Кітапхана – ғажайып әлем
Қоғамымыздың дамуы ақпараттың кең тарауымен, мәдениет мәйегін халыққа тереңдетіп түсіндіру мәселелерімен тиянақты түседі. Осындай маңызды істерге шамшырағы жарқыраған аралдай, оты өшпеген қара ошақтай, қараңғы түнде жарқыраған жарық сәуледей жол нұсқайтын – кітапхана.
Рухани тарихын, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын таңуда кітаптың берер көмегі ұшан теңіз. Ұстаздардың ұстазы Ыбырай Алтынсарин: «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар» деп алдағыны көрсеткендіктен болжаған. Мұндағы «шамы» тұңғиық терең білім, ғылым болса керек. Осынау білім деген шамның жарқырай түсуі үшін кітаптың, сол кітаптың жинақталар жері – кітапхананың қашанда тұғыры биік болуы тиіс.
Адам өмірінде небір түбірлі өзгерістер болуда. Заман ағысына орай оқырмандар Тәуелсіз Қазақстанның рухани қайта өрлеуіндегі ақпарат көздері болып саналады. Қазіргі кітапханалар ерте ме, кеш пе, әйтеуір тек қана қағаз түрінде ақпараттар қоймасы ғана емес, сонымен қатар электронды ақпараттар орталығына айналуда.
Кітапхана жұмысын жандандыру, заман талабына сай жаңа технологиялық озық үлгілер енгізуде. Кітапханалар қызметінің маңызды бір саласы – әркезде жарық көрген жақсы шығармаларды көпшілік арасында кеңінен насихаттап, олардың кейбір ерекшеліктеріне баса назар аударып отыру. Уақыт өткен сайын кітапхананың мән-мағынасы арта түсіп, оған оқырман қауымның қайта соғып отыруы да өмірдің заңды құбылысы. Кейінгі кезде қазақ халқының әр кезеңдгі қилы тарихына байланысты жазылып, көпшілік ортасына жол тартып жатқан шығармалар үнемі көңіл бөліп отыруды талап етеді. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізіп келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясының мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, рухани мұрамызды сақтау, әрі өнегелікке тәрбиелеу болып табылады. Акцияны өткізетін негізгі орталық кітапхана. Қазіргі таңда кітапханашылар әлемдік деңгейдегі рухани, мәдени, тарихи, ғылыми құндылықтардың ордасын құрайтын қасиетті мекеме.
Кітапхана ісі заман талабына қарай күрделеніп, әрбір қызмет аясында жаңа технологияларға негізделген белестердің орын алуы, кітапханашы мамандығын жаңа бет-бұрысқа қалыптастырып келеді. Ата – бабаларымыздың «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деп қапысыз айтқан сөзіндегі, қоғам алдында өз ісін шынайы сүйіспеншілікпен атқаратын кітапханашы мамандардан жаңа серпінді бастамалар күтеді. Рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана.
Кітапхана – сапалы білімнің сенімді кепілі. Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ауадай қажеттілігі, маңыздылығы ешқашан мәнін жойған емес. Адам баласы сол байлықтың көзін «кітап» деген құдіреттен тапты. Ғылым мен техника, жоғары технология дамыған 21 ғасырда да бәрінің бастау алар қайнар көзі – кітап. Әр кітап өзінше бір құпия. Қолға алып парақтай бастасаң, ғасырлар қойнауының тұңғиық тереңінен таңғажайып талай-талай сыр шертеді. Ол әрбір жеке тұлғаның ой-өрісін дамытып, рухани қазынасына айналады. Қазіргі қоғамымыздың қайнар көзі осы кітапханадан бастау алады. Осы қасиетті қазынамыз кітаптарды көзіміздің қарашығындай сақтайтын, оқырманды кітап мұхитына жетелейтін мәдени ошақтардың бірі кітапхана болып табылады. Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір. Оқырманның өскелең талабын қанағаттандыру, рухани байлығымен жалпы қабілетін дамыту және жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру міндеттерін іске асыруда кітапханалардың алатын орны ерекше. Теледидар, радио және интернет желілері бойынша сағат сайын берілетін толассыз жаңалықтар легін қанағат тұтқан жұртшылық кітап оқуды сиретіп бара жатқаны ащы шындық.
Дегенмен құндылықтың бастауы – кітап екендігі де белгілі. Шекспир «Кітап – маған тақтан да қымбат» деп кітаптың құдіретіне табынды. Бүгінгі жедел ақпарат тасқынының тасасында қалып жатқан «кітап әлемін» қайта жандандыру – кітапханашыларға жүктелген үлкен міндет. Қоғам өз кітапханашыларының орнын, мәнін әлі түсінбейді. Көпшілігі интернет қызметіне үйренген, олар электрондық тасығыштарды, соның ішінде компакдискілерді, сақтау және ақпараттық жеткізу құралдарын қолдана біледі және кітапханаға білім мен жаңа технология үндескен қазіргі заман талабына сай мәдени орталық ретінде қарайды. Бұдан жарты ғасыр бұрын дүние жүзінднгі кітапхананы тыныш, жайлы, кітап сөрелері мен каталог жәшіктері орналасқан және оқырман залында кітапқа үңілген оқырмандарға толы ғимарат есебінде көрсетті. Мұндай суретті қазір байқауға болады. Бірақ қазір кітапханаларда монитор алдында отырған компьютерлі оқырмандар залы пайда болды. Компьютер көмегімен олар электронды кітапханаларға шыға алады, электронды кітаптар оқиды, электронды беттерді парақтайды.
Интернеттің кез келген тұтынушысы кездестіретін проблемалардың бірі – ақпаратқа қол жеткізу проблемасы. Ақпарат көлемінің өте толықтығынан көрініс табады. Қазіргі уақытта интернет ресурстарын пайдалану кітапханаларды іріктеу және технологиялық процестерді негізінен өзгерту фактісінің бар екенін жоққа шығармайды.
20 ғасырдың соңында адамдар жаңа технологиялық тасқынның куәсі болды. Компьютер мен интернет, жаңа байланыс құралдары, қызмет көрсетудің жаңа түрлері, ғылыми жаңалықтар, осының бәрі оқушылардың ойына әсер етеді. Өмірде бар нәрсе өзгереді, тек кітапхана халық қажетіне жарап, ғасырлар бойы жасамақ. Осы құндылығымыз ешқашан жоғалмай келешек ұрпақ асыл қазынамыздан нәр алып, сусындай берсін.
Гүлнұр ӘЛИЕВА,
№190 орта мектеп кітапханашысы