ҰШҚЫР ДОП ШЕБЕРІ

Елде волейбол спорттық ойыны ХХ ғасырдың 60-70 жылдары жақсы қарқынмен дамып, қол добы ойынының алтын кезеңнің бірі болған. 1929 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Алматы мен Фрунзе (Қырғыз КСР) қалаларының командалары арасында волейболдан кездесу өтіп, тарихта алтын әріппен таңбаланып қалды. Үлкен жетістіктердің әсері Қызылорда облысындағы волейбол әлеміне де серпін беріп, Сыр өңірі спортшыларының шыққан биігі аз болмады. Қош. Жалпы волейбол – ағылшын тілінен аударғанда «тор үстіндегі доп» дегенді білдіреді. Сондықтан оны «тордоп» деп қазақшалап қолданған кездеріміз де болған екен. Ағылшындар алғаш рет қол добы деп ойлап шығарған бұл спорт түрі бүгінде кеңінен таралып, Олимпиада, Еуропа, Азия чемпионаттары, халықаралық жарыстармен қатар әр елде ішкі чемпионаттар дәстүрлі түрді өткізіліп келеді.
Әрбір аудан, ауыл-аймақ, елді мекеннен топ жарған жастар өңіріміздің мерейін асырып жүр. Ай сайын ақжолтай хабардың, жерлестер жеңісінің куәсі болып жүрміз. Ал аудан мерейін асырып, ептілігімен көзге түсіп жүрген спортшыларды дайындайтын жаттықтырушылары бар. Олар шәкірттеріне тек тәжірибесі мен жөн сілтеп қана қоймайды. Олар спортшыларды ептілікке, шалттыққа, волейболдың қыр-сырына қанықтырып шыңдайды. Сондай жаттықтырушылардың бірі – Айдын Оразбаев.
Ол 1993 жылы Қарашеңгел округінде дүние дидарын ашқан. Жалаңтөс батыр ауылындағы Қашақбай Пірімов атындағы №103 мектепте 2000-2011 жылдар аралығында білім алады. 2011-2015 жылдары Қорқыт Ата атындағы Кызылорда университетінде Аграрлық техника және технология мамандығы бойынша білімін шыңдайды. Одан соң 2015-2017 жылдары Академик Ә.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетін дене шынықтыру жане спорт мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ал 2016 жылдан бастап Қазалы ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің Қазалы спорт клубы КММ-де волейболдан жаттықтырушы болып қызмет етіп келеді.
– Волейболдан Өзбекстан Республикасында Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған бәсекеде аудан командасы ІІІ орынды қанжығасына байлады. Тараз қаласында өткен сайыста І орынды иеленді. Бұған дейін де бірнеше жетістікке қол жеткізіп, аудан мерейін тасытқан шәкірттерімнің волейбол спортына ден қойып, қызығушылықпен ойнап, жаттығып жүргеніне қуанамын. Олар аймақта, республикада шет елдерде өткен чемпионаттарда жеңісті оралып жүр. Иә, волейбол – ең қарапайым, өрнекті ойын. Көп шығынды да қажет етпейтіні бар. Сондықтан, оның бұқаралығын арттыруға мүмкіндік көп. Бастысы, ынта керек. Жас та болса ойын алаңында от болып лапылдап жүрген шәкірттерімнің жеңісімен мақтанамын. Ауданда волейбол ойынына қатты қызығатын жасөспірім жастар қаулап өсіп келеді. Бұл біздегі волейбол спортының дамып келе жатқанының айғағы емес пе? – дейді жаттықтырушы Айдын Серікұлы.
Айнұр ӘЛИ