Қарт ата-анасын асырағысы келмегендер алимент төлеуге міндеттеле ме?
Қолданыстағы заң бойынша Үкімет бұл мәселеде ешкімді мәжбүрлей алмайды.
Фото: pixabay

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев ата-анасын қараусыз қалдырып, қарттар үйіне өткізетін балалардан алимент өндіріп алуды міндеттеуге қатысты депутаттардың сауалына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осыдан бір ай бұрын Мәжіліс депутаттары ата-анасын қарттар үйіне тапсырғандардың жалақысынан 50 пайыз ұстауды ұсынды. Олар қарттар үйіндегілердің 90 пайызы қазақтар екенін айтып, мәселе көтерді.
Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, "Неке, ерлі-зайыптылық және отбасы туралы" кодексіне сәйкес, еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж ата-аналарын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндеттеледі.
"Қамқорлық жасалмаған жағдайда балаларынан сот тәртібі арқылы алимент өндіріп алуға құқылы. Бұл ретте, алимент өндіріп алу құқығы жеке тұлғаның қарт адамның жеке шешіміне байланысты жүзеге асырылады", - делінген жауапта.
Депутаттар 70 жастан асқандардың жылжымайтын мүлкін басқа адамның атына рәсімдеуге тыйым салуды да ұсынды.
Ермек Көшербаев соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайтынын еске салды. Себебі Азаматтық кодекс бойынша меншiк иесiнiң өз мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы бар. Алайда баспананы басқа біреудің атына рәсімдеуге тыйым сала алмаймыз деп отыр.
"Жылжымайтын мүлкін басқа адамдардың атына рәсімдеуге шектеу қою азаматтық құқықтың негізін бұзатының Әділет министрлігі айтып отыр. Себебі, ол өз қалауымен өзінің мүлкін сатуға, алмастыруға, сыйға тартуға тағы да басқа әрекеттер жасауға кедергі болады", - деді вице-премьер.