әдебиеттерімен сусындауына бағыт-бағдар беріп отырады. Кішкентайлардың қолымен жасалған түрлі тақырыптағы суреттері мен бұйымдарына арналған арнайы көрме де көздің жауын алады.
Сонымен қатар ертегілерді көру планшеттің немесе ұялы телефонның QR код программасы арқылы жүзеге асыру жолға қойылған.
Заманауи кешен мүмкіндіктерге жол ашқан
Облыс әкімінің қолдауымен биыл ауданда «Руханият» орталығы ашылып, пайдалануға берілді. Жаңадан бой көтерген ғимаратқа 2 кітапхана орналасқан. Олар аудандық орталық кітапхана және аудандық балалар кітапханасы.
49 668 дана кітап қоры бар аудандық орталық кітапханаданың оқырмандар саны –5449 болса, келушілер саны – 30174, кітап берілімі – 81023 дана.
Аудандық балалар кітапханасының кітап қоры – 38 269 дана. Оқырмандар қатары –3337, келушілер саны – 27400-ге жеткен. Кітап берілімі – 49950 дана.
«Ұзақ жылдар бойы лайықты ғимарат қиындығынан өткен кітапханалар жүйесі жаңа ғимаратқа көшкен соң, мүмкіндіктерге жол ашты. Руханият орталығында алғаш рет оқырмандардың компьютерлік технологиялармен ақпаратты іздеу арқылы қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында 15 орындықты электронды зал қолданысқа берілді.
Кітап оқуға тарту, дәстүрлі оқуды сақтауда оқырмандарға стимул ретінде түрлі шаралар ұйымдастырылуда», – дейді И.Назарова.
Жаңа ғимаратқа орналасқандарына көп болмаса да, бірнеше мазмұнды шара өткен.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты ашық кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға кеңінен насихатталған. «Келбеті келісті, келешегі кемел – Қазалы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылған. 15 мамыр – отбасы күніне орай «Өнегелі алтын той» атты алтын той иелерімен кездесу кеші өткізілген.
Халықаралық мұражайлар күніне орай «Көне тарихтың куәсіндей жәдігерлер» тақырыбында аудандық тарихи өлкетану музейіне экскурсия ұйымдастырылса, мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Мәдениет – рухани құндылықтар бастауы» атты мерекелік кеш, «Өнерім – өмірім» атты мүмкіндігі шектеулі жандармен шығармашылық кездесу өткізілген. Сондай-ақ Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесі бойынша талдау өткен.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
24 маусым 2025 ж. 137 0

Дөңгелек үстел өтті

24 маусым 2025 ж. 241

IQANAT-та топ жарды

24 маусым 2025 ж. 135

Бас жүлде – Қазалыда

24 маусым 2025 ж. 164

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30