Рухани азықтың азаймас қайнары
Адамзатқа рухани азық сыйлап, ғылым мен білімнің терең тұнығынан сусындатар мәдени орын – кітапхана. Ол кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір. Ал кітапхананың тіршілігіне дем беріп, ұлттық құндылық пен көкірек сарайы байлығымыздың арасын жалғастыратын дәнекер – кітапханашы. Осы ретте аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің еңбегі ерен.
Науша ЕМБЕРГЕНОВА, С.Сейфуллин атындағы № 165 орта мектеп кітапханашысы:
– Қазіргі қызметіме 24 жылымды арнадым. Қанша қиын болса да, қызығы жетіп артылатын мамандық деп есептеймін. Осы уақыт аралығында оқырмандармен қойын-қолтық жұмыс істей отырып, өзім көп тәжірибе жинақтадым. Таңдаған мамандығымды ерекше бағалап, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып өз үлесімді қостым деуге әбден болады. Жұмысқа алғаш орналасқанымда қиындықтар жолықты бірақ жігерленіп алға қарай ұмтылдым. Соның арқасында қанша іс-шаралар өткізіп, алғысқа бөлендік.
Кітапханашылар жылдар бойы халық қазынасы – кітаптарды қамқорлыққа алады. Кітапсыз әлемді және өзімізді танып, дамып, ғылым мен өнердің жаңа шыңдарына қол жеткізе алмайтынымыз айдан анық.
Кітапхана – күнделікті өмір іспеттес, әлемге және оқиғаларға апаратын білім есігі. Бұл ғылым жұмағы. Себебі көп оқыған, көп біледі. Мұнда біз сөз шеберлерімен де кездесеміз.
Кітапханашылар күні – қызметкерлердің ғана мерекесі емес, ол оқырмандардың да мейрамы деп қабылдаймын.
Айжан СӘНДІБЕК, №94 орта мектеп кітапханашысы:
– Бүгінде адамзаттың алдында тұрған басты мақсаттың бірі – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Ал жас буын білімді қайдан алады? Әрине кітаптан. Өйткені тәрбие мен білім егіз ұғым десек, негізгі мәдени орын – кітапхана саналады. Мұндағылар жас өреннің жан-жақты білім алуымен қатар, патриоттық рухта тәрбиеленуіне, ғылыми, мәдени дәрежесінің дамуына әсер етеді. Басты міндет – кітаптарды насихаттаудың түрлі әдістерін ұйымдастыру арқылы оқырмандардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру болып табылады. Жастарды құнды қазына әдеби туындылармен және жаңа ақпаратпен қаруландырып, Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуына кітапхана қызметкерлері аянбай үлес қосуда. Ешқашан маңызы жоғалмайтын кітапты насихаттау, кейінгі ұрпаққа аманатын жеткізуші кітапханашылардың қазіргі атқарып жатқан еңбектері зор. Мектеп қабырғасында жүргенімде-ақ әдеби шығармаларға қызығушылығым басым болды. Осы салада жүргеніме тура 29 жыл. Қарап отырсам бір адамның ғұмыры. Өз мамандығымды дұрыс таптым деп айта аламын. Заман талабына сай кітапхана ісі күннен-күнге өзгеруде. Соған сәйкес атқаратын жұмыс та, жауапкершілік те артқан. Білім нәрімен сусындап жатқан бүлдіршін мен жасөспірімдердің сабақ барысын игеру жолында ерінбей ізденуі, кітапқа деген қызығушылығының артуы бізді қуантады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының «Құрмет грамотасын», ауыл әкімінің Алғыс хатымен, бірнеше рет аудандық білім бөлімінің Алғыс хатын, облыстық кәсіподақтың Құрмет грамотасын, аудандық кәсіподақтың Алғыс хаты, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының Алғыс хатын, Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының Алғыс хатын, «PIaton» халықаралық білім дамыту орталығының дипломын, тағы басқа марапат алдым. Осы жетістіктер еңбегімнің нәтижесі деп білемін.
Жұмагүл ЖҰБАНИЯЗ, М.Горький атындағы №16 мектеп лицейдің кітапханашысы:
– Өткен заман өрнектеріндей тарихты, әдебиетті, басқа да ғылым кереметтерін кітапханадан табамыз. Біздер кітаптың маңыздылығын көтерумен бірге елде болып жатқан әрбір оқиғаның насихатшысы екенімізді көрсетуге тырысамыз. Кітапханашылық қызметті атқарғаныма 40 жылға жуықтады. Бала кезден кітапты көп оқығандықтан осы мамандықты таңдадым. Жұмыс барысында балаларды кітаппен достасуға баулып, баспасөз науқаны кезінде оқушыларды газетке жазылуға тартамыз. Кезінде республикалық және орыс тілді газет-журналдарға жазылатынбыз. Қазір көпшілік облыстық, аудандық басылымдарды өздері іздеп жүріп алдырады. Соның бірі – аудандық “Қазалы” газетінің жетістігі мол басылым. Оқырмандар бұл үнпарақтан қажетті ақпараттар алады. Бір қарағанда кітапханашының жұмысы жеңіл, қарапайым көрінеді. Жасыратыны жоқ, санамызда «кітапханашылықта жүргендердің ісі таза, тыныш» деген пікір қалыптасқан. Алайда бір күндік жұмыс барысыммен таныса қалсаңыз бұл ойдан үзілді-кесілді бас тартасыз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА